"Шетелдік инвесторларды салықтан босату – үлкен қателік"

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
5678

Олар Қазақстанның мүддесін емес, қалталарының қамын ойлайды.  

"Шетелдік инвесторларды салықтан босату – үлкен қателік"

Белгілі экономист Мағбат Спанов Abctv.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

Биыл мұнай мен газ бағасы тағы да қымбаттайды деген болжам болған еді.  Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

Әдеттегі жағдай ғой, бірақ қатты қымбаттамау керек. Газдың бағасы маусымдық кезеңге байланысты құбылады. Баға Ресей мен Украина арасындағы газ дауына байланысты да өрбуі мүмкін. Еуропа да қымбат газ тұтынуға мәжбүр болуы мүмкін. Бүгінгі таңда мұнай мен газдың әлемдік бағасын Қытай белгілеп отыр. Қысқасы, дүниежүзі Қытайдың сұранысына қарай мойын бұрады. Былтыр Қытай елі мүдде тұрғысынан саяси мәселелерді қатаңдатып, қаржылық жағдайын жақсартуға бет бұрды. Сондықтан қазір оларға қаржылық әлеуетіне күш салмаса, мұнай мен газдың бағасы аумалы-төкпелі болуы мүмкін. Оларға бұл қажет емес. Себебі Қытайдың өзі мұнай мен газдың негізгі тұтынушысы. Қытай экономикасы әлем бойынша бірінші орынға шыққан. 2016 жылы ЖІӨ бойынша АҚШ-ты алғаш рет басып озды. Бұл тенденция әлі жалғасын табады.  

Қазақстан мұнай шикізатын сату саясатын дұрыс үйлестіріп отыр ма?  

– Шын мәнінде, мұнайды кімге сатсақ та бәрібір. Бірақ бір ғана тұтынушыға тәуелді болып қалмас үшін тепе-теңдікті сақтау керек. Міндетті түрде диверсификация жасау қажет. Әзірге жағдай осы. Мәселен "Қашаған" кен орны өндірген мұнай Қытайға емес, Еуропа елдеріне жол тартады. Ал газды Қытайға онсыз да аз көлемде сатамыз.

Елімізде 2020 жылға дейін елдімекендерді газдандыруға байланысты арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл туралы не дейсіз?

Бір нәрсе анық, біз бұл мәселеде кешігіп қалдық. Негізі газдандыру жұмысын 2000 жылдардың басында қолға алу керек еді. Әншейінде "Қазақстан газ қорына бай мемлекет" дегенді айтудан жалықпаймыз. Соған қарамастан еліміздің шалғайдағы елдімекендері тұрмақ, қалаларын газбен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Себебін  айтуға шебер болсақ та, іске келгенде олақтық танытамыз. Меніңше, газдандыру жұмысы қымбатқа түссе де, жүре береді. Ең күрделі мәселе Қазақстанның батысынан еліміздің басқа өңірлеріне газ тарту. Ертеректе еліміз газды Өзбекстаннан импорттады. Қазір батыс өңірден Қытайға тартылған мұнай мен газ құбыры арқылы Оңтүстік Қазақстанды қамтамасыз етіп отырмыз. Ендігі басты міндет – Солтүстік, Орталық Қазақстан өңірлерін газбен қамту.

– Қалай ойлайсыз, қымбатшылық халықты қыспаққа алып жатқан жоқ па?

Бұл макроэкономикалық мәселе. Қазақстан аяғынан тұрғызған экономика – нарықтық емес, монополиялық экономика. Бұған негізгі себептің бірі Кедендік одаққа кіргеніміз, яғни тұтынатын тауарлары­мыздың басым көбі шетелден келетіндігі. Ал Ресей ендігі кезекте Еуропаның қақпасын біз үшін жабады, осының салдарынан Қазақстанда баға аспандамаса, төмендемейді. Тіпті мұнай мен газ кәсіпорындарын біріктіріп, төбесінен қарап отырған "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры жабық құрылым. Шешімді кім қабылдап жатқанынан бейхабармыз. Бұл құрылымның үстінен қарайтын бақылау органы бар ма? Аталмыш қор қандай да бір операциялық шығындары көп, беймәлім шетелдік кеңесшілері құжынаған мекеме. Қыл аяғы шағын және орта бизнес 3 жылда бір рет тексеруден өтетінін ескерсек,  бұл қордың неге тексерілмейтініне қайран қалуға болады. Атынан ат үркетін даму институттарына бөлінген мемлекет қаржысы арнайы депозиттерге салынып, жылына оның 82%-нан пайда көретіні жасырын емес. Қазір қыруар қаржы  банктердің депозиттерінде сіресіп жатыр. Бұл да ойлантарлық жағдай. Мұны тексеретін үкімет адамдары имидж жасау бағдарламаларымен қызу айналысудан әрі аса алмайды.  

– Соңғы кезде елімізде банктердің банкротқа ұшырауы қылаң бере бастады. Осыған қатысты пікіріңізді білсек...

Жалпы, банк жүйесі, қаржыгерлер негізінен салымшылардың ақшасын жұмсайды. Сөйтеді де ертеңгі күні "банкротқа ұшырадық" деп шығады. Осы кезде көмекке мемлекет келеді. Бұл қарқынмен кете берсек, Ұлттық қордың ақшасы да, өзі де құрдымға кететін шығар. Меніңше, үкіметтің банктерге қатысты ұстанып отырған саясаты шынайы өмірдегі жағдайға жауап бере алмайды. Қандай да бір бағдарлама қабылданса да, дәл қазір пайдасы шамалы.

– Елімізде БЖЗҚ-ғы жинақтарының тағдырына алаңдайтындардың саны неге көбейіп кетті?

Бұл өте өзекті мәселе. Сенесіз бе, мен зейнетақы қорындағы ақшаға қол салатындардың көбейіп келе жатқанынан қорқамын. Жақында Ауылшаруашылығы министрлігі сақтандыру қорындағы қаржының 20 млрд теңгесін ауыл шаруашылығын көтеруге бөлу мәселесін қарастырып жатыр  дегенді естідім. Өкінішке қарай, Қазақстан экономикасының шығыны көп, тиімділігі төмен. 1991-2000 жылдары осындай жағдайға тап болсақ, түсінуге болар еді. Демек дәл қазір бізде ешқандай сылтау жол жоқ. Мемлекет небір көрсеткішті алға тартса да, ілгерілеушілік байқалмайды.

 Бір сұхбатыңызда "біздің сыртқы қарызымыз жеті ұрпақтың мойнына артылады. Яғни кіріс бар, бірақ бейберекет жұмсаймыз" деген екенсіз. Неліктен сыртқы қарызға белшемізден батып отырмыз?

Шын мәнінде біз мүмкіндіктің бәрін уысымыздан шығарып алдық. Экономиканы еліміздің бюджеті құрайды. Егер бюджеттің кіріс, шығыс көлемін қарасақ, 50%-ы шығынға бөлінеді. Қалғанын инфляция мен Ұлттық қор арқылы дамытуға тырысамыз. Арасында мұнай қорынан аламыз. Алайда бұл саясат елді тығырыққа тіреуі мүмкін. Қазақстанның  сыртқы қарызы 10 жылда 74,6 млрд долларға өсіп, 168,9 млрд долларға жеткен. Ұлттық банк осыған қатысты: "Қарыз шетел компанияларының мұнай және газ жобаларына байланысты фирмааралық берешектің өсуіне, үкімет пен экономиканың қаржыға жатпайтын секторындағы берешектің ұлғаюуына байланысты көбейген", –  деген уәж айтып отыр.

– Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылы ЖІӨ 4%-ға өсті дегенді айтты. Сіздіңше, статистикалық мәліметтер мен болжамға қаншалықты сенуге болады?

– Басқа көрсеткіш жоқ болса не істейміз? Шынымды айтсам, мұның бәрі нақты емес. Кез келген көрсеткіште инфляция дұрыс есепке алынбайды. Бюджетті бөлу мен игеру де сенімсіздік тудырады. Сондықтан сене алмаймын. Бір қарағанда тұрғындар байып жатқандай көрінеді. Бірақ халықтың сатып алу мүмкіндігі азайып кеткен. Мұны қалай түсінуге болады? Демек байлар байи береді, кедейлер кедейлене береді. Әлемдік экономикада "кедейшілік" деген ұғымның бары рас, бірақ біздегі билік мұны да алдарқату үшін "орташа өмір сүру деңгейі" деген атау ойлап тапқан сияқты. Міне сол күнкөрістің орташа бағасын үкіметтегілер өздерінше есептейді. Статистикалық көрсеткішке сол үшін де күмәнмен қараймын. Жалпы, статистикалық мәліметтердің шындыққа жанаспайтын сәті жиі кездесетінін ескерсек, биліктегілер тарататын мәліметтер мен нақты сандардың да арасы жер мен көктей болатыны жасырын емес. Есіңізде шығар, Ұлттық банк 2015-2016 жылдары  инфляция 10% шамасында деген мәлімет таратты. Кейін олар өз сөздеріне қарсы шығып, 12% екен деп салды. Ұлттық банк осылай жөн-жосықсыз мәлімдеме жасаса, басқалар не істемейді, не айтпайды?

– Былтыр Салық кодексі мен Кеден кодексі қабылданды. Осы бойынша инвесторларды салықтан босату жөнінде мәселе көтерілді. Бұл дұрыс па, бұрыс па?

Салық кодексі дұрыс жұмыс істесін десек, қарапайым болуы керек. Ал Кеден кодексі кейбір жағдай бойынша күрделеніп кеткен. Қосымша құн салығын төмендету, патент беру мәселесі жеңілдетілмей тұр. Мемлекеттік кіріс департаментінің саясатын да түсінуге болады. Фискалды саясат арқылы табысқа батуды көздейді. Өкінішке қарай, жағдай керісінше болып жатыр. Салықты жинағанда, бәрібір азайып кетеді. Бұл жүйеге либерализация жасаудың орнына, қиындатып жібердік. Ал инвесторларды салықтан босату – үлкен қателік. Әр нәрсенің өз шегі бар. Қазақстанда шетелдіктер негізгі инвестор бола алмайды. Себебі бізде ұлттық инвесторлар санаты құрылмаған. Мұнымен қоса елімізде экономикалық тұрақтылық жоқ. Неге екені белгісіз, мемлекеттің шетелдік инвесторларға бүйрегі бұра береді. Бізге ішкі саясатты, халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздеп, тұрғындардың өз өндірісін, кәсібін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Сонда ғана демографиялық һәм көші-қон мәселесі түзеледі.

– Қазақстанға ағылып жатқан шетел инвестициясына қалай қарайсыз?

– Инвестиция тектен-тек құйылып жатқан жоқ. Бұл жағдай 2000 жылдардың басында жүзеге асса, қуануға болар еді. Ал содан бері бір жағдай қайталана берсе, бұл тиімді экономикалық басқару деп қалай айтамыз?

Мәселен 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Болашақ" бағдарламасы арқылы 12 мыңға жуық қазақстандық жас мұхит асып, шетелде білімін жетілдірді. Егер Оңтүстік Кореяны алсақ, 1960 жылы 10 мың адам мемлекетті бүгінге деңгейге көтерді. Ал біз ұл-қыздарымызды әлемнің әр елінде оқытсақ та, қаз-қалпымызда тұрмыз. Меніңше, экономикаға дәстүрлі көзқараспен емес, төңкерістік мақсатпен қарауымыз керек. Әйтпесе Қазақстан-2050 стратегиясын қалай орындаймыз? Қазір цифрлы экономика туралы да жиі айтыла бастады. Шетелдіктер әзірлеген кез келген бағдарлама біздің елге емес, өздеріне қызмет етеді. Олар Қазақстанның мүддесін емес,  қалталарының қамын ойлайды. Тағы бір мәселе, кез келген бағдарлама жасаушы шетелдік өзге мемлекеттің өз елімен бәсекеге түсе алатындай қабілетке жетуін құптамайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу