Қылмыскерлер бас сауғалайтын жер қалмайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4032

Қазақстан мен Сауд Арабиясы корольдігі арасындағы "Ұстап беру туралы келісім" мен "Сотталған адамдарды беру туралы келісім" ратификацияланды. 

Қылмыскерлер бас сауғалайтын жер қалмайды

Парламент мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Сауд Арабиясы корольдігі арасындағы "Ұстап беру туралы келісімді" және "Сотталған адамдарды беру туралы келісімді" ратификациялады.

Халықаралық құжаттарды қалаулыларға таныстырған бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин дәл осы сияқты жобалар біз ұмтылып отырған озық дамыған елдермен және туристік тартымды мемлекеттердің барлығымен бекітіліп жатқанын жария етті. Осылайша қазақстандық қылмыскерлерге жер жүзінде бас сауғалап, қашып тығылар мемлекет қалмауы ықтимал.

"Дәл осындай құжаттар бұған дейін көптеген мемлекеттермен арада бекітілді. Алда қалған мемлекеттермен бекітіп шығу жоспарлануда. Сыртқы істер министрлігінде ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр, ол халықаралық келісімдерді бекіту жоспарын түзеді. Бірінші кезекте, біз дамыған елдер кіретін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мүшелерімен, еуропалық мемлекеттермен және туризм саласы дамыған елдермен осындай келісім жасаудамыз. Себебі бүкіл әлемде дәл осы елдерге қазақстандықтар көп барады. Сондай-ақ бұл жерде шет мемлекеттердегі салық салу жеңілдіктеріне қатысты тәжірибе де назарға алынады", – деді Андрей Лукин.

Яғни осы арқылы офшорлық аймақтар да қарастырылуда.

Құзырлы орган басшысының орынбасары алда Бразилиямен, Грекиямен, Кипрмен, Македониямен, Малайзиямен, Иорданиямен, Португалиямен және басқа елдермен арада қылмыскерлерді ұстап беру және елге қайтару бойынша құжаттарға қол қойылады деп күтіліп отырғанын хабарлады. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде екен.

Жалпы алғанда, әлемдегі барлық елдермен рәсімделетін осы тұрғыдағы құжаттар "үлгілі-типті" болып келеді, тиісінше, мәтіндері де бірін-бірі қайталай береді. Тек қылмыскерлерді қайтаратын мемлекеттің атауы ғана өзгешеленеді. Бүкіл посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында осы саланы Минскі және Кишинев көпжақты конвенциялары реттейтін көрінеді.

Ал Сауд Арабиясымен арадағы ұқсас келісімдер парламенттік ратификациялаудан өтіп, оған елбасы қолын қойған соң, күшіне енеді. Ол бойынша Қазақстан саудиялықтарға және олар қазақтарға қандай да бір қашқын қылмыскерді құрықтап, кері қайтаруды сұрай алады.

Дегенмен келісімге қатысты тиісті заң жобасында ол азаматты еліне аттандырудан бас тартудың шарттары да көзделген. Егер тұлға әскери немесе саяси сипаттағы қылмыстары бойынша сұралса, қылмыстық жауапқа тарту мерзімдері өтіп кетсе, ол сұрау мемлекеттің конституциясына қайшы келсе, егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке не басқа да мүдделерге нұқсан келтірсе, сонымен бірге тұлға нәсілі, ұлты, діні, жынысы, әлеуметтік мәртебесі немесе саяси көзқарастары үшін қудаланса, бұл беруден бас тартуға негіз болады.

"Қазіргі кезде Сауд Арабиясы аумағында қазақстандық әділ соттан жасырынып жүрген тұлғалар жоқ. Сондай-ақ олар тарапынан іздеу салынған тұлғалар да Қазақстан жерінде анықталмады. Бірақ бұл келісім алдын алу сипатында болып келеді. Егер болашақта қандай да бір қылмыскер ол елге қашса, бұл құжат қылмыспен күрес саласындағы екі елдің тиімді ынтымақтастығы үшін жақсы құқықтық тұғырды түзеді", – деп түйді бас прокурордың орынбасары.

Айта кету керек, 2016 жылдың желтоқсанында Сауд Арабиясы Қазақстанға тарихта алғаш рет қылмысқа күдіктіні ұстап берді. Оның алдында еліміздің бас прокуратурасы бюджеттік қаражаттарды ірі көлемде жымқырды деп айыпталған азаматтың сол елде тығылып жүргенін анықтаған көрінеді.

Дәл сол кезде, былтырғы қазан айының соңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына ресми сапары аясында сотталған тұлғаларды беру туралы екіжақты келісімдерге қол қойылған болатын. Ол әлі күшіне енбесе де, саудиялықтар Қазақстанның сұранысын қанағаттандырды.

