"Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргіміз келеді"

Ауылдағы әлеуметтік нысандарды қалай жаңғыртуға болады?   

"Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргіміз келеді"

Павлодар облысы Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылдық округінің құрылғанына таяуда жарты ғасыр толып, ауыл жұртшылығы атаулы күнді айрықша атап өтті.

Алайда бұл елді мекендегі әлеуметтік нысандар әбден тозып, тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, ауылдағы мектеп 1987 жылы салынғаннан бері кешенді түрде күрделі жөндеуден өткен емес. Соңғы жылдары тозығы жеткен ғимарат оқушылар мен мұғалімдерге, қызметкерлерге ыңғайсыздық жасай бастады. Қыста ғимарат іші суып кететіні тағы бар.

Сол сияқты жергілікті клуб тұрғындарға тарлық етіп отыр. Мәдениет мекемесі небәрі 65 адамға арналған. Ал ауылдағы ағайынның саны 700-ден асады. Сондықтан ауқымды мерекелік шараларды клубта өткізу мүмкін емес.

Осыдан 40 жыл бұрын салынған медициналық пункт те тар. Жыл сайын өтетін медициналық тексеріс кезінде іші адамға лық толады. Күндізгі стационардағы орын шектеулі әрі төсек-орындары ескірген. Қазандықтың ғимараттың ішінде орналасуы да қыс кезінде айтарлықтай қауіп тудырады.

"Ауылымыз жақсы. Жыл сайын тұрғындар көбейіп келеді. Азаматтардың 90 пайызы жұмыспен қамтылған. Көбі Екібастұз қаласындағы кәсіпорындарда, Бозшакөл кен байыту орнында жұмыс істейді. Бірақ жолдың ой-шұңқырлары жұмысқа барып-келуге кедергі келтіреді. Қыста жағдайда тіпті қиындай ма деп қорқамыз. Жасыратыны жоқ, кей кездері ауыл ішіндегі жолдарды өзіміз жамап-жасқаймыз. Осының бәрін ретке келтіру үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысып, соның игілігін көргіміз келеді", – дейді ауыл тұрғыны Қайсар Мұхитжан.

Жарты ғасырлық тарихы бар ауылда осындай қордаланып қалған мәселе шаш етектен. Тұрғындарды титықтатқан бұл мәселелер жылдар бойы шешілмей келеді.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің сөзінше, жағдайды реттеп, әлеуметтік нысандарды толығымен жаңғыртудың бір жолы бар. Ол – "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына қатысу. Алайда бұл елді мекен қалаға қарасты болғандықтан мемлекеттік бағдарламаға ілікпейді.

"Екібастұз өңірінде әлеуеті бойынша тірек ауылдарға қойылатын талаптарға сай келетін аумақтар да бар. Бірақ олардың барлығы Екібастұз қаласына қарасты елді мекендер санатына жататындықтан, соңғы үш жыл бойы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасының игілігін көре алмай келеді. Қазіргі уақытта жалпы құны 5 млрд теңге болатын жобаларға қатысты құжаттар әзір. Егер құзырлы министрлік тарапынан қолдау болып, тиісті қаражат қарастырылса, сол жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз", дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Сондықтан шаһар басшысы өңірге жұмыс сапарымен келген Әлібек Қуантыровтан әлеуеті жоғары осындай ауылдарды тірек ауылға айналдырып, мемлекеттік бағдарламаға қосу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

"Аталмыш бағдарламаға сұраныс өте жоғары. Еліміздегі 6 мыңнан астам елді мекеннің 3,5 мыңы тірек және спутниктік ауыл болып саналады. Бұл қатарға Бәйет ауылын да қосуға болады. Тірек ауылға айналса, мемлекеттік бағдарлама аясында ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Жергілікті әкімдік тиісті құжаттарды жолдаса, қарастыруға әзірміз", – деп ұсынысты қолдады министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу