Мектеп әлде үй: Билік басқа жер таппады ма?

Тұрғындар жылдар бойы тұрып жатқан панасынан айрылмақ емес. 

Мектеп әлде үй: Билік басқа жер таппады ма? Фото: pavon.kz

Павлодар қаласында мектептер салуға саяжайлардан басқа аумақ қалмаған көрінеді. Жергілікті әкімдік жұрт талайдан бері тұрып келе жатқан үйлерге "көз тігіп" отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан бір ай бұрын "Сосновый бор" деп аталатын саяжай тұрғындары үйлерін, моншалары мен гараждарын сүруге тура келетіні туралы естіді. Бұл жайт төбелерінен жай түсіргендей болды. Себебі бұл аумақта жер үйлер көп, кәдімгі саяжайларға қарағанда кентке көбірек ұқсайтын. Қаланың өзінен пәтер алуға шамасы келмеген кейбір тұрғындар өз күштерімен үй салып, отбасыларымен тұрып жатыр. Сондықтан маңдай термен, қыруар қаржымен әрі қара күшпен салынған баспаналарын мектеп, балабақша мен дүкен үшін босатуы керек екенін білгенде наразылық танытып, шенеуніктердің шешімі дұрыс емес екенін дәлелдемек болды.

"Біздің саяжай – мыңдаған адам тұратын шағын аудан. Үйімізде су алатын құдық, электр энергиясы бар. Үлкен аумаққа үймен қатар, монша, гараж да салдық. Осыдан біраз уақыт бұрын еккен 14 түп қарағай бар. Енді мұның барлығын әп сәтте қалай бұзып, жермен бірдей тегістеп тастауға болады? Осыны түсінбеймін. Балабақша, мектептің салынуына еш қарсылығым жоқ. Тек қазіргі баспаналардың орнына емес, басқа аумаққа салғаны дұрыс", – дейді Наталья Поплавец есімді тұрғын.

Тұрғындардың наразылығынан соң, Павлодар қаласының әкімдігі 2020 жылы қабылданған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қайта қарайтын болды. Сол жылы мұнда 420 орындық мектеп пен 240 бүлдіршінге арналған балабақша салу жоспарланған еді.

"Мәселе тұрғындармен талқыланған соң, балабақша мен мектеп "Сосновый бор" саяжайлығында емес, одан әрірек аумақта бой көтеретін болып шешілді. Қазір бұл әлеуметтік нысандарды Торговая, Космонавтов көшелерінің бойында, Нефтехим зауытының жолы маңында салу бойынша жоба әзірленуде", – деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Есесіне енді "Ертіс" саяжайындағы жекеменшік жер үйлердің иелері өздеріне тиесілі аумақтарды мектеп құрылысының қажеттілігі үшін беруге қарсы.

"Біздің саяжайдың аумағында жазда ғана келетін адамдар некен-саяқ. Мұндағы тұрғындардың 80%-ы қыста да осында тұрады. Басқа барар жері жоқ. Мен де балаларым мен немерелерім үшін жылдар бойы арманымдағы үйді тұрғызып, бау-бақша салдым. Жақында олардың орнын босатуымыз керек екенін естіп таң қалдық. Тұрғындардың басым бөлігінде жер учаскесін саяжайдан жеке үйдің құрылысына ауыстыру туралы құжаты бар. Сонда бұл қалай болғаны?", – дейді қарт тұрғын.

Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайыргелді Бексейітовтың айтуынша, мұнда да білім беру нысандары салынады.

"Ертіс" саяжайының жалпы аумағы – 68,7 гектар. 2020 жылы бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, бұл аумақта 140 балаға арналған балабақша мен 624 орындық мектеп болуы керек", – дейді Қайыргелді Бексейітов.

Бұл саяжайлардағы үйлерді де аман алып қалу үшін бастамашыл топ әкімдікке бірнеше рет шағым жазып, арыз түсіруі керек пе? Қаланың аумағында оқу орындарын салар басқа жер қалған жоқ па? Кейбір қоғам белсенділері бұрыннан салынған үйлерді емес, зауыттарды ысыру керек деп есептейді. Ал бүгінде мектеп пен үйдің біреуін ғана таңдауға итермелеу – қисынға келмейтін іс.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу