Мәжіліс депутаттарына іссапарға шығуға тыйым салынды

2160

Аппарат қызметкерлерінің 70%-ы қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшті. 

Мәжіліс депутаттарына іссапарға шығуға тыйым салынды

Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің мәлімдеуінше, ертеңнен бастап мәжіліс басқа жұмыс форматына ауысады. 

"Төтенше жағдайға және қаламызда карантин жариялануына байланысты Мәжілістің де жұмыс режимі өзгереді. Ертеңнен бастап мәжіліс жұмысының басым бөлігі басқа форматқа көшеді. Бұл әрбір азаматтың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалатын шара. Оған бәріміз түсіністікпен қарап, жоғары жауапкершілік танытуымыз керек", – деді мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин. 

Оның сөзінше, депутаттар мәжіліске жалпы отырыс күндерінде және заң жобалары бойынша комитет пен жұмыс топтарының отырыстарына ғана келсе жеткілікті. Басқа күндері қашықтықтан жұмыс істеуге рұқсат. 

"Жалпы отырыстар тек депутаттар мен заң жобасы бойынша негізгі баяндамашылардың қатысуымен өтеді", – деді Нұрлан Нығматулин. 

Мәжіліс төрағасының мәлімдеуінше, мәжілістің барлық шаралары онлайн режимде көрсетіледі. 

Айта кетейік, парламенттік тыңдаулар мен үкімет сағаттары, жоспарланған негізгі шаралар кейінге шегерілген. Мәжіліс ғимаратында жиын өткізуге, азаматтарды қабылдауға шектеу енгізілген.

Бұған қоса депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне іссапарға және қызмет барысындағы өзге де сапарларға шығуға тыйым салынды. Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің 70%-ы қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Ал аппараттың қалған қызметкерлері сағат 16:00-ге дейінгі қысқартылған жұмыс күніне ауысты.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу