Мұғалімнің мардымсыз жалақысы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7266

Елдегі баға өсіміне ілесе алмай келеді.

Мұғалімнің мардымсыз жалақысы

Жуырда ҚР білім және ғылым министрлігінің "Facebook" әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Қазақстан мұғалімдерінің еңбекақысы туралы ақпарат жарияланды. Онда ұстаздар қауымының айлығы соңғы жылдары қаншалықты өзгергендігі көрсетілді.

Ведомстваның мәліметіне сүйенсек, 2012 жылдан 2016 жылға дейін орташа айлық еңбекақы 67 900 теңгеден 99 100 теңгеге дейін өскен. Басқаша айтсақ, осы жылдар мұғдарында мұғалімдер айлықты 45,9%-ға артық алатын болған. 2012-2015 жылдары педагогтардың жалақысы 2-7%-ға көбейсе, 2016 жылы айтарлықтай өсім көрсеткен. Яғни былтыр 31,8%-ға көтерілген.

Министрлік таратқан хабарламада мұғалімдердің еңбекақысына оның біліктілігі, еңбек өтілі, сондай-ақ оқу жүктемесі секілді факторлар әсер ететіндігі айтылған.

Алайда экономистердің бұған қарсы уәжі бар. "TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рахым Ошақбаевтың пікірінше, ұстаздардың еңбекақысы шын мәнінде өспеген. Керісінше, құлдыраған.  

"Атаулы еңбекақы өсімі жарияланғанда елдегі инфляция деңгейі есепке алынбайды. Дәл осы жағдай экономистерді үнемі таң қалдырып келеді. Мұндайда инфляция және нақты жағдай секілді экономикалық санаттарды қаперден шығармаған жөн. Бұлар көрсеткіштердің динамикасын әлдеқайда дұрыс есептеуге мүмкіндік береді", – деп жазды Рахым Ошақбаев "Facebook"-тегі жеке парақшасына.

Экономист төмендегідей статистикалық деректерді мысал ретінде келтірді. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің соңғы деректеріне сүйенсек, 2017 жылдың үшінші тоқсанында білім саласы қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы 90 мың теңгені құраған. Ал 2016 жылғы көрсеткіш білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, 99 мың теңгеге емес, 94,5 мың теңгеге тең болған.   

"2012 жылмен салыстырғанда, білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 33%-ға өскен. Ал дәл осы аралықта инфляция көрсеткіштеріне байланысты тауарлар бағасы 45%-ға артты. Демек, мұғалімдердің айлығы бағаның өсіміне ілесе алмай келеді. Сондықтан нақты жағдайда ұстаздардың еңбекақысы керісінше төмен құлдырап барады", – деп жазды Рахым Ошақбаев.

ҚР білім және ғылым министрлігінің бұрынғы вице-министрі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов те ұстаздардың еңбекақысына қатысты үн қосыпты.

"Мұғалімдердің материалдық жағдайын арттыруға мүмкіндік беретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі туралы ойлану керек. Әзірше қадамды ұстаздар жүктемесінің көбеюінен бастаған жөн шығар, бәлкім. Қазір оларға көптеген жаңа міндет жүктелген. Ал мұның бәрі қосымша еңбекті әрі жұмыс орнында ұзақ уақыт болуды талап етеді. Мысал ретінде "Күнделік" электронды журналын алайық. Оны толтыру – ұстаздарға айтарлықтай салмақ. Өкінішке қарай ол үшін ақы төленбейді. Бірақ бұл бизнес жоба ғой. Демек ақша табуға болады деген сөз. Мәселен Ресейде деректерді "Дневник.РУ" - ға енгізгені үшін 15 мыңнан 45 мың теңге аралығында қосымша ақы төлеу тәжірибесі бар", – деп жазды Мұрат Әбенов "Facebook"-тегі жеке парақшасына.

Редакциясы Чехияның Прага қаласында орналасқан "Настоящее Время" телеарнасы келмеске кеткен кеңес үкіметінің қанатының астында болған елдердің ұстаздары орта есеппен қанша айлық алатынын есептепті. Телеарна мемлекеттердегі салалық ведомствалардың 2016 жылғы ресми статистикалық деректерін негізге алған. Сондай-ақ еңбекақыны есептеу барысында қаржылық ақпараттар топтастырылатын "Google Finance" сайтының 2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі доллар бағамын пайдаланыпты.

"Настоящее Время" - ның есептеуінше, мұғалімдерге еңбекақыны көп төлейтін ел – Эстония. Аталған мемлекеттегі ұстаздардың орташа айлық жалақысы – 1 195 доллар. Үздік үштікте Латвия (835 доллар) мен Литва (828 доллар) бар. Ресей – төртінші орында (483 доллар). Бестікті Қазақстан түйіндеп тұр (280 доллар). Тәжікстандық ұстаздар ең аз жалақы алады екен (91 доллар). Көш соңындағы елдердің қатарында Украина (147 доллар) мен Қырғызстан (159 доллар) да бар. Атап өтерлігі, "Настоящее Время" ұсынған статистикада Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері қамтылмаған. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу