МӘМС-тің миллиардтары

3899

Елордалық дәріханаларға жарты миллиондық айыппұл төніп тұр.

МӘМС-тің миллиардтары

Өйткені олар халыққа рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді де сата бастапты.

Қазіргі кезде ҚР денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің мамандары олардың дәріханалар сөрелеріне қалай тап болғанын анықтауда.

Бұл жерде сөз аяғы ауыр әйелдерге түсік тастау қаупі төнгенде немесе экстракорпоралды ұрықтандыру кезінде ұсынылатын "Утрожестан" гормоналды препараты туралы болып отыр. Осы дәріні өндіруші компанияның өкілдері елордада оның жалған түрлері сатылып жатқанына назар аударған. Анықталғанындай, кейбір дәріханалар жалған өнімді тіпті еш рецептсіз босатуда екен.

Оны түнпұсқасынан айыру қиын: сырттай қарағанда, екеуінің қораптары түсі бойынша да, формасы бойынша да бір-бірінен айнымайды. Дегенмен, жалған түрін бағасы әшкерелейді: түпнұсқалық түрі орташа есеппен 4300 теңге тұрады, ал қолдан жасалғаны мың теңгеге арзан сатылуда. 

"Біз тіпті компанияға келетін шығынға мазасызданып отырған жоқпыз. Мені мысалы, жалған препараттың елордаға қалай жеткізілгені алаңдатады. Сақтау шарттары да сақталмауы ықтимал. Мүмкін, әлдекім оны шақырайған күн астында, аптап ыстықта қытай сөмкесімен таситын шығар?! Соны ертең жүкті әйел тұтынады ғой", – деді журналистерге сұхбатында өндіруші компания өкілдігінің өңірлік менеджері Айгүл Қажығалиева.

Құқық иегерлерінің өтінішімен астаналық фармация департаменті шағымға іліккен дәріханаларды сүзіп шығыпты. Нәтижесінде, жеті дәріханада сондай дәрі сату деректері расталып отыр. Тәркіленген препараттар сараптамаға тапсырылыпты. Енді қазақстандық мамандар жұртшылыққа сатылып келген бұл дәрі-дәрмектің құрамы неден тұратынын, анағұрлым арзан түрі адам денсаулығына қаншалықты қауіпсіз екенін талдайды.  

"Тексеру кезінде бұл дәрінің қайдан сатып әкелінгенін растайтын құжаттары болмай шықты. Ал бұл әкімшілік құқық бұзушылық кодексі аясында жазаланатын жөнсіздік. Олар фармациялық қызмет және дәрілік заттар айналымы саласының ережелерін бұзып отыр. Себебі, Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді сақтап, сатқан", – деп түсіндіреді фармация комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Айжамал Батырәлиева.

Дегенмен, департамент қалалық барлық дәріханаларды жаппай тексеріп шыға алмайды: олар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ретінде заңнамамен қорғалған және кез келген "бақылаулық сатып алулар" тек шағым түсуі негізінде жүзеге асырылады.

Демек, тұтынушыларға өз денсаулығына өздері қамқорлық жасау, бұл үшін түпнұсқалық дәріні жалғаннан айыруға өз бетінше үйрену қалады. Әрине, қолдан жасалған дәріні әшкерелеу өте күрделі іс. Бірақ әмбебап әдіс те бар. Мәселен, Айжамал Батырәлиева дәрі-дәрмекті сатып алған кезде, оның ішіндегі нұсқаулық қағазды ашып қарауға кеңес береді: ол міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде жазылуға тиіс. Сондай-ақ Қазақстанда тіркелген дәрілік заттардың қораптары да мемлекеттік тілдегі ақпараттан тұруға тиіс.

Қазіргі кезде ресми рұқсат етілмеген препарат анықталған дәріханаларға қатысты әкімшілік сотқа материалдар жолданды. Кәсіпкерлерге шамамен жарты миллион теңгедей айыппұл салынуы, сондай-ақ олар лицензиясынан айырылуы ықтимал.    

Кейбір дәрігерлер дәл осы дәрі орнына "Дюфастонды" пайдалануға кеңес береді. Алайда жақында Астанадағы дәріханадан "Дюфастон" да тәркіленген. Өздеріне келіп түскен шағымға үн қатқан Медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау комитетінің астаналық департаменті бұл дәрі Қазақстанда тіркелмегендіктен, осындай шараға барыпты.

"Жеке бір азамат "Дюфастон" атты тіркелмеген препаратты сатып алғаны туралы шағыммен жүгінді. Содан кейін тексерістер басталды. Бұл дерек расталды. Препараттың дәріханаға қайдан келгенін білу үшін құжаттар көтерілді. Дәріхана басшысының айтуынша, сатушы-фармацевт ол дәрінің жалғыз қорабын өз бетінше сатып алып, саудаға қойыпты. Яғни, дәрі партиямен келді деп айтуға негіз жоқ. Материалдар сотқа жолданды", – дейді Айжамал Батырәлиева.

Сарапшылардың айтуынша, әлемде кең таралған шетелдік дәрілердің Қытайда және басқа да елдерде қолдан жасалуы өндірістік жолға қойылған. Олардың легінен қорғану үшін отандық фармацевтиканы дамытқан жөн, себебі, қазақстандық дәрі-дәрмектердің ішкі нарықта жалған түрлерінің сатылу дерегі кейінгі кезде кездеспеген екен.

Бұл байламды салалық ведомство да растап отыр. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі шетелде жасалатын маңызды дәрілік заттардың өндірісін Қазақстанда орнықтыруға білек сыбана кірісті. Оның тапсырысымен, қазақстандық бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді шарттарды жасасуға халықаралық тендер жариялады.

"Оның нәтижесінде жеңімпаз шыққан компаниялар өздерінің фармөнімдері үшін 10 жыл кепілдендірілген өткізу нарығына, ал қазақстандықтар – жаңа фармацевтикалық зауыттарға және науқастарға тегін ұсынылатын отандық өндірістің сапалы дәрі-дәрмектеріне ие болады", – деп хабарлады "СҚ-Фармация".

Сонымен, 398 аталымды дәрілік зат пен 2 мың 838 медициналық мақсаттағы бұйым бойынша кеңауқымды байқау жарияланды.

Бұл тізімге "қан айналымы жүйесі", "тыныс алу органдары", "асқорыту органдары", "несеп-жыныс жүйесі", "тірек-қимыл аппараты мен дәнекер тін, қан, эндокриндік жүйе", сондай-ақ "онкологиялық аурулар", "туберкулез", "АИТВ (ВИЧ)" және басқа да ауруларды емдеуге арналған препараттар кірді.

Тендерге қатысу үшін осы аталым-номенклатура бойынша фармөнімдерді Қазақстан аумағында өндіргісі келетін компаниялар стандартты құқықтық құжаттардан басқа, егжей-тегжейлі бизнес-жоспар немесе техникалық-экономикалық негіздемені 25 шілдеге дейін ұсынуы керек.

Жобаларды салалық сарапшылар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, бірыңғай дистрибьютор, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйым өкілдері кіретін конкурстық комиссия қарайды.

"Конкурстың жеңімпаздары екі жыл ішінде халықаралық стандарттарға сәйкес осы дәрі-дәрмектер өндірісін жолға қоюға, ол үшін жаңа фармацевтикалық кәсіпорын салуға немесе қолданыстағыны модернизациялауға міндетті. Тағы екі жыл отандық медикаменттерді тіркеуге беріледі. Осы шарттар орындалған кезде отандық өндірушілер шығарған дәрілік заттар он жыл бойы Қазақстан халқын тегін дәрілермен қамту үшін сатып алынатын болады. Мұндай кепілдендірілген өткізу нарығы өндірушілерге инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етеді және зауыттарды салу немесе модернизациялау шығындарын өтеуге мүмкіндік береді", – деп түсіндіреді Денсаулық сақтау министрлігі.

Өз кезегінде "СҚ-Фармация" жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін конкурстық процедуралар кезеңдерін Facebook-тегі өзінің ресми аккаунтында онлайн режимінде трансляцияламақ.

Фармация саласындағы кеңауқымды тендерлік рәсімдердің қорытындысы биылғы қазан айында белгілі болады.

Өз кезегінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры енді екі жылдан кейін медсақтандыру толыққанды іске қосылғанда, оған кірген қазақстандықтар үшін дәрі-дәрмектің негізгі түрлерін сатып алу да қажет болмай қалатынына сендіреді. Ол дәрілерді сырқаттарға емханалар тегін үлестіруге тиіс болады.

Әзірше, бұл қор дәріні емес, тек азаматтарға жасалған ем-дом шараларын ғана қаржыландыруда. Бүгін хабарланғандай, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 400 миллиард теңгеге жуық қаржы аударыпты.  

"Біздің қормен келісімшарт бекіткен медицина мекемелеріне 396,9 млрд теңге берілді. Бұл – кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) шеңберінде көмек көрсету жөнінде бекітілген келісімшарттрдың жалпы сомасының 56 пайызы", – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.  

ТМККК және МӘМС пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын бұл қор ниет білдірген 1359 медицина ұйымымен халыққа тегін медициналық көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы қазіргі уақытта 704,5 млрд теңгеге жетті.

"Жұмыс кестеге сай, медициналық қызмет сапасын бақылаудың жаңа талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті", – деді Ботагөз Жақселекова.

Айта кету керек, бүгінде елімізде қазақстандықтар жекеменшік клиникаларда да тегін қаралып, емделе алады. Өйткені 599 жеке клиникаға аталған мемлекеттік медициналық қор қаржы бөледі. Осылайша, халықты ақысыз қабылдайтын жеке медорталықтар саны артып келеді. Былтыр олардың саны 461 ғана болатын.

Олармен арада бекітілген келісімшарт сомасы да өткен жылғыдан 2 есе артты. Басқаша айтқанда, жекеменшік емдеу орталықтары осы жыл бойында халықты тегін емдеп, 93,5 млрд теңгені игерулері керек. Қалған миллиардтар мемлекеттік емханалар мен ауруханаларға тиеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу