"Мораторий шағын бизнестің нығаюына әсер етуі керек"

Салықтан босатылған кәсіпкерлер қаржыларын бизнесті дамытуға жұмсағанда ғана мораторий нәтижелі болады.  

"Мораторий  шағын бизнестің нығаюына әсер етуі керек"

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың пікірінше, шағын және микро бизнес салық төлеуден босатылған соң, бюджетке түсетін қаржы көлемі 108 млрд теңгеге қысқарады.

"Шығындарды жалпы трансфер арқылы толықтырамыз. Яғни, жергілікті бюджеттен шығын шықпайды. Үш жылға арналған жалпы трансферді жоспарлау барысында мұның барлығын ескердік",-деді министр.

Бұл ретте Tickmill халықаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев, салықтық мораторий дер кезінде енгізілгенін айтады. Себебі еліміз шикізатқа тәуелділіктен арылуы қажет.

"Қазақстанның экономикасы шикізатқа тәуелді. Қазіргі кезде ішкі дамудың өзге көздерін іздейтін кез келді. Шикізат, оның ішінде мұнай бағасы бұрынғыдай жоғары емес. Мамандардың болжамдарына назар аударсақ "қара алтынның" бағасы алдағы үш жылда айтарлықтай өспейді. 2020-2021 жылдары мұнай бағасы ең төменгі шегіне жетуі мүмкін",– дейді Арман Бейсембаев.

Әрине, мемлекеттік қолдау бірінші кезекте бизнестің нығаюына әсер етеді. Сондықтан шағын кәсіпкер үш жылдың ішінде орта кәсіпкерге айналса, микро бизнеспен айналысатындар шағын бизнес иелері атануы мүмкін.

"Үш жылдан соң, жағдай қалай өзгеретіні маңызды. Қазір мемлекет жеңілдік беріп, үш жылдан соң салық мөлшерін өсірсе, мораторий нәтижелі болмайды",– дейді Арман Бейсембаев.

Сондай-ақ сарапшының пікірінше, бизнесті қолдау бұл ауқымды шара. Оны тек шағын кәсіпкерлерге қатысты деп түсінуге болмайды.

"Салықтық мораторий ел экономикасына әсер етеді. Себебі салық бойынша төленбеген қаржы кәсіпті кеңейтуге жұмсалады. Нәтижесінде бизнес дамиды. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етеді. Ал еңбекке араласқан адамдар жалақы алып, ақшаларын азық-түлік пен сапалы медициналық көмекке, білім алуға жұмсайды. Соған сәйкес тұтынушылық нарық өсіп, экономика дамиды. Сонымен қатар жұмысқа тұрған адамдар депозит ашып, зейнетақы төлемдерін жасай бастайды. Демек бұл банк секторы мен зейнетақы жүйесіне де әсер етеді",– дейді халықаралық брокерлік топ сарапшысы. 

Ал жуырда Қаржы министрі Әлихан Смайылов үш жылдық жеңілдік барлық микро-шағын бизнесті қамтымайтынын айтты.

"Қазақстанда 1 млн 308 мың микро және шағын бизнес субъектісі бар. Оның 1 млн 236 мыңы арнайы салықтық режимді пайдаланады. Атап айтсақ, патент және жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейді. Яғни бұл кәсіпкерлер жалпы табысынан 2 немесе 3% салық төлейтін. Енді осы кәсіпкерлер үш жылға табыс салығынан босатылады",– деді министр.

Ал DAMU Capital Management директоры Мұрат Қастаевтің пікірінше, мораторий арнайы салықтық режим бойынша жұмыс істейтіндерге ғана емес, микро-шағын бизнестің барлық субъектілеріне ортақ болуы керек. 

"Салық режимі микро және шағын бизнестің барлығына ортақ болуы шарт. Олай болмаған жағдайда бизнес иелері арнайы режимдерге ауысады немесе табыстарын жасыра бастайды. Жалпы Президенттің мораторий жариялауы мемлекет пен бизнесті жақындата түсетін маңызды қадам. Микро және шағын бизнес Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 28%-ын құрайды. Алайда салық есебінде оның пайызы төмен. Сәйкесінше төленбеген салық бюджетке айтарлықай салмақ салмайды. Ал шағын бизнес үшін бұл үлкен көмек",– дейді Мұрат Қастаев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу