Украинаға кең ауқымды соғыс бастағаны үшін былтыр Батыс ресейлік шикізаттардың экспортын қысқарту бағытында шаралар қабылдады. Соның қатарында 2022 жылғы 5 желтоқсанда РФ қара алтынының бағасына қатысты жоғарғы меже (потолок цен) белгіленді. Құбыр және теміржолды қоспағанда, теңізбен тасылатын ресейлік мұнайды сол бағадан қымбатқа сатып алуға тыйым салынды.
Баға шегін Еуропалық Одақ елдері, G7 мемлекеттері және Австралия қабылдады. Нәтижесінде, РФ өз мұнайының әр бөшке-баррелін 60 доллардан қымбатқа сата алмайды.
m.nashaniva.com
Бұл санкция өтпелі кезеңі аяқталған соң, 2023 жылғы ақпанда толық күшіне енді. Әрине, содан бері Мәскеу санкцияны айналып өтудің жолын тапты. Мысалы, ескі танкерлерді сатып алып, немесе соған ие фирмаларды жұмылдырып, "көлеңкелі флот" (теневой флот) құрды. Оған кіретін кемелерді Ресейдің өзі сақтандырады.
Бұған қоса, шикізатты сатып алатын елдер қосарлама санкцияға ілікпеуі және баға шектеуін сақтауы үшін Ресей өз мұнайының бағасын төл теңіз портында 60 доллардан арзан етіп көрсетеді. Яғни, қағаз жүзінде санкция бұзылмайды.
Ал шикізаттың "артылып қалған" бағасын тасымал шығынына жатқыза салады. Мысалы, Үндістанның кедендік есептемелерінде орыс мұнайының CIF (шикізат, сақтандыру және фрахт құны) бағасы әр баррелге 68 доллардан келетіні көрсетілген. Бұл схема туралы inbusiness.kz сараптап жазды.
Дегенмен, ресейлік "Нефть&Капитал" журналының жазуынша, баға шектеуі тіпті "көлеңкелі флоттың" иелерін де Ресеймен ат құйрығын үзуге итермелеп отыр. Себебі, РФ бөлетін табыс тәуекелге сай емес көрінеді.
"Мысалы, молдовалық Danube logistics пен швейцариялық Fractal Shipping ағымдағы баға жағдайында ресейлік мұнайды тасудан бас тартты. Джурджулештыдағы молдовалық терминалдың операторы саналатын Danube logistics РФ мұнай өнімдерімен жұмысын доғаратынын мәлімдеді. Бұл қадам сарапшылар үшін тосын болған жоқ. Себебі, 2021 жылы бұл компанияның 100% капиталын Еуропалық қайта құру және даму банкі сатып алған болатын. Осылайша, халықаралық қаржылық институт Молдованың Қара теңіздегі жалғыз порты саналатын Джурджулешты халықаралық еркін портын басқаратын оператордың жалғыз бенефициарына айналды. Тиісінше, ЕҚДБ компанияның ресейлік мұнай тасымалына септесуін қаламайтыны түсінікті", – деді мамандандырылған басылымның сарапшылары.
Ал бейтараптылығын сақтаған Швейцарияның Fractal Shipping компаниясы тосыннан ресейлік қара алтыннан ат-тонын ала қашады деп сарапшылар күтпепті.
Шектеу енгізілген соң, бұл компания көлеңкелі флотқа алғашқы болып қосылды. Содан 2022 жылғы желтоқсаннан бері Мәскеуге 88 миллион баррелдей мұнай мен мұнай өнімдерін жаһандық нарыққа өткізуіне көмектесті. Соның ішінде жартысын ғана РФ көмірсутегі ретінде көрсетіпті.
Кремльге қызмет ету үшін швейцариялық компания былтыр өз флотын кеңейтті. Пайдаланылғанына 10 жылдан асып кеткен танкерлерді сатып ала бастады. Бүгінде танкерлерінің саны 28-ге жеткен. Енді ол price cap (баға шектеуі) бұзылатындықтан ресейлік мұнайды тасымалдаудан іргесін аулақ салатынын жария етіп отыр.
Халықаралық сарапшылардың байламынша, мұның бәрі Мәскеудің санкцияларды, шектеулерді айналып өту схемаларының сонша мықты, тұрақты еместігін паш етеді.
"Тұйықтан шығар жол, басқа амал қалмағанда "көлеңкелі флоттың" қызметіне жүгінген орынды. Бірақ бұл схема мәңгілік жалғаса алмайды. Ескірген кемелерге сүйену, әрі санкцияларға қарамай, тәуекелдермен санаспай, көбірек табыс табумен еліккен, яғни мінез-құлығы құбылмалы компанияларға тәуелді болу жақсылық әпермейді. Бұл фактор ресейлік мұнай саласына қалыпты жұмыс істеп, дамуына мүмкіндік бермейді. Тек төл флотты өрістету арқылы бұл міндетті еңсеруге болады" – деді Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының сарапшысы Игорь Юшков.
Bloomberg бағалауынша, Мәскеу құрған "көлеңкелі флот" одан "ағылшынша кетіп қалады": қоштаспайды, әрі белгісіз бағытта тайып тұрады. Яғни, заңды тасымалға қарағанда еш кепілдік бермейді.
Кремльдің шашбауын көтеру, табыс тауып, соғысын жалғастыруына септесу – тасымал компанияларына да абырой әпермейді. Блумберг агенттігі үндістандық компанияны мысалға келтірді.
Қырғын соғыс басталған 2022 жылы халықаралық сарапшыларды Үндістанда құрылған жаңа компания – Gatik Ship Management тәнті етті, таң-тамаша қалдырды. Жер астынан жік шыққандай, жоқ жерден пайда болған Gatik небәрі 12 ай ішінде 50-ден аса танкерден тұратын алып флотилия қалыптастырды.
Әдетте, ондаған миллион доллар инвестиция салу үшін инвесторлар ұзақ ойланып-толғанып, пысықтайды. Ал мына компания танкерлер алуға бірден кірісіп, кем дегенде 1,4 миллиард доллар шығындаған.
Оның кемелері ресейлік шикізатты тасуға жұмылды.
Gatik флоты батыстық сақтандыру компанияларында сақтандырылған болып шықты. Содан шектеулерге іліге бастады. Амалсыздан, үнді тасымалдаушысына флотын бөлшектеуге тура келіпті. Танкерлердің бір бөлігі Африкадағы Габон мен Азиядағы Моңғолияның туының астында жүзе бастады.
Тағы екі кемесі ешкімге белгісіз Girik Ship Management деген фирмаға табысталған. Нәтижесінде, 2023 жылғы шілдеде Gatik Ship Management компаниясының қоластында небары 4 танкер ғана қалды.
Дегенмен, Bloomberg Ресейдің тапсырыстарын орындайтын "көлеңкелі флот" зордың күшімен болса да, жұмысын жалғастырғанына назар аудартады. Ағымдағы айдың бірінші жартысында бір ғана Үндістанға бұл флоттан 15 ірі танкер аттанған. Осы мерзімде соншасы кері қайтып келе жатты. Жасырын флоттың басқа кемелерінің маршруттерін індетіп, табу тіпті сарапшыларға да мүмкін болмаған.
Халықаралық ақпарат құралдары РФ түрлі схемаларды қолдану арқылы өз мұнайын Батыстың $60 баға шектеуінен 25 долларға қымбат сатып жатқанын анықтады.
Сондықтан кеше Ұлыбритания қаржы министрінің орынбасары Джоанна Пенн Ресейдің мұнайына қатысты шекті қайта қарап, төмендетуді ұсынды. Reuters хабарлауынша, Лондон "Үлкен жетілікке" тиісті ұсыныспен шыққан. Баға шегінің азайтылатыны, кемітілсе, қаншаға қысқартылатыны G20 аясында шешіледі.
Сонымен бірге Британия баға шектеуінің тиімді қолданылуын Батыс елдері қадағалауға тиістігін атап өтті. Сонда Мәскеудің қара алтыннан табатын табысы құлдырайды. Алайда ақпарат құралдары таяу уақытта "Үлкен жетілік" елдерінің мұнай шегін қайта қарауды жоспарлап отырмағанын жазды.
foreignpolicy.com
Әзірге Ресей мұнайдан табатын табысын бірте-бірте арттыруда. Ол ай сайын мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортынан 15,3 млрд долларға дейін табыс табады. Бұл былтырғыдан екі еседей кем. 2022 жыл қорытындысында Мәскеудің табысы 383,7 миллиард долларға жетті.