Мақсат – сусындар өндірісіне пайдаланып отырған суды табиғатқа қайтару

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3112

2003-2018 жылдары БҰҰ-ның даму бағдарламасы мен Кока-Кола қорының бірлескен бағдарламасы шеңберінде 15-тен астам жоба сәтті жүзеге асқан.

Мақсат – сусындар өндірісіне пайдаланып отырған суды табиғатқа қайтару

Олар су ресурстарын сақтау, ауыл шаруашылығында су үнемдеу тәжірибелерін пайдалану, суменжабдықтау және санитарияны жақсарту салаларына қатысты екен. Бұл туралы Дүниежүзілік су ресурстары күніне  орайластырылып ұйымдастырылған БҰҰ-ның даму бағдарламасы (БҰҰДБ) серіктестері мен су үнемдеу және агротехнология өкілдерінің Қазақстанда су ресурстарын сақтау саласында жүзеге асырылған пилоттық жобалардың нәтижелері сарапқа салынған басқосу барысында мәлім болды. Кока-Кола қоры БҰҰДБ-мен су үнемдеу саласы бойынша 15 жыл серіктестікте екен.          

БҰҰДБ-ның су ресурстарын басқару, климатты өзгертуге бейімдеу жобаларының менеджері Ерлан Жұмабаевтың айтуынша, осындай біріккен бағдарламаны жүзеге асыру арқасында пилоттық телімдерде егістікті суғаруға кететін суды екі еседен жоғары үнемдеуге қол жеткізілген, соның нәтижесінде жыл бойы мектеп асханасының тамақ рационына жаңа көкөніс енгізіліп, 24 мыңнан астам оқушының жас аскөктен жасалған тамақ ішуге мүмкіндігі туып отыр.

"Он мектеп аумағында энергия мен су үнемдейтін жылыжай  салынып, 10 мыңнан астам адам  суғарудың инновациялық тәсілін оқып үйренсе, жыл сайын 4500 адам таза ауыз суға қол жеткізіп келеді. Және бұл атқарылған жұмыстың аз ғана бөлігі" дейді Ерлан Жұмабаев.

Қоршаған ортаны қорғау саласында Кока-Кола  қоры қаражатты төрт  негізгі бағыт бойынша бөліп отыр. Атап айтқанда, олар су үнемдеу және су ресурстарын қорғау, энергияжинақтау, қалдықтарды өңдеу және климаттың өзгеруімен байланысты күрес. Сонымен қатар ауқымды қаржы әлеуметтік даму саласына және жергілікті қоғамдастықтарды қолдауға салынып келеді екен. Нақты дерекке жүгінсек, соңғы бес жылда Coca-Cola жүйесінің Қазақстандағы әлеуметтік даму саласына салынған инвестициялары 1,5 миллион АҚШ долларын құрапты.

"Бір кездері біздің компания алдына  бір мақсат қойды, ол 2020 жылға қарай сусындар өндірісіне біз пайдаланып отырған су мөлшерін табиғатқа қайтарып беру болатын. Біз бұл мақсатқа бес жыл ертерек жеттік, 2015 жылы біз өзіміз пайдаланып келген су ресурсын толық қайтардық, ол Қазақстандағы БҰҰДБ-сымен бірлескен жобалар нәтижесінде іске асты. Мұндай өршіл мақсатқа тек үкімет, үкіметтік емес тәуелсіз ұйымдар және бизнес-қоғамдастықтың күш біріктіруінің арқасында қол жеткізу мүмкін еді" – дейді Кавказ және Орталық Азия аймағындағы Кока-Кола компаниясының корпоративтік байланыс және коммуникациялар жөніндегі менеджері Александра Аккирман.  

Ал осы басқосуға арнайы келген Кока-Кола  компаниясының өкілі,  Еуразия мен Африка аймағында тұрақты даму жобаларының менеджері Айдан Ольчер Дүниежүзілік су ресурстары күніне орай Вашингтонда бір жылы "Жаңа әлем" бағдарламасы іске қосылғанын  және ол Су ресурстарының жаһандық мәселелері жөніндегі ұйыммен өзараәрекеттесе жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл бағдарлама биыл Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерін қамтымақ, солардың қатарында ТМД елдерінен Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина мен Өзбекстан бар.

"Жаңа әлем" бағдарламасы су үнемдеу және санитария, жастар мен әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту салаларында Біріккен ұлттар ұйымын тұрақты дамыту мақсатында  инновациялық, бәрін тегіс қамти алатын және тұрақты шешімдерді қолдауға атсалысатын азаматтық қоғам ұйымдарын марапаттау үшін серіктестік механизмі болып табылады. Бұл бағдарламаның жемісті жетістігі көп. Оның жарқын көрінісін,  "Жаңа әлем" бағдарламасының Еуразиядағы, Таяу Шығыс және Африкадағы 19 елде  1,5 миллионнан астам  адамға оң ықпал еткенін айтуға болады"  дейді Айдан Ольчер.

"Ақбота" қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Немцан Кока-кола компаниясы тарапынан бөлінген қаражатты пайдалана отырып, ауылдық жерлердегі мектептерде   су үнемдеу  саласына игі жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Мәселен, күнмен жылытылатын су коллекторлары арқылы мектеп асханасына, шаруашылық қажетіліктеріне, спорт залдың душ кабиналарына, қол жуатын раковиналарға ыстық су берілгенін, сапалы су режимін ұйымдастыру үшін су тазалайтын құрылғылар орнатылғанын жеткізді. Әрине, мұндай жұмыстар пилоттық жобалар ретінде бірді-екілі мектептерде жүзеге асқан. Сондай-ақ, Татьяна Немцан климаттық қобдиша атты оқу құралы қазір мектептерге кеңінен таныстырылып, онда оқушы балаларға жастайынан су және қуат көзін үнемдеу таныстырыла бастағанын баяндады.

Ал "Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау  қоры" корпоративтік қорының жетекшісі Асылхан Асылбеков, Қызылорда облысында су үнемдеу агротехнологиясы саласындағы жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, 11 шақырым шамасында жағдайы нашарлап кеткен каналдар тазаланған, су өлшейтін аспаптар орнатылған. Соның ішіндегі ең басты жемісті жоба, ол күріш егістігінде суды үнемдеуге қол жеткізілгенін атап өтті.

"Әдетте, күріш  төртбұрышты етіліп, егіледі, соған қол жеткізу үшін лазерлік жоспарлаушы техникасын сатып алдық, ол лазер арқылы жер бедерін жоспарлай отырып, жерді бірдей етіп тегістеді, содан күріш егілгенде, оны суғаруға кеткен суды бір деңгейде ұстап тұрды, яғни еңістік немесе шұңқыр болған жоқ, сол себепті суды жақсы көретін өнім бітік шықты және суда артық кетпей, тең мөлшерде жұмсалды" деп су үнемдеу саласына қатысты іске асқан тиімді жоба туралы мәлімдеме берді Асылхан Асылбеков.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу