Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бизнесті дамытуға бейілді емес

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3738

Депутаттар корпорацияларды тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағдарламасынан шығаруды ұсынып отыр.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бизнесті дамытуға бейілді емес

Бүгінде елімізде 17 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) жұмыс істейді. Деректерге сүйенсек, олардың табысы 2017 жылы 32,7 млрд теңгені құраған. Ал шығыны 31,4 млрд теңгеге тең. Қазір өңірлік корпорациялар жалпы сомасы 58 млрд теңге болатын 17 жобаны жүзеге асыруда Олардың тек 5,7 пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Басым бөлігі, яғни 70 пайызы құрылыс саласында жүзеге асырылуда. Осының салдарынан тұрақтандыру қорын қалыптастырып, пайдалануда бірқатар мәселе туындап отыр. Бұдан бөлек, үздік жобаларды өңірлерге тарату, тәжірибе алмасу ісі мүлде қолға алынбаған.

Сол себепті мәжіліс депутаты Сапархан Омаров әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағдарламасына қатыстырмауды ұсынып отыр.

"Өкінішке қарай, қазіргі кезде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбі экономиканың басқа салаларындағы жобалармен айналысуда. Яғни құрылыс, жер қойнауын пайдалану, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарда қамтылған. Корпорациялар ауыл шаруашылығына тиісті деңгейде көңіл бөліп отырған жоқ. Азық-түлік тауарларын, өңірлік тұрақтандыру қорларын құру мен пайдалану шараларымен ғана шектеліп келеді", – дейді халық қалаулысы Парламент Мәжілісінде өткен "дөңгелек үстелде".

Депутаттың сөзінше, тұрақтандыру қорларын құру мен пайдалану бағытында бірқатар проблемалар туындап отыр. Өкініштісі, аталған проблемалар шешімін таппай келеді. Мәселен, көкөністерді тұрақтандыру қорларына сатып алу кезінде өнімнің бүлінуіне байланысты шығынға тап болу тәуекелі бар.

"Өнім сатып алуға бөлінген қаржы мақсатты пайдаланылмай, корпорациялардың оны депозиттік шоттарында сақтауға бағыттағаны туралы деректер бар. Бірнеше облыста тұрақтандыру қорлары құрылмаған. Бірқатар өңірде мұндай қызмет түрі шығынды болып отыр. Бұл тұрғыда тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағдарламасынан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын шығару туралы ұсыныс жасалуда", – дейді Сапархан Омаров.

Депутаттардың пікірінше, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен тұрақтандыру қорлары азық-түлік бағасын ырыққа көндіре алмай келеді. Демек, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша бөлек бір құрылым құру қажет.

"Ауыл шаруашылығы мен тұрақтандыру қорларына қатысты бөлек бір құрылым керек. Бұл мәселені шешетін уақыт жеткен секілді. Бұл ретте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ауыл шаруашылығы басқармаларының, жергілікті атқарушы биліктің және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысын біріктіру керек. Біздіңше, аталған қадам азық-түлік бағасын тұрақтандырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы бизнесін тұрақты түрде дамытуға қомақты үлес қосар еді", – дейді мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу