Мақта монополистеріне мойынсынбаймыз

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4474

Оңтүстік Қазақстан облысының дихандары бәсекеге қабілетті болу үшін ғылыми ізденіс пен тынымсыз еңбекке жүгіну қажет екенін түсініп отыр. 

Мақта монополистеріне мойынсынбаймыз

Мақтааралдық  дихандар қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ойлап тапқан су өлшеуіш құралын сынақтан өткізді. Институттың су ресурстарын басқару бөлімінің меңгерушісі, профессор Оразхан Қарлыханов қондырғы шаруалар үшін өте тиімді және қолжетімді бағада болатынын айтты.   

Қондырғыдағы  ультрадыбыс  арқылы шаруалар  су деңгейінің өзгерісі туралы ақпараты дер кезінде қашықтан біліп отырады. Ақпарат жеке почтаңызға немесе смс түрінде ұялы телефоныңызға келіп түседі.

"Компьютер мен смартфон дамыған бүгінгі заманда дихандарға жаңа құрылғымен жұмыс істеу қиындық туғызбайды", – деді Оразхан Қарлыханов.

ДУВ 0,005-10 датчигін суармалы жүйелердің гидробекеттеріне енгізу су деңгейі мен шығынын анықтау дәлдігін жоғарылатады және ақпаратты жылдам алуға көмектеседі. Бұл Мырзашөл  мақташыларының қолданысқа енгізген бірінші  әдісі.

Екінші әдіс жер асты және кәріз суларын фосфогипс енгізу арқылы пайдалану технологиясы.  Бұл әдісті ғалымдар бірнеше айдан бері Кетебай кооперативінде сынақтан өткізді. Сөз болып отырған технологияның басты мақсаты суармалы жерлердің құнарлығын сақтау, сол арқылы мол өнімге қол жеткізу.

"Фосфогипс енгізілген жер кем дегенде 3-4 жыл құнарын сақтайды", –  деді қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының суармалы аумақтың мелиорация және экология бөлімінің меңгерушісі Рахым Бекбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздегі мақтаның 80%-ы Мақтааралда өсіріледі. Суармалы жерлердің басым бөлігі де осында орналасқан.

Мақтааралдық мақташылардың үшінші әдісі топырақты терең қопсытуды көздейді. Осыдан 7 жыл бұрын нұралы жол шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып терең қопсыту технологиясын қолданды. Содан бері мақтаның өнімділігі гектарына 40 центнерден төмендеген емес. Бұл технологияның бір пайдасы мақта алқабы қысқы суару кезінде суды көп, ал жазғы суару кезінде керісінше аз тұтынады.

Әлемдік мақта нарығында көшбасшы мемлекеттер аз емес. Үндістан мен Қытай әзірше мақта шикізатын өндіруде көш бастап тұр. Ал Қазақстан жылына небары 300 мың тонна мақта өндіреді. Бұл өте аз көрсеткіш. Осының салдарынан жаһандық нарықта бізбен ешкім санаспайды. Сәйкесінше мақташыларымыз мақта бағасын белгілеуден тыс қалып жүр.   

"Біз мақта өндірісін күшейтуіміз керек. Еліміз 500 мың тоннадан артық мақта өндірмесе жаһандық нарықта назарға ілінбейді. Әлемдегі мақта монополистеріне бәсекелес болғанда ғана біз мақта бизнесінен пайда көреміз. Мақсатқа жету үшін қиындыққа мойымауыз және мақта монополистеріне мойынұсынбауымыз керек", – деді Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Асан Махамбетов.

Оңтүстік Қазақстан облысы мақтаны класстерлік жүйеде дамытуға басымдық беріп отыр. Осыған орай отандық мақта тұқымының элиталық түрлерін шығаруға ден қойылуда. Бүгінгі таңда Мақтарал ауданында арнайы ғылыми тәжірибелік станциялар ашылып, мақта талшығының жергілікті сорттары әзірленіп жатыр.  Олардың арасында мақтаның ПА – 3031, ПА – 3044, МА – 3047, М – 4003, М - 4005, М – 4007 және М – 4011 сынды сорттары бар.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу