Медициналық қызмет көрсету толықтай электронды форматқа көшеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5631

Отандық денсаулық сақтау саласына жасанды интелект енгізіледі.

Медициналық қызмет көрсету толықтай электронды форматқа көшеді

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, жергілікті ақпараттық жүйелерді қала, аудан орталығы деңгейінде қамту 96,7%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделуде. Ал аудандық деңгейден төмен көрсеткіш 44,7%-ға тең. Ол 2021 жылға дейін 100%-ға жеткізілмек.  

"Денсаулық сақтау саласын цифрландыру процесі, нақтырақ айтсақ медициналық ұйымдарды электронды форматқа көшіру жұмысы 2017 жылы Қарағанды облысында басталды. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап  бұл қатарға Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары қосылды. 1 сәуірден бастап Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Алматы облыстары электронды форматқа көшті. 1 шілдеден бастап Алматы мен Астана қалалары, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы денсаулық сақтау ұйымдары жаңа форматқа көшірілді. Яғни барлық өңір медициналық құжаттарды электронды форматта жүргізе бастады. Сондай-ақ Қазақстан бойынша 700-ден астам жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарын қамту көзделуде", – дейді Олжас Әбішев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Вице-министр денсаулық сақтау саласына жасанды интелек енгізілетінін атап өтті.  

"2017 жылдың 14 қыркүйегінде денсаулық сақтау министрлігі мен ІВМ компаниясы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Оның аясында денсаулық сақтау саласына жасанды интелектті – Watson for oncology-ды пилоттық режимде енгізу жоспарланған. Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының базасында онкологтардың қатысуымен пилоттық тестілеу өтті. Тестілеу барысында нозологияның 13 түрі бойынша (жыныс мүшесінің обыры, асқазан қылтамағы, өкпенің қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі, жиек ішегінің ісігі, бауырдың қатерлі ісігі, өңеш, қуықалды безінің, тік ішек, жатыр және қалқанша безінің қатерлі ісігі) 57 емдеу процесі жүргізілді. Пилоттық тестілеуге қатысқан дәрігерлердің 90%-дан астамы жаңашылдықты жоғары бағалады", – деді вице-министр.

Сонымен қатар, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер интеграцияланбақ. Бұл ретте, 2019 жылы ақпараттандыру және медициналық ақпараттық жүйелердің өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету үшін платформа құрылатын болады.  

"Саланы цифрландырудың негізгі принциптердің бірі – "пациентке бағдарлану". Ол үшін электронды денсаулық құжатын енгізу қажет. Бұл ретте пациентке қатысты ақпараттың бәрі электронды денсаулық құжатының бірыңғай репозиторийінде сақталатын болады. Платформаның құрамына кіретін электронды денсаулық құжаты медциналық қызметрлерге де, емделушілерге де қолжетімді болмақ", – дейді Олжас Әбішев.

Оның сөзінше, электронды денсаулық құжатының элементтері қазірдің өзінде өңірлік деңгейде енгізілген. Бүгінде республика бойынша жергілікті электронды денсаулық құжатымен қамту 79,3%-ды құрайды.  

Цифрландыру аясындағы тағы бір жаңашылдығы мобильді денсаулық сақтау (mHealth) элементтерінің енгізілуі. Мұндай элементтердің бірі – қашықтықтан кеңес беру.

"Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп "Патронажды мейірбике" мобильді қосымшасы әзірледі. Бүгінде Google Play Market-те қосымшаның текстік нұсқасы қолжетімді. Ол 200 мәрте жүктелген. Қосымша Қызылорда облысында пилоттық тестілеуден өтті", – деді вице-министр.

Сонымен қатар өңірлік деңгейде "DamuMed" және "К врачу" мобильді қосымшалары жұмыс істейтінін атап өткен дұрыс. 2018 жылдың тамызындағы дерекке сүйенсек, қосымшалар 1,5 млн рет жүктелген.

Олжас Әбішевтің айтуынша, цифрландырудың нәтижесінде үнемделген қаржы бюджетке кері қайтарылмайды. Ол дәрігерлердің еңбекақы қорына аударылады.

"Әрбір медициналық ұйым қағаз айналымнан ай сайын 13-14 миллион теңгеге дейін үнемдеп отыр. Біз осы үнемделген қаражатты дәрігерлердің жалақы қорына аударуды ұсындық. Осыдан кейін медициналық қызметкерлердің көбі министрліктің бастамасын қуана қолдады. Осылайша, үнемделген қаражатты саладағы өзге мәселелерді реттеуге жұмсаймыз", – деді Олжас Әбішев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу