Мұнай енді қымбаттай қоймайды, ал теңге әлсірей бермек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2290

Алдағы уақытта доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 335-340 теңге аралығында тербелуі әбден мүмкін.

Мұнай енді қымбаттай қоймайды, ал теңге әлсірей бермек Фото: kursiv.kz

Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) алдағы уақытта мұнайдың арзандамаса, қымбаттамайтынын хабарлап отыр. 2017 жылдың ортасынан бастап қарқынды түрде қымбаттап келе жатқан мұнай бағасының тұрақталуына төмендегі бірнеше факторлар әсер етпек.

Нарықтағы сұраныс пен ұсыныс балансы орнай бастады
Соңғы бірер айда тұрақты түрде қымбаттаған мұнай бағасы ертеректе нарықтағы сұранысқа кері әсерін тигізіп, ол өз кезегінде жаһандық экономикалық дағдарысқа алып соғуы мүмкін екені айтылған, дегенмен қазіргі тұрақтылық бұл қатердің алдын алуға мүмкіндік бермек.

"Былтырдан бергі қарқын енді азаяды. Баға тұрақталады. Нәтижесінде сұраныс та арта бастайды", деп жазады агенттік ай сайынғы есебінде.

Агенттік 2019 жылғы қара алтын сұранысын өзгеріссіз тәулігіне 1,4 млн баррель көлемінде қалдырып отыр. Бұл биылғы сұраныс көлемімен тең. Сонымен қатар, келер жылы сұраныстың азайып кету мүмкіндігі де айтылуда. Оған себеп, бағаның көтерілуі, экономикалық өсімнің бәсеңдеуі, сауда соғысы мен АҚШ долларының нығаю ықтималдығы.

Нарықтағы ұсынысқа келер болсақ, Венесуэла мен Ирандағы өндірістің азаюы басқа елдердегі өндірістің артуына ықпал етуі ықтимал. Агенттік мәліметінше, аталған екі елдегі өндіріс көлемі 30 пайызға дейін төмендеп кетуі мүмкін.

Сонымен қатар, агенттік өз болжамында ОПЕК ұйымына кірмейтін мұнай экспорттаушы елдердегі өндіріс көлемінің тәулігіне 2 млн баррельге дейін көбеюі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Аталған өсімді негізінен АҚШ қамтамасыз етпек. Ал 2019 жылы өсім қарқыны тәулігіне 1,7 млн баррельге дейін төмендеуге тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, ОПЕК күні кеше жариялаған есебінде нарықтағы ұсыныстың ұйымға кірмейтін экспорттаушы елдер есебінен ұлғая түсетінін хабарлап отыр. Оған қоса, соңғы кездері ең ірі экспорттаушылар Сауд Арабиясы мен Ресей өндірісті арттыруға мүдделі екені, ал Иран мен Ирактың оған қарсы екені туралы да әңгімелер айтыла бастады.

Айта кетейік, бүгін Путин мен Саудияның мұрагер ханзадасы Мұхаммед Салман әл-Сауд жыл соңына дейін күшінде болады деп келісілген мұнай өндірісін азайту туралы келісімді талқыламақ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, аталған келісімнен шығу жайы сөз болмайды. Қалай дегенде де, нарықтағы осы беймәлім жағдай маусым айының 22-сінде өтетін ОПЕК+ саммитіне дейін жалғаспақ.

Трамптың ықпалы
Нарықтағы ұсыныс пен сұраныс енді қалыпқа келе бастағанда АҚШ президенті Дональд Трамп ОПЕК жұмысын кезекті рет сынап, мұнай бағасының қымбаттығымен келіспейтінін жеткізді. Анау-мынау дипломатияны Твиттер арқылы шеше беретін Ақ үй басшысы кеше өзінің ресми парақшасында былай деп жазды: "Мұнай бағасы тым қымбат. ОПЕК ескі әуеніне қайта басты. Бұл жақсылық емес".

Естеріңізде болса, сәуір айының ортасындағы осындай жазбасы мұнайдың айтарлықтай арзандап кетуіне себеп болған еді.

Өткен апта америкалық ақпарат құралдары Трамп әкімшілігінің ОПЕК-тен өндірісті ұлғайтуын сұрағанын жеткізді. Ондағы мақсат алдағы уақытта кезекті америкалық санкциядан кейін Ирандағы өндіріс азайса, соның орнын толтыру. Алайда, осы апта басында ОПЕК президенті, БАӘ мұнай министрі Сухейлб әл-Мазруи бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Доллардың өзіндік құнының көтерілуі
АҚШ Федералды резерв жүйесі кеше доллардың базалық мөлшерлемесін 0,25 пайызға көтеріп, жылдық 1,75-2,0 пайызға жеткізді. Бұл биылғы екінші рет көтеру. Кешегі жиында АҚШ бас банкі кіл жақсы жаңалықтарымен бөлісті: жұмыссыздық азайып, халықтың ақша жұмсауы көбейіп, инвестиция артып, инфляция жоспарлы 2 пайызға жақындаған.

ФРЖ комитеті өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта экономикалық белсенділіктің артуы, еңбек нарығының күштілігі және инфляцияның 2 пайыз деңгейінде сақталуы есебінен базалық мөлшерлеме көтеріле бермек.

Сарапшылар қазіргі ахуалға қарай отырып, доллардың базалық мөлшерлемесінің 3 пайызға дейін көтеру керектігін айтуда. Осыған орай, жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме кемінде тағы екі рет көтеріліп қалуы ықтимал. Доллармен сатылатын мұнай бағасының қымбаттау қарқыны тоқтағанда доллардың өзіндік құнының артуы қара алтынның бағасын арзандатуға тиіс.

Екіншіден, доллардың базалық мөлшерлемесінің қымбаттауы, әрине, оның өзіндік құнының артуына, ол өз кезегінде салыстырмалы түрде өзге валюталарға шаққандағы бағамының көтерілуіне әсер етеді. Яғни, кешегі базалық мөлшерлеменің көтерілгенінен кейін бүгін-ертең теңге тағы әлсіреп, жыл соңына дейін тағы да доллар-теңге бағамының көтеріле түсуі ықтимал. Оған мұнай саласындағы Қазақстан үшін айтарлықтай жағымды емес жаңалықтарды, атап айтқанда доллардың нығаюы есебінен мұнайдың арзандау қаупі барын қоссаңыз, алдағы уақытта доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 335-340 теңге аралығында тербелуі әбден мүмкін.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу