Мал терісі табысты бизнестен проблемаға айналды

9878

Үкіметтің жақсылық жасау ниеті жете ойластырылмағандықтан, жұртшылыққа да, бизнеске де кесірін тигізуде.

Мал терісі табысты бизнестен проблемаға айналды

Ауылдағы халық мал терісін қоқысқа лақтыруда. Оның біреуінің өзі орташа алғанда, 20–25 келі тартады. Экологтар бензой қышқылымен, ең құрығанда, тұзбен өңделмеген мал терісі далада ұзақ шіріп, күлімсі иіс таратып, экологиялық проблема әкеле ме деп алаңдауда.

Бұл мәселенің туындауына ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 19 ақпандағы "Қалпына келтiрiлетiн қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды, ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы" №89 бұйрығы ықпал етті.

"Қазақстан аумағынан ірі қара малдың өңделмеген терісін сыртқа әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салу енгізілсін", – делінген онда. Бұл отандық тері өңдейтін кәсіпорындардың өтініші болатын.

"Биыл өндірістік кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін Қазақстан аумағынан өңделмеген ірі қара малдың терісін сыртқа шығаруға уақытша тыйым салуды енгізу мәселесі қолға алынады. Бұл тері өңдеу кәсіпорындары үшін қажет болып отыр. Осы шаралар кәсіпорындарды жүктеуге, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді",– деген болатын сол кездегі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Алайда тыйым енгізілгелі бері бұрынғы қаптаған тері қабылдаумен айналысатын кәсіпкерлер өз қызметін доғаруға мәжбүр болыпты.

Бұл мәліметті кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков растады. Оған қызылордалық бизнесмендер жүгініп, мал терісін сатып алу пункттері жабылып жатқанын хабарлаған. 

"Қызылорда облысы халқының 56%-ы ауылда тұрады. Олардың көпшілігі өз күнін өзі көретін, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер. Мал терісін сатып алатын бекеттердің жабылуы түйткілді проблемаға айналды. Биылғы ақпан айынан бері жарты жылға ірі қара малдың өңделмеген терісін экспорттауға тыйым салынған болатын. Соның салдарынан терінің бағасы 10-15 есеге арзандап кетті. Өйткені сұраныс шамалы. Аудандардың көбісінде тері саудасы тоқтады. Кесірінен, ауылдықтар қосымша табыс көзінен айырылуда. Лажсыз, сиыр терісін қоқысқа лақтырып жатыр. Ал бұл елдімекендерде экологиялық проблемаларға соқтыруы мүмкін", – деп дабыл қағады Жасұлан Серіков.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы ауыл шаруашылығы министрлігіне және "Атамекен" ҰКП орталық аппаратына арнайы хат жолдап, ауыл-аймақтағы бизнесмендер кезіккен осы мәселені жеткізді.

Алайда Жасұлан Серіковтың мәліметінше, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылғы тамыз айында осы тыйымды тағы 5 жылға ұзартуды жоспарлап отыр.

Ауылдықтар мұндай шектеуді енгізбес бұрын мемлекет әр ауданда тері мен жүнді сапалы өңдеумен шұғылданатын кооперативтер, шағын өндіріс орындарын құруы керек еді дегенді айтады.

Мал терісінің жат мемлекеттерге, негізінен, Қытайға шикізат түрінде арзанға сатылып, кейін дайын өнім түрінде әлденеше есе қымбатқа кері қайтатынын Мәжіліс депутаттары бірнеше жылдан бері мәселе етіп көтерді. Олардың дерегінше, шамамен 2 млрд еуро тұратын мал терісі көлеңкелі жолдармен елімізден тысқары әкетіледі және олар мемлекеттік органдардың есептеріне енбей қалады.

Өз кезегінде Үкімет Қазақстанда етті мал шаруашылығы саласында сапалы тері өндірісін арттыру мақсатында өнеркәсіптік бордақылау алаңдарында ұйымдасқан шаруашылықтар кооперативтерін құру қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Қазір ірі қара малдың 50%-ы жеке адамдар қолында бағылады, олар мал сою кезінде теріні "механикалық сыпыру әдістерін" қолданбайды. Егер әлгі кооперациялар құрылса, ауылдықтар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермерлік шаруашылықтар соған қатыса алады екен.

Тері шикізатын дайындау қызметін ретке келтіру және заңдастыру мақсатында мал союшы ұйымдарға қосылған құн салығы сомасын субсидиялайтын бағдарлама жүзеге асырылуда. Республикалық бюджеттен бұған жыл сайын 1-1,5 млрд теңге бағытталып отырады.

Айтқандай, Қазақстанда 2016-2017 жылдары да өңделмеген ірі қара мал терісін экспорттауға шектеу қолданылды. Бірақ оның қомақты нәтиже әкелгені шамалы.

Еліміздің бас прокуратурасы мал терісі шикізатының заңсыз айналымына қатысты проблема барлығын растады. Жүргізілген талдау елімізде өндірілетін тері көлемі мен оның ресми саудасы аралығында айтарлықтай айырмашылық барын көрсеткен.

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанда 2,86 миллион бірлік тері өндірілген. Оның 807 мыңы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарында, ал 2,052 миллионы – жеке қосалқы шаруашылықтарда алынған. Оның 640 мыңы немесе 22%-ы ел ішінде өңделді. 102 мыңы немесе 3%-ы өңделмеген күйі шетелге шығарылды. Алайда қалған шикізаттың, яғни жалпы көлемнің 75%-ының немесе 2,118 миллион бірлік терінің қайда кеткені туралы ақпарат жауапты мемлекеттік органдарда жоқ", – деп хабардар етті таяуда бас прокуратура.

"Аудандарда қабылдау бекеттері жоқ. Бірде-бір кәсіпорын ауылдардан жинау үшін жүздеген шақырым қашықтықтарға сапарламайды. Ал ауылда бәрі мал ұстайды, қонақ күту, той жасау, табыс табу үшін дүркін-дүркін мал сояды. Бұл – біздің басты табысымыз. Кейбіреулер қалаға сатуға ет апарғанда, теріні де өткізуге талаптанады, бірақ қалаларда да тері қабылдайтын орын табу қиын. Бар болғанның өзінде бағасы мардымсыз. Бұрын қытайларға келісін 60 теңгеден өткізетін еді. Енді мал терісін жұрт қоқысқа лақтыра салады", – дейді шаруа қожалығының өкілі Бегали Рахметов.

Ауылдықтар жауапты шенділерден теріні өз елімізде қабылдау және өңдеу мәселесін жеделдетіп шешуді талап етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу