Президент тапсырмасымен жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, сыртқы экономикалық қызметке, шетелмен сауда-саттыққа тартылғандардың 90%-ы жемқорлыққа жолыққан. Оның 45%-ы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Антикор тек ШҚО-да ғана коррупциялық схемалар жолға қойылған 3 көліктік бақылау пунктін әшкереледі. Ал мұндай бекеттердің еліміздегі жалпы саны – 49.
Сондай-ақ Қытаймен арадағы шекарада контрабанданың ауқымы 5,7 млрд долларға жетеді. Қаңтар айының соңында "Нұр Жолының" қызметкерлері белгілі бір ақыға контрабандалық тауарларды шекарадан еркін өткізіп отырған деп айыпталды. Мамыр айында Бас прокуратура "Нұр Жолы" кедендік бекетінің бастығы және екі орынбасары ұсталғанын хабарлады. Сондай-ақ кеденге жауапты Алматы қаласының мемкірістер департаментінің қызметкерлері ақпараттық жүйедегі мәліметтерді түзету жолымен 9 импорттаушыға тауарлардың кедендік құнын тексеруден құтылып кетуіне көмектескен.
Бұған қоса, Қ.Тоқаевтың қатаң сынынан кейін "еліміздегі ең беделді отбасының" өкілдерімен байланысы бар кедендік операторларға қатысты кең ауқымды, кешенді тексерістер басталды. 10 ақпанда Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Қорғастағы" заңсыз схемалардың ақырғы пайдакүнем-бенефициарлары кім екенін жариялап, нақты есімдерді атауға уәде еткен. Алайда тісі батпағанға ұқсайды.
"Бас прокуратураның ведомствоаралық тобы кедендегі 9 уәкілетті экономикалық операторға және оның 1 филиалына қатысты көшпелі кедендік тексерулерді аяқтады. Әшкереленген бұзушылықтар бойынша комитет қосымша есептеу арқылы жалпы сомасы 107 миллиард теңгені өндірді. Сондай-ақ 58 миллиард теңгеге салық төлеуден жалтару фактілері анықталды. 3 жыл ішіндегі бұзушылықтардың жалпы сомасы – 165 миллиард теңге. Бұдан өзге, 398 миллиард теңгеге жалған электрондық шот-фактуралар жазып берілгені белгілі болды. Алдын ала шығын сомасы – 128 млрд теңге. Материалдар қылмыстық іс қозғау мәселесін қарау үшін құқық қорғау органдарына берілді", – деп мәлім етті Мемлекеттік кірістер комитеті.
Тағы 151 импорттаушының жалған ЭШФ жазып беруі бойынша материалдар Қаржы мониторингі агенттігіне жіберілді.
Ақпарат құралдары "қазақстандық ең беделді отбасымен байланысты бірқатар фирмалар Қытайдан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Түркиядан контрабанда тасқынын жолға қойды деген күдік барын" хабарлады. Егжей-тегжейі, аты-жөндер сол бойы айтылмады.
Сонымен қатар 1 ақпанда "Достық" және "Алакөл" кеден бекеттерінің бастықтары Ерлан Өмірзақов пен Мәлік Шауленов қызметтерінен қуылды.
Қалай болғанда, кеденге терең тамыр жайған жемқорлықпен күрес байқалады. Бірақ "жегіқұрт" жойылды деу қиын.
Осы орайда "Sultan & Beibarys" халыққа заңгерлік қызметтер көрсету орталығының директоры Мейірбек Алмасов кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Ол хаттың көшірмелері Антикор төрағасына, ҰҚК төрағасына және басқа құзырлы органдарға жолданған. М.Алмасов клиентінің бастан кешкен оқиғасын баяндай келе, кедендегі жемқорлықпен күреске қатысты өтінішін айтты.
Сонымен орталыққа тәжік азаматы М.Лоиков арызбен жүгінген екен.
"Ол "Қапланбек" кеден бекетінің басшылығы мен қызметкерлерінің әрекетсіздігіне, коррупциялық іс-әрекеттерге шағымданады. Оның айтуынша, 2022 жылғы 20 мамырда ол көлігімен "Қапланбек" кеден бекетінің аумағына кіреді. Оның жанында тәжікстандық нөмірлері бар тағы 3 жеңіл көлік және өзбекстандық нөмірлі 2 автомобиль тұрады.
"Барлығының автокөліктерінің уақытша әкелім (временный ввоз) мерзімдері өтіп кеткен. Осы кезде қасымызға өзін "Мөлдір апа" деп таныстырған әйел тақап келді. Ол өз қызметіне ақы төлесе, кеден бекеті арқылы еш кедергісіз өткізіп жіберетінін айтты. Ол үшін әрқайсымыздан 300 доллардан талап етті. Оның сендіруінше, ақы берсек, кеденшілер еш тексерусіз, тиіспей, тінтімей, өткізе салатын көрінеді. Әлгі аталған автокөліктердің иелері келісе кетті. Содан әрқайсысы Мөлдір апаға сұраған сомасын жинап берді. Сол-ақ екен, олар кеден бекетінен еш кедергісіз өтті де кетті", – деп баяндады М.Лоиков.
Оның қалтасында сонша сомада қаражат болмағандықтан, ол Мөлдір апаның тілегін орындай алмаған. Сөйтіп кеденнен де өте алмады.
Мейірбек Алмасовтың атап көрсетуінше, кеденшілер уақытша әкелім мерзімінің бітіп қалғаны үшін әлгілерге айыппұл төлеттіруі керек еді, алайда олар төлемеген. Олардан импорттық баж, қосылған құн салығы, кедендік баж, бюджетке басқа да төлемдер талап етілмепті.
Орталық басшысының түсіндіруінше, әңгіме шетелден айдап әкелінген арзан көліктер туралы болып отыр. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі және 2021 жылғы 5 сәуірдегі шешімдеріне сәйкес, жеке мақсатта пайдалану үшін уақытша әкелінген мұндай көліктердің кедендік баждан, салықтардан босатылу мерзімі 2021 жылғы 30 қыркүйекте аяқталды.
"Біздің ойымызша, кедендік бекет қызметкерлерінің жәрдемдесуінсіз және қатысуынсыз Мөлдір апа өз бетінше ЕЭК Кеңесінің шешімдерін айналып өтіп, автокөліктердің кедендік бекеттен кедергісіз өтуін қамтамасыз ете алмас еді. Оларды айыппұл және бюджетке басқа да міндетті төлемдерді төлеуден құтқаратындай Мөлдір апаның қандай "құдыреті" бар?", – деп қайран қалады "Sultan & Beibarys" орталығының директоры.
Хикая мұнымен бітпепті. Лоиков таныстарынан, туыстарынан сұралған соманы жинап, күн салып, кедендік бекетке қайта оралады.
"Ол қалыптасқан жағдайды қалай шешуге және шекарадан қалай кедергісіз өтуге болатынын сұрап, енді тікелей "Капланбек" бекетінің қызметкерлеріне жүгінеді. Онымен әңгімелескен кеден қызметкері (аты хатта аталған) қолына 1 мың доллар берсе, ол мәселені өзі шешетінін және ешқандай төлем төлеткізбей-ақ кеденнен еркін өткізе алатынын ашық айтады. Сонша қаржы азамат Лоиковта болмай шықты. Содан ол осының алдында Мөлдір апа деген әйел өзгелердің осы мәселесін 300 долларға шешіп бергенін алға тартады. Бұған әлгі қызметкер тас-талқан ашуланып, не ол 1000 доллар ақысын беріп, проблеманы тып-тыныш шеше алатынын, немесе оның кеденнен өтуі үлкен мәселеге айналатынын жеткізіп, доқ көрсеткен", – дейді Мейірбек Алмасов.
Кеденшілердің түсіндіруінше, көліктің айыппұлы және басқа да бюджетке міндетті төлемдері бірнеше миллион теңгеге түспек.
Жігері құм болған Лоиков "Қапланбек" бекетінің басшылығына шағымданып, оның қызметкерлерінің жемқорлық әрекеттерін баяндаған көрінеді.
"Алайда "Қапланбек" бастығы азаматтың хабарлаған коррупция туралы фактісі бойынша қандай да бір шара қабылдамаған. Оның орнына ол дөрекі сөйлеп, егер шағымы болса, Түркістан қаласына барып, әңгімесін сол жақта айтуға жолдапты. Мен кеден бекеті басшысының сөзін абсурд, заңға қайшы деп санаймын! Өзге мемлекеттің азаматын шағым айтуы үшін басқа қалаға бағыттап, сандалтып қоюға бола ма? М.Лоиковтың мәліметінше, осының алдында Мөлдір апа ұқсас бұзушылықтары бар Opel Vectra (нөмірі, деректері хатта айтылған) көлігін "Қазығұрт" кедендік бекеті арқылы еш айыппұл, баж, ҚҚС, кедендік алымсыз өткізіп жіберген. Сондықтан мәселенің байыбына бару және коррупциялық схемаларды анықтау үшін кеден бекеттеріндегі бейнекамералардың жазбаларын қарау қажет деп санаймыз. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, егер біздің айбынды қызметкерлеріміз жемқорлыққа қатысты әрекеттерге көз жұма қарай беретін болса, Қазақстанның заңдарын бұзуға септессе, онда шетелдіктер алдында Қазақстанның абыройы төгіледі", – деді Мейірбек Алмасов Президентке хатында.
Орталық басшысы өз хатында ел басшылығынан "Қапланбек", "Қазығұрт", "Атамекен", "Б.Қонысбаев" кедендік бекеттеріндегі бұзушылықтарды анықтау үшін комиссия құруды сұрады. Кеденшілердің әрекетіне комиссия тиісті бағасын беруі керек деген ойда. Сондай-ақ ол 26–28 мамыр аралығында "Қапланбек" бекетін кесіп өткен тәжік нөмірлі жеңіл көліктерге қатысты видеожазбаларды құқық қорғау органдарымен бірге қарап шығуға рұқсат сұрады. Сонда қанша көліктің кедендік рәсімдерден өткені, қайсысының одан тыс қалғаны әшкереленуге тиіс.
Жанат Ардақ