Лицензиялы 60 мың компанияның тек 10 мыңы ғана құрылыспен айналысады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2924

Үкіметтің қазынашылары мен құрылыс компаниялары ірі жобалардың миллиардтары үшін таласуда.

Лицензиялы 60 мың компанияның тек 10 мыңы ғана құрылыспен айналысады Фото: bazis.kz

Түсіндіре кетсек, 2019 жыл басталғалы, құны 2 миллиард теңгеден асатын ірі құрылыс нысандарына бюджеттен бөлінетін қаражатты "қазынашылық сүйемелдеу" (ҚС) бойынша талаптар күшіне енді. Саладағы кәсіпкерлердің айтуынша, бұл ҚС бизнес үшін салмақты кедергіге айналуда және құрылыс компанияларына мемлекеттік тендерлерде жеңіп алған ақшасын алу үшін бар күшін осы тосқауылдарды еңсеруге жұмсауға тура келуде.

Мәселен, қаржы министрлігі бұған дейін тек бас мердігер мен нысанды салуға қатысатын қосалқы мердігерлердің ғана адал-адал еместігі тексерілетінін хабарлаған екен. Алайда қолына билік тигесін, қадағалаушылар құлаштарын кеңге сермегенге ұқсайды. Атап айтқанда, министрлік өкілдері енді барлық контрагенттерді, соның ішінде тіпті құрылыс алаңында азғантай ғана жұмыс көлемдерін орындауға тартылған кәсіпорындарды тексеріп жатыр. Ал бір ірі нысанда мұндай ұсақ контрагенттердің саны бірнеше жүзге дейін баратыны мәлім. 

Құрылыс компаниялары мұндай әрекеттердің еш негізсіз екенін айтып, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданды. Әйтпесе, басы артық тексеруге ілікпеу үшін кейбір кәсіпкерлер құны қымбат нысандарды жабдықтаудан не оларға қандай да бір қызмет көрсетуден бас тартатынды шығарған. 

"Мысалы, мемлекеттік кірістер комитетіне өнім шығарушы зауытты тексерудің не үшін қажет болғанын біз түсінбейміз! Бүгінде барлық тауарлар электронды шот-фактуралар бойынша сатылады. Тиісінше, бұл орган сол арқылы компанияның қандай салық төлейтінін, жылына қанша табыс табатынын және басқа да ақпараттарды өзінде-ақ көреді. Ендеше бір нысанға бола бизнеске көп сатылы тексеріс енгізу не үшін жасалуда? Қаржыны игеретін мердігерлерді тексерсін, қарсылығымыз жоқ. Ал барлық контрагенттерді мазалауы жөнсіз. Өйткені тендерлерге қатысқысы келетін компаниялар қатары елеулі түрде азаюда", – деп алаңдайды "Базис-А" корпорациясының вице-президенті Наталья Скорикова.

Елордалық құрылыс компаниясы "Asti" ЖШС басшысы Болат Әшімовтың айтуынша, ҚС салдарынан қажетті жеткізушілердің қатары қатты шектеліп қалуда. Ол мемлекеттік маңызды жобаларды жүзеге асыру мерзімдерінің сақталмау қаупі барлығын да жасырмайды.   

"Бұрын бір жыл ішінде салып шығатын нысандарды қазір біз екінші жыл қатарынан аяқтай алмаудамыз. Себебі, қазынашылық сүйемелдеу қол байлауда. Төлемдерді өткізудің ұзаққа созылуы нәтижесінде бізге қаржылардың жетуі де созбалаңға салынып кетті", – дейді ол. 

Бизнесмендердің дабыл қақпасқа амалы жоқ. "Тәбет ас үстінде келеді" дегендей, меморгандар бұл жүйеге қатысушылар ауқымын кеңейтіп, қазынашылық сүйемелдеуді алда құны 500 миллион теңгеден асатын нысандарға да таратуға ниетті.

Биыл енген бұл тәжірибе бас қаланың ғана емес, жаңа ғана облыс атанып, қарқынды дамуға көшкен Түркістан жақтағы кәсіпкерлердің де бас ауруына айналып жатқаны анықталды. Түркістан облысы аумағында былтырдан бері құрылысы белсенді жүргізіліп жатқан 40-тан астам ірі инвестициялық жоба енді қазынашылық сүйемелдеуге тап болыпты. Жергілікті бизнесмендердің дабылына облыстық әкімдік те үн қосып, қуаттап, олар айтқан проблемалар шынында нысандарды іске қосу мерзімдерінің бұзылуына соқтыруы мүмкіндігін жеткізді.     

Түркістан облысында тұрғызылып жатқан жаңа құрылыстардың басымдылығын ескере отырып, "Атамекен" палатасы қаржы министрлігіне дәл осы өңірдегі нысандарды ҚС аясынан шығарып тастау туралы ұсыныспен шыққан. "Түркі әлемі бесігінің" жаңаша өркендеуін ел басшылығының өзі қадағалап отырғандықтан, Үкімет түркістандық бизнесмендерге "жеңілдік" жасаудан кет-әрі де емес.

"Рас, мұндай ұсыныс түсті. Қазір ол Үкімет деңгейіне шығарылып, бұл мәселе сонда талқылануда. Жалпы, бәрі болмағанымен, стратегиялық маңыздылығы бар жекелеген нысандар қазынашылық сүйемелдеуден босатылуы ықтимал", – дейді осы мәселеге түсініктеме берген қазынашылық комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айгүл Байгужина.

Мемлекетті де түсінуге болады. Бюджеттен ірі ғимараттар – мектептер, ауруханалар, орталықтар және басқаларын салуға миллиардтар бөлінеді. Бірақ олар уақытында ел игілігіне тапсырылмайды. Ал берілген қаржының сайда саны, құмда ізі қалмайды.

"Айтылған сын-ескертпелер бойынша біраз іс тындырылды, проблемалардың бір бөлігі шешілді. Біз кәсіпкерлермен ары қарай да тізе қоса жұмыс жасап, құрылыстың сапасын арттыру және шығыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Мұндай бақылау еріккеннен енгізілген жоқ, құрылыс сапасы зардап шеге бастады. Ақша бөлінеді, бірақ үш жыл өтсе де, нысан іске қосылмайды. Қалған ақша құнсызданады. Осы мәселелерге бола қазынашылық сүйемелдеуді ендіруге деген қажеттілік туындады", – дейді Айгүл Байгужина.

Қаржы министрлігі ҚС-тың не себепті енгізілетінін Үкіметте 2017 жылы түсіндірген болатын. Біріншіден, құрылыс шығыстарының сметасын негізсіз қымбаттату, іске қосу мерзімдерін бұзу, құрылыс сапасының төмендеуі белең алған. Екіншіден, бюджеттік заңнама мен "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңын бұзушылықтардың үлкен үлесі құрылыс саласына тиесілі. Салада жалған кәсіпорындардың қатары көбейіп, солар арқылы бюджеттік миллиардтарды талан-тараж ету жолға қойылған. Мәселен, 2016 жылы Қазақстанда тіркелген 1 мың 792 жалған кәсіпорынның 28,6 пайызы немесе 514-і құрылыс саласында құрылыпты.

Басқа проблемалар сыртында құрылыс секторындағы компаниялардың құжаттаманы сапасыз жүргізетіні, құжаттардың толық емес пакетін ұсынатыны, салықты аз төлейтіні, сондай-ақ заңсыз жұмыс күшін тартатыны аталды.

Сондықтан Үкімет мемлекеттік тендерді игеретін құрылыс компанияларының қаражатты шығындауын қаржы министрлігі арқылы бақылауға көшуге мәжбүр болыпты. Нәтижесінде, мердігер кәсіпкерлер бүгінде қазынашылық органдарында арнайы есепшот ашып, құрылыс жұмыстарына қатысты барлық төлемдерін тек сол шот арқылы жүзеге асыруға міндеттелуде.

Бастапқыда, 2017 жылдан бастап, бұл тетік Қазақстанның үш өңірінде – елордада, Ақмола және Қарағанды облыстарында пилоттық режимде сыналған болатын. Сынақ барысында-ақ саладағы бизнесмендер қаптаған түйткілдерге кезігіпті. Мәселен, аванстық төлем жасау бөгелген, электронды шот-фактуралар негізінде ақша аудару қиындаған, қазынашылық және мемкірістер органдарының жеткізушілерді адал-адал емес деп бағалау өлшемдері дау туғызған. "Пилоттағы" түйткілдерге қарамастан, бұл тетік биылдан бастап, бүкіл Қазақстан бойынша ендірілді.  

Осыған орай "Базис-А" секілді бірқатар компаниялар барлық түйіндер тарқатылғанша, ҚС-ты жаппай ендіруді уақытша тоқтата тұруды ұсынған. Алайда өкілетті орган тетікті қолданысқа енгізіп қойғанын және одан бас тарту туралы тіпті сөз де болмайтынын үзілді-кесілді жеткізді.

ҚС-тің енгізілуіне осы салада адал емес компаниялардың көбеюі де түрткі болған. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанованың байламынша, осы нарықта 60 мыңнан астам компания бар.

"Мемлекеттік реестрде тұрған бұл компаниялардың не істеп жүргенін ешкім білмейді. Тізім қалыптастырылған күннен бері тазартылмаған. Бірақ нақты құрылыспен айналысатыны 10 мыңдай ғана екенін, одан аспайтынын бәріміз түсінеміз. Демек, бұл жалпы мемлекеттік мәселе. Оны тек қазынашылық комитет жалғыз шешпеуге тиіс. Бұған өзге органдар да мән беруі керек. Бізде лицензия беруден кейінгі бақылау арқылы осы компаниялар қатарын реттеу мүмкіндігіміз бар", – дейді Ләззат Рамазанова.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу