Марат Иғалиев: "Мен Қазақстанда демалғанды жөн көремін"

Алина Альбекова Алина Альбекова
12799

Бүкіл әлем неліктен қытай туристерін тартуға күреседі және Қазақстанға ұлттық DMO кеңсе не үшін қажет.

Марат Иғалиев: "Мен Қазақстанда демалғанды жөн көремін"

Аbctv.kz редакциясы инвестиция және даму министрлігінің туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғалиевпен сұхбаттасты.

Қытайлар құмар ойыны мен сауда-саттық жасағанды ұнатады

- Марат Несіпқалиұлы, 2015 жылдың соңында Қазақстан Қытаймен ADS-келісімге қол қойды, оған сәйкес енді қытайлық туристердің тобы біздің елге бір визамен сапар шеге алады. Айтыңызшы, бұл істің қандай қажеттілігі бар және осы күнге дейін біз қанша туристі қарсы алдық?

- Қытай туристері саны жөнінен өзге мемлекеттерді басып озады, осыдан бастайық. Тек қана былтырғы жылдың ішінде ҚХР-дың 120 млн азаматы шетелге саяхат жасаған. Яғни шетелге сапар шегетін әр оныншы саяхатшы – қытайлық деген сөз. Мұндай өсім Қытайда орта таптың дамуымен түсіндіріледі. Зерттеушілердің мәліметіне жүгінсек, отбасының табысы 35 мың доллардан асқанда, олар шетелге сапар шегуді ойлай бастайды. 2003-2013 жылдар аралығында осындай табыс деңгейіне жеткендердің саны шамамен 21 млн болды, келесі онжылдықта бұл сан 61 млн-ға жетеді.

Қазақ-қытай қарым-қатынасына келер болсақ, ҚР ҰҚК шекара қызметінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанға туристік мақсатта сапар шегетін қытайлықтардың саны жылына 200 мыңнан асады. Бірақ олар елімізге жеке визамен келді. 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы екені және ЭКСПО көрмесінің өткізілуі ескеріліп, өткен жылдың соңында ADS меморандум аталатын үкіметаралық келісімге қол қойылды, оған сәйкес бір визамен елімізге 50 адамға дейін қытай тобы келе алады. Осы жылдың тамыз айында қытай туристерінің алғашқы тобы Астана, Алматы, Өскемен қалаларына сапар шегіп те үлгерді.

- Қазақстан енді Қытайдан туристердің үлкен ағыны келеді деп сене ала ма? Біздің білуімізше, қытайлық туристер үшін ең тартымды жер – Ресей.

- Мәскеу мен Бейжің арасында ADS жөніндегі келісімге 2000 жылы қол қойылған, бірақ ресейліктер Қытай туристерін тек 2012 жылдан бастап, Ресейде Қытай туризмінің жылы өткізілгеннен кейін ғана қабылдай бастады. Бүгінгі күні Ресейге сапар шегетін туристердің көшін қытайлықтар бастап тұр. Жыл сайын бұл елге млн-ға тарта Қытай туристі келеді, олар Ресей экономикасына 2 млрд доллардан астам қаражат әкеледі. Қазір ресейліктер қытай туристері үшін жайлы жағдай жасайтын China Friendly бағдарламасын дамытып жатыр. Ал Қазақстан болса 2016 жылға дейін Қытайдан турист қабылдамаған еді. Біз бұл бағыттағы жұмысты енді бастап жатырмыз. Сондықтан бізге 2017 жылы Қытайдағы Қазақстан жылын және Қазақстандағы Қытай жылы аясындағы іс-шараларды тиісті деңгейде өткізу маңызды. Осыған байланысты, 2016 жылдың қараша айында біздің туризм индустриясы департаменті Қытайдың Шанхай және Үрімші қалаларында екі туристік көрме өткізуді жоспарлар отыр. Осы сәтті пайдаланып, туризмді дамытуға мүдделі Қазақстанның туроператорларын көрмеге қатысуға шақырамын. Одан әрі біз виза мәселесін, көші-қон полициясында тіркеуді жеңілдетуіміз қажет, онлайн-үлгіге ауысу, қытай тіліндегі гидтерді дайындау мәселесін шешу керек. Оның үстіне Қытайдан келетін туристердің тұрақты ағыны қабылдаушы елдің жалпы туристік бизнесіне оң әсер ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Қазақстан үшін қытай бағытының болашағы зор деп есептеймін. Қытай туристері Ұлы Жібек жолы сияқты туристік өнімдерге қызығушылық танытады.

- Қазақстанның барлық туркомпаниясы қытай туристерімен жұмыс істей ала ма?

- Барлығы емес. 2016 жылдың қазан айында Қытай азаматтарын қабылдауға өкілетті Қазақстан туроператорларының жаңартылған тізімі Қытай тарапына жіберілген еді. ҚХР туристік билігі Қазақстанға жіберілетін туристердің тобын құруға жауапты өз туроперторларының тізімін ұсынды.

- Қытай туристері, негізінен, сауда-саттық пен құмар ойынға әуес екені, рас па?

- Қытай саяхатшылары әлемдегі ең ысырапшыл екені және шетелде демалуға жұмсаған шығыны бойынша қатарынан бірнеше жыл әлемде бірінші орынды иеленіп отырғаны шындық. Туризм мен саяхат жөніндегі дүниежүзілік кеңестің зерттеулері бойынша ҚХР азаматтарының 2015 жылы шетелдік туризмге жұмсаған шығыны 215 млрд доллар болды. Бұл сома Вьетнамның жалпы ішкі өсімімен тең және осы шығынның 57%-ы саудаға жұмсалған.

Ал құмар ойындарға келер болсақ, бұл да шындық. Қытай – әлемдегі ең көп ойыншы шоғырланған ел. Олар Қытайдың Макао аумағында және көршілес елдерде орналасқан казиноларда ойнайды, себебі Қытайдың құрлықтық бөлігінде құмар ойынның кез келген түріне тыйым салынған, ресми түрде тек лотереяға ғана рұқсат берілген. Ал шенеуніктерге мүлде құмар ойын ойнауға болмайды. Сондықтан көптеген шетел компаниясы құмар ойын саласында Қытай есебінен үлкен табыс табуға тырысады. Қытай билігі бұл құбылысқа түрлі әдістермен қарсы тұруға тырысады.

Ресей туристері Қазақстанды жақсы көреді

- Марат Несіпқалиұлы, Қытай түсінікті болды, ал Ресеймен туризм саласындағы қарым-қатынас қалай жүріп жатыр?

- Ресейдің статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылдың біріші жартысында Ресей туристеріне ең тартымды елдер арасында Абхазия мен Финляндиядан кейін Қазақстан үшінші орынды иеленді. Бұл кезеңдегі туристік ағым 1,3 млн саяхатты құрады. Ал Ресейге сапар шеккен Қазақстан туристерінің саны 1,6 млн-ға жетті. Қазан айында Астанада өткен Қазақстан-Ресей шекаралас облыстарының форумында туризм индустриясы департаменті, "Атамекен" КҰП және Ростуризм табысты келіссөздер өткізді. Ростуризмнің басшысы Ақмоланың тумасы Олег Сафонов екені де қызық. Біз туристік өнімдерді бірлесіп дамыту, туристік индустрияны дамытуға сарапшылық көмек көрсету, туризм саласында бірлескен іс-шаралар, көрмелер, семинарлар өткізу және қолдау мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істейміз деп келістік. Екі ел де туризмді бірлесіп дамытуға, оның ішінде Каспий теңізінде круиздік туризмді, Ресейден Қазақстан арқылы Қытайға теміржол турларын, Байқоңыр бойынша ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отыр.

Одан бөлек, бізге ресейліктердің ҚХР-мен ADS келісім аясындағы, МЖС негізінде Visit Russia дамыту агенттігін ашу, туризмде "халал" стандарттарын енгізу тәжірибесі қызық. Визаның екі жақта да танылуы және бірыңғай экономикалық кеңістік аясында бірыңғай бренд жасау туризмді дамытуға үлес қоспақ.

DMO – дестинацияның ресми дауысы

- Жақында ғана Астанада Astana Leisure туристік көрмесі өткізілді. Көптеген туроператордың айтуынша, бұл өте шығынды және тиісті нәтижеге жеткізбеген жоба. Сіз бұл туралы не айта аласыз?

- Меніңше, халықаралық көрме-жәрмеңке іс-шараларының Қазақстанның ұлттық туристік өнімін сыртқы нарыққа шығаруда маңызы зор. Ол ақпараттың кең ауқымын бірден тарату мен алуға үлкен мүмкіндік береді. Мұндай көрмелер болашақ клиентті Қазақстанға саяхат жасаудың мүмкіндіктерімен таныстырып, аймақтың туристік өнімдеріне назарын аударып, мемелекет туралы шетел туристерінің көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Одан бөлек, бұл – отандық туроператорларға шетелдің туристік әкімшіліктері мен кесіпорындарының өкілдерімен байланыс орнатуға, олармен бірлесіп қызмет ету және сауда жасау шартына қол қоюға, ұсынатын саяхатқа сұраныстың бар, жоғын анықтауға, сұраныстың даму болжамын жасауға үлкен мүмкіндік.

Сонымен бірге туризм индустриясы департаменті мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде арнайы құрылым құру қажет деп есептейді, оған Қазақстан туралы, оның халықаралық туристік нарықта және ел ішіндегі мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату жөнінде мемлекеттік қызмет көрсетуді оған жүктеу қажет.

- Әңгіме халықаралық нарықта елдің өнімін дамытумен айналысатын ұлттық бюро – DMO құру туралы болып отыр ма?

- Иә. Қазіргі кезде Қазақстанда DMO енгізу мәселесі Үкіметте талқыланып жатыр. Туризмді тиімді дамытуға уәкілетті органнан бөлек, бизнеспен тығыз қарым-қатынас жасай алатын икемді құрылымның, Destination marketing organization – дестинацияларды басқару ұйымының болуы маңызды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл ұйым туристік саланың менеджменті мен маркетингіне жауап береді, сондай-ақ барлық мүдделі ойыншының серіктестігі мен қызметтестігін нығайту арқылы оның үйлестірушісі болады. Негізгі қызметі: саяхатшыға ақпарат, кеңес, білім беру. Яғни дестинацияның "ресми дауысының" рөлін атқарады, сондықтан ол түсінікті және сирек ақпаратты беру керек. Екіншіден, туристік салада қызмет көрсетушілерді ақпараттандыру және қолдау, DMO туристік бизнеске болашақ клиент іздеуге жәрдемдесуі тиіс. Үшіншіден, туристік қызметтің барлық кезеңінің құрылуын қолдау қажет, DMO сапалы қызмет көрсетуде мүдделі тараптардың күшін үйлестіруі тиіс. Төртіншіден, дестинациялардың дамуын қолдап, даму стратегиясын жасауы тиіс.

Қазақстан туристері түрік жағалауында демалуды артық көреді

- Айтыңызшы, шетелге сапар шегушілер жөнінде мәлімет бар ма? Қазақстан азаматтары қандай елдерге жиірек сапар шегеді?

- ҚР ҰҚК шекара қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы шетелге шыққан Қазақстан азаматтарының саны 6 млн-ға жетті, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 11 млн-нан асып түсті. Ең жиі сапар шегетін елдер қатарына ТМД елдері кіреді – 10,3 млн адам, оның ішінде Ресейге 5 млн-нан астам, Қырғызстанға 3 млн-нан аса, Өзбекстанға 1 млн-нан астам адам саяхат жасады. Алыс шетелге келер болсақ, Түркия (317 мың), ҚХР (230 мың), БАӘ (117 мың) көш бастап тұр. Жалпы шетелге 946 мың қазақ елінің азаматы шыққан, ал 2014 жылы бұл сан 1 млн адамнан асып түсті. Тоқталып өтейік, 2016 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда шетелге саяхаттау деңгейі біраз төмендеген. Дәлірек айтсақ, 2015 жылға қарағанда сыртқа шыққан адамдардың саны 1 млн-ға аз болған.

Ішкі туризмде керісінше тенденция байқалады, қызмет көрсетілген туристер саны 2,1 млн адамға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 5,8%-ға жоғары. Шетелден бізге саяхат жасау 4%-ға жоғарылады және 323 мың адамға жетті. Бұл тенденцияның жалғасуы біз үшін маңызды. 2015 жылы біздің туристердің ел экономикасынан басқа елдерге 384 млн доллар шығарды.

- Жақында төтенше жағдай болғанда шетелден Қазақстан туристерінің қайтарылуына кепілдік беретін қор құру туралы сөз болды. Бұл іс ілгеріледі ме?

- Биылғы жылдың 18 қазанында үкімет туроператорлар өзіне алған міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда Қазақстан туристерін қайтару мәселесін реттейтін қаулылардың жобасын қолдады. Кейінгі жылдары арам туроператорлардың кесірінен Қазақстан туристері бөтен елде жататын орны болмай, қайтарға билет таппай қиналған оқиғалар жиілеп кетті. Енді осыған ұқсас жағдай туындаса, "Туристік қамқор" корпоративті қоры қазақ елінің туристерін республикаға қайтару шарасын қолданады.

Қазақстан азаматтарын саяхаттап барған елден қайтару үшін арнайы шот құрылады. Ол әр туристік өнімнен 0,5 АЕК (1 061 теңге) салым салу арқылы құрылады. Біз туризм индустриясы департаменті ретінде азаматтарға туристік өнімді сатып алу кезінде туроператордың "Туристік қамқор" қорымен жасасқан келісім бар, жоғын нақтылау қажеттілігі туралы ескертеміз. Аталған жаңалықтар ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Бұл жобаны туризм жөніндегі кеңес, Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия, Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы және аккредиттелген бірлестіктер талқылап, қолдады.       

Ел елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы

- Ішкі туризм жайлы сөз болғанда, біз үнемі Бурабай, Алакөлді ауызға аламыз. Ал өзге бағыттарға не болды?

- Қазақстан туризмін дамыту концепциясына сәйкес, негізгі туристік кластер Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облысы, Ақмола облысы, Маңғыстау.

- Осы облыстардың басқармаларында 2-3 адамнан отырғанда туризмді дамыту туралы сөз қозғау орынды ма?

- Өңірлік деңгейде туристік саланы әкімдіктің жанындағы түрлі басқармалар – кәсіпкерлік, сауда, сыртқы байланыс және индустриялық-инновациялық даму басқармалары реттейді. Тек Алматы, Астана қалаларының, Ақмола, Шығыс-Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері жанында туризм бойынша бөлек басқарма бар.

- Марат Несіпқалиұлы, сіз өзіңіз шетелде демалуды ұнатасыз ба?

- Шынын айтсам, мен ешқашан шетелде демалмаппын және жақын арада демалу жоспарымда жоқ. Демалысымды Қазақстанда өткізгенді жөн көремін.

- Ал Қазақстанның қандай шипажайларына барғанды ұнатасыз?

- Соңғы рет, бірнеше жыл бұрын Бурабайдағы "Оқжетпес" шипажайында демалғам. Оңтүстік Қазақстандағы Сарыағашқа баруды жоспарлап жүрмін. Бірақ, негізі, үйде демалғанды жақсы көремін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу