Мәжіліс төрағасы кәсіпкерлердің қорғанына тұрды

2141

Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде антидемпингтік шаралардың тетігін нығайту бойынша нақты ұсыныс енгізетін уақыт жетті.

Мәжіліс төрағасы кәсіпкерлердің қорғанына тұрды

Бұған дейін депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жіберген болатын. Құжат екінші оқылымда қаралғандықтан, регламент бойынша палатадағы жұмыс тобының жетекшісі болып табылатын депутаттан басқа парламентшілерге де, үкімет мүшелеріне де сөз берілмеуі тиіс еді. Осыған қарамастан, жалпы отырысқа арнайы келген еліміздің бас экономисі өз ойын жеткізуге мұрсат сұрады. Бұл жерде аталған заңды әзірлеуші ұлттық экономика министрлігі екенін айта кеткен жөн.

"...Мәжіліс басшылығына, жұмыс тобына, барлық қызметкерлерге осы маңызды құжатты өте қысқа уақыт ішінде қабылдағандары үшін алғыс айтқым келеді. Қолданыстағы заңнамаға 800-ден астам түзету енгізілді. Менің ойымша, біз оларды мейлінше нақты пысықтап шықтық. Сол үшін зор алғыс", – деді Тимур Сүлейменов.

Алайда бас экономист те, бас қаржыгер де, бас банкир де, тіпті болашақ "бас биржашы" да төрағаның қатаң сынына ұшырады.

Алдымен  қалаулылар Қазақстан мен халықаралық қайта құру және даму банкi арасында "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзит дәлізінің "Оңтүстік-Батыс" автомобиль жолдарын дамыту жобасына қатысты бұрын бекітілген "№ 7681-KZ қарыз туралы келiсiмге" енгізілген №2 түзетулерге қатысты жаңа келісім-хатты ратификациялады.

Соңғы кездері отандық бизнесмендер "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" секілді ірі автокөлік жолын салуға қатысты тендерлерде шетелдік мердігерлердің жеңіске жететініне көп шағымдануда. Олардың дәйектеуінше, біріншіден, жатжұрттық компаниялар өз елдерінде инфляцияның төмен (0,5-2 пайыз ғана) болуы арқасында 3-4 пайызбен жеңіл несие ала алады. Ал Қазақстанда компанияларға тек 10-15 пайыздан жоғары несиелер ғана қолжетімді (бізде инфляция 8 пайыз). Бұған қоса  ұлттық валютамыздың бірнеше жыл ішінде екі еседей құнсызданып, девальвацияға ұшырай беруі кесірінен отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілік деңгейі құлдырауда. Сонымен бірге шетелдіктердің табысы да артады: олардың бір доллары бұрын 150 теңге ғана тұрса, қазір одан екі есе артық бағаланады.

Үшіншіден, шетелдік мердігерлер жол құрылысын жүзеге асыру барысында жоба құнын қайта қаратқызып, қымбаттату мүмкіндігіне де ие. Осының арқасында ірі жобалар бойынша тендер өткізу кезінде шетелдік компаниялар 25, тіпті 50 пайызға дейін бағаны түсіріп, демпинг жасай алады екен. Мұндайды бірде бір қазақстандық адал кәсіпорын көтере алмайды.   

Сондықтан мәжіліс төрағасы үкімет мүшелеріне Қазақстанның мемлекеттік сатып алуларында демпингке тосқауыл қоятын тетікті әзірлеуді қатаң тапсырды. Осы орайда Нұрлан Нығматулин конкурстарға қатысушы отандық компаниялардың қазіргі қалыптасқан жағдайына көңілі толмайтынын ашық білдірді. 

"Үкіметке, бірінші кезекте, қаржы және ұлттық экономика министрліктеріне, яғни осы бағыттағы мемлекеттік саясатты қалыптастыратын қос ведомствоға мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде антидемпингтік шаралардың тетігін нығайту бойынша нақты ұсыныс енгізетін уақыт жетті.

Келісесіздер ғой?" – деп ол аталған министрлерге қайырылды: "Егер келісетін болсаңыздар, қимылдайтын кез келді. Әйтпесе бастарыңызды изейсіздер, ал жұмыстарыңыз әзірге нашар", – деп атап өтті мәжіліс спикері.  

Ол қазіргі уақытта ірі инфрақұрылымдық объектілерді салу кезінде қазақстандық компанияларға қарағанда, шетелдік компаниялардың анағұрлым тиімді жағдайда екенін баса айтты. Оның айтуынша, шетелдіктер халықаралық банктерден ставкасы төмен кредит ала алады және өз қызметтері бойынша баға демпингін жүргізеді. Спикер бұл кесір құбылыстың тек жол құрылысымен шектелмей, өзге салаларға, мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына да көшіп жатқанына назар аударды.

"Қараңыздар, не болып жатқанын: адал емес мердігерлер демпингті бағалар бойынша келісім бекітеді де, кейін сол контрактідегі өз міндеттерін орындамағандарымен қоймай, қосымша қаражат талап ете бастайды", – деген ол мұның ақыр соңында жоба бойынша жұмыстардың да, қызметтердің де қымбаттауына соқтыратынын жеткізді.   

"Біздің компаниялар өз елімізде де қатал жағдайларда әрекет етуде. Инфрақұрылымдық немесе экономиканың басқа да нақты секторларында жұмыс істейтін компаниялар үшін несиелендіру бойынша қолайлы шарттар туғызбайынша, "жұмсақ" әрі "ұзын" қаржымен қамтамасыз етпейінше, оларға жұмыс жасау қиын болады. Үкімет, ұлттық банк нақты секторларда жұмыс істейтін отандық компаниялар үшін кредиттік ресурстарды арзандату туралы ойлануы керек. Қанша жылдан бері айтып келеміз, үкімет те, ұлттық банк те әлі күнге бір қадам жасаған жоқ", – деп сынға алды Нұрлан Нығматулин. 

Ол қазіргі күрделі шақта отандық бизнес қуатты қолдауды қажет ететінін нықтады: "Біз қазақстандық кәсіпкерлерді қорғауға тиіспіз. Біз адал емес бәсекелестікке заң жүзінде тосқауыл қойып, оны жоюымыз керек. Бұл депутаттарға да бағытталады: палатаның экономикалық реформа комитеті үкіметтегі әріптестерімізбен бірлесіп, бұл бағытты пысықтауымыз қажет. Адамдар күтіп отыр", – деп түйді мәжіліс басшысы.

Осы отырыста мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер  мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңды мақұлдады. Бұл құжат "Астана" халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) бөлінетін республикалық бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау тәртібін реттейді. Сонымен бірге заңда тәртіпті АХҚО басқарушысы мен қаржы министрі өздерінің бірлескен актілерімен анықтайтыны көрсетілген.

Осыған байланысты депутаттар алаңдаушылық білдірді. Яғни екі тұлға өзара мәмілессе, миллиардтарды өз қалауынша "судай" сапыра алады екен. Бұған қоса  депутаттар қаржы орталығына арна тартатын миллиардтар есеп комитетінің бақылауынан тыс қала ма деп қауіптенді. Өйткені биржа аймағында өз заңнамасы жүреді. Оның тілі де, іс қағаздары да, есептілігі де ағылшынша болады.   

Сарапшылардың айтуынша, осы халықаралық орталық аясында офшор құрылады. Бірақ жақында бұған түсініктеме берген АХҚО өкілдері мұны сәл түзетіп, өздерінің мұны "микс-офшор" деп атауды жақсы көретіндерін жеткізді.

Ал бүгін Нұрлан Нығматулин АХҚО басшылығына қаражаттың бақылаусыз қалмауы керектігін нықтап тапсырды. "Ешкім де, әсіресе, АХҚО басшылығы бұл орталықтың дербестігін бюджет қаржысын жұмсау үшін ешқандай жауапкершілігіміз жоқ деп түсінбеулері тиіс. Есеп комитеті бұл қаржы орталығына да бөлінген бюджет қаржысының қалай пайдаланылып жатқанына ұдайы бақылау жүргізетін болады. Бақылаусыз ақша болмауға тиіс. Осы естеріңізде болсын", – деді мәжіліс басшысы.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың түсіндіруінше, мәжіліс мақұлдаған жаңа заң жобасы қолданыстағы "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" конституциялық заңға өзгеріс енгізуді көздейді. "Атап айтқанда, жаңарған конституцияға сәйкестендіру мақсатында Астана қаласының шегіндегі аумақта ғана қолданылатын ерекше құқықтық режим тек қаржы саласын қамтиды. Орталыққа бөлінген бюджет қаражатын пайдалануды бақылауды қаржы министрлігі мен қаржы орталығының басқарушысы бірлесіп жүзеге асырады", – деді министр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу