Мегаполистердің мэрлері тұрғындарға Назарбаевтай сыйлық жасауға үйренбек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1818

Шымкент – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының (ТМД) астанасына айналды.

Мегаполистердің мэрлері тұрғындарға Назарбаевтай сыйлық жасауға үйренбек Фото: bnews.kz

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен, посткеңестік кеңістіктегі бас қалалардың саммитінде осындай шешім жарияланды.

Бұл ретте түсіндіре кетсек, Шымкент Достастық елдерінің тек "мәдени астанасы" болады және бұл мәртебе оған тек бір жылға – 2020 жылға беріледі. 

Бүл шешімді Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы ұйымының бүгінгі XXV сессиясында Қазақстанның сыртқы істер министрі Роман Василенко жария етті.

"Достастықтың мәдени астаналары" бағдарламасын жүзеге асыру өзінің жоғарғы тиімділігін көрсетті. Бұл бағдарлама ірі қалалардың әлеуетін ашуға бағдарланған. 2020 жылғы ТДМ-ның мәдени астанасы Шымкент болады", – деп мәлімдеді Роман Василенко.

"Достастықтың мәдени астаналары" жобасы 2010 жылы "ТМД-ның тарихи-мәдени мұрасының жылы" аясында бастау алған болатын. Содан бері әр жылдары Достастықтың мәдени қалалары мәртебесін қазақ елінің бас қаласы – Астана, Әзербайжанның Габала қаласы және Беларусьтің Могилев қаласы иеленген болатын.

Жиында сөз сөйлеген Астана әкімі Әсет Исекешев посткеңестік кеңістікпен шектеліп қалмай, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің ірі қалалары мэрлерінің кеңесін құруды ұсынды. ШЫҰ-ға Қытай халық республикасы сыртында, биылдан бастап, Үндістан мен Пәкістан кіргені мәлім.

Сондай-ақ қалабасы бұл бастамасының әзірлік жұмыстарына биылғы күзден бастап білек сыбана кірісіп, белсенді ілгерілетпек. Нәтижесінде, ол жаңа кеңес аясында ШЫҰ елдеріндегі барлық әріптестерімен тұңғыш кездесуін келесі жылы-ақ Астанада өткізуге ниетті.

"Қазіргі заманда қалалар, әсіресе, мегаполистер бүкіл елдің және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын болады. Сондықтан біз жаңа алаңды – тәжірибе алмасуға арналған бірыңғай ақпараттық ресурсты құруды ұсынамыз. Ол порталда тұрақты түрде өзара пікірлермен, идеяларымызбен алмаса алар едік. Біз сондай-ақ "ШЫҰ елдері, яғни Ресей, Қытай, Үндістан, Орталық Азия елдері қалалары мэрлерінің кеңесін" құру бастамасымен шығамыз. Кеңестің мақсаты – тек астаналардың ғана емес, сондай-ақ ірі қалалардың сауда, логистика, энергетика, смарт-технологияларды ендіру салаларындағы ынтымақтастығын дамыту болады. Бұл тетіктердің барлығы ШЫҰ мемлекеттері басшыларының идеяларына жауап береді", – деп нықтады Әсет Исекешев.

Елорда әкімі жаңа кеңес әйтеуір бір жиналып, жақсы әңгіме-дүкен құрып, тарасып кетумен айналыспай, "прагматикалық" шаралар түзетін алаңға айналуға тиістігін айтты. Яғни, қазақша айтқанда, жұмысы той  тойлауға емес, ой ойлауға құрылғаны абзал.

Әсет Өрентайұлы ШЫҰ елдерінің ірі қалалары басшыларына осыған қажетті жұмыс материалдарын бағыттауға уәде етті. Оның байламынша, жаңа ұйым аясында жоғарыда аталған салалар сыртында, қуатты тиімді жұмсау, жаңғыратын энергия көздерін молынан пайдалану, қоғамдық көлікті дамыту, электронды коммерцияны ілгерілету, сонымен қатар университеттер арасындағы байланыстарды нығайту және басқа да бағыттар бойынша қоян-қолтық жұмыс жасау, озық тәжірибелерді өзара енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Әсет Исекешев "ШЫҰ мэрлер кеңесі" сессияда кездесіп, тарап кететін емес, тұрақты жұмыс істейтін органы (әдетте бұл – хатшылық) бар ұйым болуға тиіс дейді. Яғни, бұл үшін мүше елдерге қаржылай шығын шығарып, мүшелік жарна енгізу қажет болатын түрі бар. 

Жиында қалабасыларға қайырылған "ТМД экономикалық дамуының іскерлік орталығы" коммерциялық емес серіктестігінің бас директоры Владимир Савченко мегаполистер басшылары өздерін нағыз қожайынша ұстауға және Нұрсұлтан Назарбаевтай сыйлық жасауға үйренулері керектігін айтты.

Ол Тәуелсіз мемлекеттер достастығы туралы тарихи келісімге осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстанның бірінші мегаполисі – Алматыда қол қойылғанын еске салды. Кеңес одағы тұсында республикада салтанаты мен әл-ауқаты тұрғысынан Алматыға тең келетін басқа шаһар болмаған.

"Ал бүгін біз 20 жасқа аяқ басқан жаңа мегаполисте кездесіп отырмыз. Астана – Қазақстанның тұңғыш президентінің идеясы бойынша іргесі қаланған және Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен өркен жайған қала. Нұрсұлтан Назарбаев – қысқа уақыт ішінде өз мемлекетінің беделін әлемдік биіктерге дейін көтере алған тұлға. Ендеше жігіттер (ребята), яғни жолдастар, келіңіздер, өзімізге және бүкіл тұрғындарға Қазақстан Президентіндей сыйлық жасауға үйренейік! Осы істе жұмыстарыңызға табыс тілеймін! – деді Владимир Савченко.

Расында, кеңес тұсында барлық одақтас республикалар Мәскеуден мәртебелі қала жоқтай қабылдаса, қазір сол Мәскеудің өзі қазақ елінің жас Астанасынан үйренуге құмбыл отыр. Атап айтқанда, Ресей астанасының мэриясы елорданы агломерация ретінде дамыту, "Астананың азық-түлік белдеуі" секілді жобаларды зерделеуде екен. Бір қызығы сол, Мәскеуді агломерация ретінде дамыту біраз қиыншылықтарға кезігетін көрінеді. Мәселен, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысының өзара ынтымақтастығы ынталандырылмақ түгіл, жазаланатыны айтылды. Өйткені егер РФ астанасының мэриясы астаналық облысқа қаржы салса, бірлесе жобаны жүзеге асырса, бұл бюджет қаржысын мақсатсыз және тиімсіз жұмсау болып табылып, Есеп палатасы тарапынан қудаланады және тергеу жұмыстары жүргізіледі.

Ал Қазақстанда бұл бағыттағы заңнама әлдеқайда икемді болып келеді. 

Айтылғанындай, PricewaterhouseCoopers (PwC) агенттігінің жаңа мәліметі бойынша 2030 жылға қарай, яғни 13 жылдан кейін дүниежүзінде негізінен шағын қалалар мен ірі агломерациялар ғана қалады деп болжануда: бұл ретте бүкіл планета тұрғындарының шамамен 24%-ы немесе әрбір он адамның жетеуі ірі агломерацияларға шоғырланатын болады.

Қазіргі кезде агломерациялардың жалпы ішкі өнімдердегі үлесі шамамен 38%-ға жетеді, ал 2030 жылға қарай 43%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Еңбек өнімділігінің өсімін беретін де осылар болады деп тұспалдануда. Қазақстанда мемлекет Астананы, Алматыны, Шымкентті және Ақтауды агломерация ретінде дамытуға ниетті. PwC зерттеушілері агломерациялар "ел дамуының драйверіне" айналатынын айтады және олардың өркендеу қарқыны бүкіл елдің даму деңгейінен әлдеқайда асып түсетін болады. Осыдан магниттей "тарту күші" пайда болып, ауылдағы тұрғындарды өздеріне жаппай тарта бастауы ықтимал дейді сарапшылар.

Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы ұйымының бүгінгі XXV сессиясына посткеңестік кеңістіктегі 28 ірі қаладан шамамен жүз адам қатысуда. Оларға биыл Қытай мен Италиядан келген делегаттар қосылды. Онда қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайларында қалалардың кешенді әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша инновациялық шешімдер ізделмек. Осы орайда отырыста заманауи урбанизациялану аясында қаланы және көлік жүйесін басқару бойынша ақылды технологияларды енгізу мәселелері талқыға салынды.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу