"Қазақстандық тарап Қырғыз елінің сыртқы істер министрлігінің 19 қыркүйек күні Алматыда Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан Республикасы президенттігіне үміткерлердің біреуімен кездесуіне қатысты реакциясына таңданыс білдірді. Мемлекет басшысы көрнекті саяси қызметкерлердің және әр елдің саяси партия басшыларының өтініші бойынша кездесу өткізеді. Бұл халықаралық тәжірибемен толық сәйкес келеді. Сонымен қатар мұндай іс шаралар ашық өтеді және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылады", – деп атап көрсетілген қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының жауап берген нотасында.
Құжатта көрсетілгендей, мұндай кездесу жақында, атап айтсақ 14 тамыз күні Қырғыз елінің президенттігіне басқа үміткер, экс-премьер-министр Сооранбай Жээнбековпен болған еді.
"Сонымен қатар Қырғызстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің Қазақстан президентінің айтқандарын қате түсініп отырғанын айтқымыз келеді. Жоғарыда айтылған кездесу барысында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз елінің президенттігіне үміткерлердің нақты біреуіне қандай да бір қолдау көрсеткен жоқ. Сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында қырғыз өкілдерімен өткен кездесу барысында елбасы көрші елдің сенім білдіріп сайлаған кез келген президентімен тиімді өзара әрекет етуге дайын екендігін айтты",– деп көрсетілген дипломаттық құжатта.
ҚР сыртқы істер министрлігі қырғыз тарапының ішкі іске араласып, қырғыз халқының сайлауына ықпал жасамақ болды деген жорамалын жоққа шығарды.
"Қырғызстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің мұндай реакциясы екі ел арасындағы бауырлас қарым-қатынасқа және Қазақстан мен Қырғызстан Республикасы арасындағы одақтас қарым-қатынас туралы келісімшартқа қарсы келеді деп ойлаймыз", – деп көрсетілген құжатта.
Бұған дейін Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен көрші елдің президенттігіне үміткердің кездесуі заңға қайшы келмейді деген болатын.
Алайда кейбір сарапшылар президенттікке үміткер фото және бейне материалдардың өз елінде көрсетілуін көздеуі мүмкін деп отыр.
"Бабанов жоғарыда айтылған кездесуді өз пайдасы үшін пайдаланғаны сөзсіз, яғни алдын ала жоспарлап, мұның арты не болатынын жақсы білген. Ал бұл сайлау туралы конституциялық заңға қайшы келеді", – дейді олар.
Көрші елдің сыртқы істер министрлігі болса бұл кездесуді Қырғызстан халқының таңдауына ықпал жасау деп ойлайды. Еске сала кетсек, 19 қыркүйек күні Қазақстан президенті Алматыда Қырғыз елінің президенттігіне үміткер Омурбек Бабановпен екіжақты ынтымақтастық пен бауырлас қарым-қатынасты одан әрі нығайту керектігін талқылаған болатын.
Атап айтар болсақ, мұндай тәжірибе әлемдік халықаралық қарым-қатынас жүйесінде кеңінен танымал. Мысалы былтыр АҚШ-та сайлау алдында республикалықтар атынан үміткер болған Дональд Трамп көршілес Мексикаға барып, сол елдің саяси басшыларымен келіссөз жүргізген.
Гүлназ Ермағанбетова, Арсен Дилим