Нәтижесінде қазақстандық үкіметке қарасты "Ұлттық инновациялық қордан" шамамен 200 млн теңге бюджеттік қаржыны ұрлаған, сондай-ақ "НұрБанкке" 240 млн теңге және жеке кәсіпкерге 150 млн-нан астам теңгеге материалдық шығын келтірген бір ЖШС басқарма төрағасы (оның аты-жөнін құзырлы орган жария етпеді) Қазақстанға кісендеулі күйде қайтарылды. Ол күдікті елордадағы тергеу оқшаулағышында отырған көрінеді. 

Мәжілістің жалпы отырысы барысында депутаттар бас прокуратура өкілдеріне өздерін қызықтырған біраз сұрақ қойды. Мәселен депутат Бақытжан Әбдірайым зайырлы емес, діни мемлекеттерде қылмыстық қудалау шариғат заңдарына бағынатынын еске салды.

"Осыған байланысты кереғар жағдай қалыптасуы мүмкін. Мысалы Сауд Арабиясында Қазақстанның қылмыстық кодексінде жаза қарастырылмаған қылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік бекітіледі. Соның бірі – ойнас жасау, зинақорлық. Тағы бір мысал: Сауд Арабиясында адам өлтіру үшін құн төлеу немесе өтемақы жасау қарастырылған. Бұл да Қазақстанда жоқ", – деді депутат.

Бас прокурордың орынбасары бұл мәселелердің қиындығы да барлығын жасырмады: "Осы келісімді бекітуге дайындық кезінде біздің ведомство бұл мәселелерді де қарастырды, олар оңай емес. Келісім бойынша екі елдің де заңнамасы құқыққа қайшы әрекетті "қылмыс" деп танитын жағдайларда ғана қылмыскер ұсталып, қайтарылуға жатады. Ойнастық туралы Қазақстанның қылмыстық кодексінде бап жоқ. Яғни осы бойынша айыпталғандарды беру жүзеге асырылмайды!" – деді Андрей Лукин.

Бұл мәселені басқа да қалаулылар көтерді.

Осыған байланысты мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өз пікірін білдіре кетті: "Олай болса, шетелге шығатын азаматтар тек туристік бағыттарды ғана мұқият зерделеумен шектелмеуге тиісті. Олардың шариғат заңдарын да білгені жөн. Сонда оларды сол елдерде бұзбауына мүмкіндігі болады", – деді спикер.

Парламент палатасы жиынында депутаттық корпус елді алаңдатқан басқа да мәселелерді көтерді. Мәселен депутат Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, шенеуніктер шағымданушы азаматтарды сергелдеңге салудан рекорд жаңартуда екен. Сондықтан ол үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен бас прокурор Жақып Асановқа ресми хат жолдады.

"Жергілікті жерлерде арыз-мұңын тыңдар құлақ таппаған халық өздерінің тұрмыстық проблемаларымен министрліктер мен ведомстволар басшыларының, парламентшілердің, премьер-министр кеңсесінің, тіпті мемлекет басшысының пошталарын толтырып тастайды. Шағымданушылардың халықаралық ұйымдарға жүгінуі де біздің елімізге абырой әкелмейді. Шенеуніктер жұртшылықты хат жазудан үнемі жаттығуға мәжбүрлейді. Мысалы Андрей Краснянский мәжіліс депутаттарына осымен 153-ші рет жүгініп отыр.  Әртүрлі орган шенеуніктері мәселені шешу орнына арыз авторларына қарсы қоғамдық пікір туғызып, оларды өсекші, сөз тасушы, тіпті психикалық сау емес адамдар ретінде көрсетуге тырысады", – дейді Тұрғын Сыздықов. Сондықтан депутаттар үкімет басшысынан азаматтардың осы сергелдеңіне тоқтау салар шара қабылдауды сұрайды.

Ал депутат Магеррам Магеррамов денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты бір күн бойы қымбат көлікпен емес, мүгедектер арбасымен жүріп көруге шақырды.

"Мүгедектер арбаларының мәселесі салмақты проблемаға айналып отыр. Министр мырза, егер сіз ең құрығанда, бір күн өз көлігіңізден түсіп, мүгедектер арбасына отырсаңыз және онымен қалаларда қоғамдық көліктермен жүріп, тұрғын үйлердегі пандустармен көтеріліп, сондай-ақ мекемелер ішінде қозғалып көрсеңіз, туындаған проблеманы тереңірек сезіне түсер едіңіз", – деді қалаулы.

Бақыт Көмекбайұлы    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу