Медицина бизнеске бет бұрды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2280

ДСМ бизнесті қысымнан құтқару үшін рұқсат ету құжаттарының санын 92%-ға, ерекше тәртіп бойынша тексерулер санын 28%-ға қысқартты.

Медицина бизнеске бет бұрды

Бұл туралы денсаулық сақтау ведомствосында "Бизнесті қолдау бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қабылданып жатқан шаралар туралы" тақырыбында өткен брифингте министрліктің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары – еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Іс-шара барысында қоғамдық денсаулық сақтау саласында бақылау мен қадағалаудың "тәуекелге бағдарланған үлгісі" енгізіліп жатқандығы, өнімнің қауіпсіздігін бизнеске қосымша жүктемесіз бақылауға мүмкіндік беретін бақылаудың жаңа нысандары өмірге жолдама алғандығы хабарланды.

Ел үкіметінің тапсырмаларын іске асыруда бизнеске қысымды төмендету үшін рұқсат ету құжаттарының саны бұрынғы 81-ден қазір 7 түрге дейін қысқартылыпты. Тәуелсіз сарапшылардың санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізуі, камералдық бақылау, өнімді өткізу сатысында сатып алу сияқты тексерулердің бұдан бұрын санитариялық қызмет қолданбаған балама түрлері енгізілді, өндірістік бақылау бағдарламаларын енгізу бойынша түсіндіру жұмысы жалғасуда.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тексерулер саны қысқартылып, осы бағытта жиналған тәжірибе тәуекелдерді бағалаудың жаңа критерийлерін әзірлеуге негіз болды. Эпидемиялық маңызды объектілер тізбесін қалыптастыруға арналған тәсілді қайта қарау ерекше тәртіп бойынша бақылау мен қадағалауға жататын объектілер санын 60%-ға немесе 26 мың объектіге қысқартуға мүмкіндік беріпті.

Ағымдағы жылдың екінші жартысына жоспарланған бақылаудағы объектілерді инвентаризациялау ерекше тәртіп бойынша тексерулердің санын 8,5 мыңға (бірден 28%-ға) қысқартуға жол ашқан.

Сондай-ақ бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин "Қайта реттеу" жобасы шеңберінде жүргізіліп жатқан санитариялық қағидалардың талаптарын оңтайландыру жұмысы туралы баяндады. Оның қорытындысы бойынша, санитариялық қағидалардың саны 10 еседен астамға кемітілген. Егер бұған дейін елде 700 қағида күшінде болса, қазір одан 67 ғана қалған.

Сондай-ақ бұған дейін Қазақстанда осы қағидалар негізінде 11 мың талап қойылатын және олардың көбі кәсіпкерлер тарапынан көңілге қонымсыз, жаңа заманға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде бұлардың саны қазіргі уақытта 4 мыңға дейін қысқартылды. Бұл қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ететін қазіргі заманғы технологиялардың дамуына байланысты түзетулерді енгізу қажеттілігінен туындаған және бұл процесс тұрақты өтуде.

Қазір жоспарланған 20 санитариялық қағиданың 5-і қайта бекітілді, Комитет олар бойынша 200-ге жуық талапты оңтайландырды, қауіпсіздікке әсер етпейтін, қолданылмайтын, ескірген 124 талапты алып тастады. Жасырын көрсетілетін мемлекеттік қызметтер қысқартылды.

Шамамен 25% ақпараттық құралдар (әртүрлі журналдарды жүргізу, шүберектерді таңбалау, ақпараттар ұсыну сияқты) қысқартылды. Тиімсіз есеп беру-есепке алу  құжаттамасын  алып тастау бизнес субъектісіне негізгі өндірістік қызметке көңіл аударуға мүмкіндік береді.

Жалпы тексерулер саны соңғы үш жылда 3 есеге, ал рұқсат ету құжаттарын беру 5 есеге қысқартылған.

Оңтайландырылған санитариялық қағидаларды қабылдау қызметтер көрсету сапасын жақсартуға; жеке секторды дамыту үшін әкімшілік кедергілерді алуға; мемлекеттік жеке әріптестік, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жобаларды іске асыруға бизнестің қолжетімділігін арттыруға және кәсіпкерлердің өндірістік бақылауды (өзін-өзі бақылау) енгізуге, бәсекеге қабілеттілікті және өнімнің сапасын арттыруға деген ынтасын жоғарылатуға мүмкіндік береді, бұл соңында кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруға алып келеді.

Сонымен қатар бизнесті қайта реттеу мемлекет, кәсіпкерлік пен тұтынушылар мүдделері теңгерімінің сақталуын ескере отырып, халықтың қауіпсіздік және жайлылық деңгейін төмендетпей жүргізіледі.

Сөзін қорытындылай келе  Жандарбек Бекшин халықты толғандыратын бақылаудан алынған объектілерді бақылаумен қамтамасыз ету үшін комитет бизнеспен, халықпен үнемі байланыста болуы қажет екенін атап өтті. Бұл үшін аумақтық бөлімшелері бар комитеттің сайты (kooz.mz.gov.kz) жұмыс істейді, барлық аумақтық бөлімшелерде қоғамдық қабылдау бар. Бұдан басқа консультациялық орталықтар, "жедел желі" телефондары бар, "Ашық есік күндері" ұйымдастырылады, азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Яғни санитарлық жүйе енді отандық бизнеске қарсы емес, онымен ынтымақтастықта дамитын болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу