Қытайдың "100 күндік тазалау" атты жаңа науқанына қарсы белсенділер Нұр-Сұлтан қаласындағы "Журналистер үйінде" баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға көрші елде туысы қалған Қазақстан азаматтары, Қытай лагерлерінде тұтқында болған қандастар жиналыпты. Олардың атынан саясаткер Серік Ерғали, журналист Қуандық Шамахайұлы, тарихшы Жұмамұрат Кеңесұлы, заңгер Ләззат Ахат және "Атажұрт" еріктілері сөз сөйледі.
Ет жақынына араша сұрап шарқ ұрған қауымның аузынан нақты дерек пен жүйелі мәлімет алу оңай болмады. Айтуларына қарағанда, кейінгі бір айда Қытайдағы қазақтарды қудалаудың жаңа толқыны басталған. Бұл туралы бізге Қытайдан 20 жыл бұрын қоныс аударған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Гүлісхан Домалайқызы айтып берді.
"4 қараша күні Қытай сайттарына "Қара қол сипатты өкілдерді ұстау" деген ұранмен жаңа ақпарат шықты. Олар кімдер деп ізденген болатынбыз. 20-45 жас аралығындағы ер азаматтарды осы санатқа жатқызып, ұстап жатыр екен. Бұл тізімге үйінің құжаты дұрыс рәсімделмегендер, бір басына бірден артық жылжымайтын мүлік тіркелгендер, бала кезінде ханзу ұлтының өкілімен тәжікелескені үшін құқық қорғау органдарына шақырылғандар, қыл аяғы ат спортымен айналысқандар да еніп жатыр. Бір ауылдан 20-30 адам осындай тізіммен қамалып жатыр. Сонда Қытайдағы қазақ ауылдарында бас көтерер еркек кіндікті қалмай жатыр", – деген белсенді саяси қысымға шыдамай өзіне қол жұмсаған зиялы қауым өкілдері көп екенін айтады.
"Бүгін осында келген БАҚ өкілдері арқылы әлем халқы мен Қазақстан жұртшылығының назарын екі мәселеге аударғымыз келеді. Оның бірі – Қытайдың қыспағында қалған қазақ зиялыларына іздеу салу. Екіншісі – ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп қамалып жатқан ер азаматтарға араша сұрау. Қытай қысымына шыдамай өзіне қол жұмсаған қазақ жастарының тізімін де тұрақтандырамыз. Ол үшін әлеуметтік желі арқылы, қоғамдық ұйым өкілдері арқылы деректерді топтастырып жатырмыз. 2018 жылы Ұшқын Шайсолтан деген журналист өзіне қол жұмсап өлді. 2017 жылы Айымхан Әділханқызы деген ақын құрбымыз да солай көз жұмған. Аймақтық мәдениет мекемесінің бастығы болып істейтін. Бұлардан басқа да қудалауға түскендер өте көп", – дейді ол.
Шара кезінде Қытайдың қамау лагерінен Қазақстандағы туыстарының араша түсуімен босатылған Мұратхан Айдарханұлы атты қандасымыз жұбайымен бірге саяси үйрену лагерінде көрген азаптары туралы деректер айтты. Оның қамалуына 2005 жылы Қазақстандағы балаларына сапарлап қайтуы себепкер болған екен. Іле қазақ автономды районына қарасты Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданындағы Қарабура қалашығында тұрған ерлі-зайыптылар қазір Қазақстан азаматтығына құжат жинап жүрген көрінеді.
Баспасөз мәслихатында Қытайдан қашып, Қазақстан шекарасын бұзып кірген Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының адвокаты Ләззат Ахат сөз алып, қорғауындағы азаматтарға Қазақстан тарапынан "Пана іздеуші" деген аралық статус берілгенін айтты.
"Бұл статус 3 айға берілді. Үш рет мерзімін созуға болады екен. Менің қорғауымдағы жігіттердің шекара бұзуына да қысым себеп болған. Екеуі де саяси лагерьге шақырту алған. Тіпті Мұрагерге бүйрегі мен көзін орган ретінде алатыны айтылған. Сондағы қазақ жастары тірідей сойылып, органға кетіп жатыр деген ақпарат жүр. Қазір Қытай медицинасы адам органын саудалауда бірінші орында тұр. Әлемдік баспасөз соның саяси лагерьге түскен аз ұлттардың органдары екенін жазып жатыр. Қытайдың саяси лагерлері туралы ақпаратты екінші бір елге келіп жария еткені үшін оларды Қытайда өлім жазасы күтіп тұр", – деген заңгер саяси үйрену лагеріндегі жыныстық зорлық деректері туралы ақпарат айтты.
"Саяси лагерьде аз ұлттармен бірге қазақтардың көріп жатқан қорлығын естісеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жап-жас өрімдей қазақ қыздарын 200-300 адамның көз алдында кезекпен зорлайтын көрінеді. Лагерьлерде әйел адамға қарсы жасалатын жыныстық зорлық өте кеп екенін айтады. Ұлы сөзде ұят жоқ дейді. Лагерьде денсаулығынан айырылып, кемтар болып жатқандар көп екен. Тіпті жатыры жыртылған қыздар бар көрінеді. Екі елдің арасындағы экономикалық жағдайға біздің ешқандай дауымыз жоқ. Ол жағында шаруамыз жоқ. 21 ғасырда адам құқығын осынша таптау ешқандай нормаға сыймайды. Сондықтан бүкіл Қазақстан халқынан осы іске үн қосып, шетелде шырылдап жатқан қандастарымызды қолдауға шақырамын", – деді заңгер.
Жиынның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін туысын жоқтаушы азаматтар камера алдына қамаудағы туыстарының суретімен шығып, ресми органдарға өз шағымдарын жеткізіп, Қытайдан қашып келген қандастарды қайтарып беруге қарсы екендерін мәлімдеді.
"Бүгінгі жиынға 15-тен астам адам куәгер ретінде келіп отыр. Олардың бәрі – Қытайдан қоныс аударған Қазақстан азаматтары. Арасында саяси үйрену лагерінен шыққандар да бар. Бәрінің мақсаты бір – қамауда жатқан жақындарына халықаралық ұйымдар мен Қазақстанның мемлекеттік органдарынан араша сұрау. Әрқайсының қолында кемінде үш адамның құжаттары мен деректері бар. Кейбірі тіпті 11 адамға іздеу сала келген. Баспасөз мәслихатынан шыққаннан кейін олардың қолындағы әрбір құжат бойынша нақты арыз-шағымдар жазылады. Ол құжаттарды халықаралық ұйымдар мен Қазақстанның ресми органдарына жолдаймыз. "Қара қол" деп сотталып жатқандардың ішінде ағамның 2 ұлы бар. Қамауға алынған ағасын жоқтап барған үшін інісі де ұсталыпты. Оларды жібергенді қойып, ағамды күнде тергеуге тартуда", – дейді Гүлісхан Домалайқызы.
Есімжан Нақтыбайұлы