Мұнайшылар мәмілелесті

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2150

Энергетика министрлері дәстүрлі энергия тасымалдаушыларға деген сұраныс артады деп отыр.

Мұнайшылар мәмілелесті

Біріккен ұлттар ұйымының өнеркәсіптік даму жөніндегі бас директоры Ли Юнның төрағалық етуімен Қазақстанның елордасында өтіп жатқан "Тұрақты энергетиканың сын-қатерлерін шешу" министрлер конференциясы аясындағы министрлер диалогы барысында түрлі елдердің энергетика мекемелерінің басшылары осындай пікір білдірді.

Отырыстың ашылуында Еуропалық комиссияның энергетика одағы мәселелері жөніндегі вице-президенті Марош Шефчович сөз сөйледі. Ол Париж келісіміне сәйкес елдерде температураның жоғарылауын бақылауға қол жеткізу үшін парниктік газдардың бөлінуін төмендету жөніндегі ұлттық жоспарлардың барын еске салды.

"Қазіргі уақытта көптеген ел климатты өзгертуге қатысты келісімді бекіткенін көріп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, осы келісім аясында біз жарты градустық көрсеткішке қол жеткізуіміз керек. Осыған орай, тіпті үш градусқа көтерудің өзі жоғары  температура болып саналады, ал ол парниктік газ қалдықтарын қысқарту жөніндегі тиісті жоспармен сүйемелденуге тиіс. Сондықтан Париж келісімі әр қатысушының алдына нақты міндет қояды", – деді ол.

Марош Шефчович Еуроодақ парниктік газдардың бөлінуін төмендету жөнінде үлкен шара  қабылдап жатқанын атап өтті.

"Осыған байланысты АҚШ-тың Париж келісімінен шығу туралы біржақты шешім жасағаны өкінішті, бірақ бұл шешім Құрама Штаттардағы Калифорния, Вашингтонға қосымша ынталандыру беретінін айтқым келеді. Осы штат басшылары, сондай-ақ көптеген қала мэрлері  мен америкалық корпорация басшылары нәтижеге қол жеткізу үшін  Париж келісімі барысындағы шарт бойынша жұмыс істейтіндерін айтты", –  деп мәлімдеді  Марош Шефчович.

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев республикамыздың энергетикалық сыйымдылығы әзірге экономикалық құрылымы мен климаттық жағдайлары ұқсас елдермен салыстырғанда жоғары екенін еске салды.

"Елдің ЖІӨ-не млн доллар үлес қосу үшін 400 тоннадан артық мұнай баламасы қажет. Жоғары көмірсутек өндірісі қарқын алып жатқан кезде біз алдымызға нақты мақсат қоямыз. Біз экономиканы жаңғырту арқылы 2020 жылға қарай ЖІӨ-нің энергетикалық сыйымдылығын  25%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай 50%-ға төмендетуді мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ біз елдің электрлік теңгеріміне баламалы және жаңартылатын энергия көздерін тартатын боламыз, оның үлесі 2020 жылға қарай 3%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жетеді", –  деді ол.

Республика күкірт оксиді, азот оксидтері және қатты бөлшектердің қалдықтарын еуропалық деңгейге дейін қысқартуды мақсат етіп отыр. Яғни Қазақстан төмен көмірсутекті экономиканың үлгісін жасауды жоспарлайды.  Ал әзірше елдің ЖІӨ-нің шамамен 15%-ы көмірсутек өнімдерін сатудан түскен табыстан қалыптасып отыр.

Ресей Федерациясының энергетика министрі Александр Новак энергетиканы дамытуда кешенді әдіс-тәсілдердің маңызы туралы айтты.

"Әрине, артып келе жатқан энергетикалық тиімділік, жаңартылатын энергия көздері сұраныс жылдамдығының төмендеуіне әкеледі, бірақ дегенмен алдағы 20 жылда энергияны пайдалану 30%-ға артады деп күтіледі", – деді ол.

Министрдің ойынша, көмірсутекке деген сұраныстың артуына көптеген фактор әсер етіп отыр, оның ішінде автомобильдендіру, электрлендіру, экономикалық даму мен әлемдегі халық санының артуын айтуға болады.

Қазіргі кезде әлемде іске қосылып жатқан қуаттың жартысынан көбі жаңартылатын энергия көздеріне жатады.

"Бұл көрсеткіш одан әрі өсе береді, себебі әлем бір орында тұрған жоқ және алдағы бірнеше жылда күн батареялары мен жел қондырғыларының құны тағы 30-60%-ға төмендейді", – деді Александр Новак.

РФ энергетика министрі атап өткендей, нарықта тікелей экономикаға қатысты емес кедергілер бар. Ол мысал ретінде Еуропалық комиссияны атап өтті.

"Өкінішке қарай, коммерциялық компаниялар арасындағы келісімдерге кіруге және нақты себепсіз негізгі инфрақұрылымдық жобалардың тағдырын шешуге деген ықыласын байқап отырмыз. Бұл әрекеттердің барлығы ең алдымен ірі экономикалардың тұтынушыларына әсер ететіні, оларды бәсекеге қабілетсіз ететіні айдан анық. Одан бөлек үлкен инвестициялық мүмкіндіктерден құр қалдырады", – деді Александр Новак.

Сауд Арабиясының энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл-Фалих электромобильдердің дамуына,  жаңартылатын энергетиканың ілгерілеуіне, сондай-ақ алдағы жылдары әлем бетпе-бет келетін сын-тегеуріндерге баса назар аударды.

"Дегенмен жаңартылатын энергия көздеріне қатысты үлкен сын-тегеуріндер бар, ол осы энергияны әсіресе электр энергиясын сақтауға және осы көлемді тұтынушыға жеткізуге байланысты. Осыған орай әлем бойынша үлкен энергетикалық инфрақұрылым қажет", – деді ол.

Алдағы онжылдықта дамушы елдердегі энергияны пайдалану мөлшері дамыған әлеммен салыстырғанда артатынын айтты министр.

"Алдағы онжылдықта жаһандық сұраныс өседі деп айта аламыз", – деді Халид әл-Фалих.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу