"Обухов" үшін "шайқас": Құрылтайшылар әділдік іздейді

2028

"Обухов" кен байыту комбинаты лицензиясынан айырылып, 400-ден аса адам жұмыссыз қалған. Мәселеге биліктің назарын аударту үшін кәсіпорындағы кейбір қызметкерлер аштық жариялады.  

"Обухов" үшін "шайқас": Құрылтайшылар әділдік іздейді

Солтүстік Қазақстан облысындағы аталған комбинат – еліміздегі бірегей кен орындардың бірі. Мұнда әлемде жоғары сұранысқа ие титан-цирконий кені өндіріледі. Ол электроника, атом энергетикасы, зымыран жасауда қолданылады. Бірақ бүгінде кен байыту комбинатының жағдайы мәз емес. Оған құрылтайшылар арасындағы текетірес себеп. inbusiness.kz тілшісі тараптардың пікірін білді.

"Обухов" кен байыту комбинаты "Тиолайн" ЖШС-ға тиесілі. Компанияның атқарушы директоры, құрылтайшысы Виктор Долгалев жұмысшылардың аштық жариялануына қарсы екенін айтты.

"Олар осы әрекетімін қарсылық білдіріп жатыр. Осында "Башқұрт сода" компаниясының өкілдері келіп отыр. Олар кәсіпорынды ("Обухов" кен байыту комбинатын) сатып алғанын айтады. Бірақ олар бір тиын да төлеген жоқ", - деді атқарушы директор елордада өткен баспасөз мәслихатының кулуарында.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі салық төленбегені үшін "Тиолайннан" жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты қайтарып алған. Бүгінде кен орнындағы жұмыс тоқтап тұр. Комбинаттың болашағы бұлыңғыр. Виктор Долгалев оған ЖШС құрылтайшылары Дмитрий Пяткин мен Александр Фрайманді (екеуі де Ресей азаматы) кінәлайды. Олар компанияның негізі акционері болып саналады (50,4%).

Тараптар арасындағы келіспеушілік 15 жыл бұрын басталған. Олар алғашында кредит берушілерді таңдауда ортақ шешімге келе алмаған, ал кейін құрылтайшылар Виктор Долголевті жарғылық капиталды ұлғайту арқылы бизнестен шығарған. Салдарынан оның үлесі 20%-дан 0,049%-ға дейін қысқарған.

Алайда сот арқылы кәсіпкер компаниядағы өз үлесін қайтарып, қызметіне қайта оралған. Бірақ дау мұнымен бітпеген.

"Алғашында компанияда 7 құрылтайшы болған. Олардың басым бөлігі Ресей азаматтары, біреуі қайтыс болды. Қазір 6 құрылтайшы бар. Оның біреуі Виктор Долгалев болса, қалған 5 адам ресейліктер. Бұл – осылардың арасындағы дау. Бұл осындай деңгейге көтерілмей, азаматтық-құқықтық тәртіппен шешілетін мәселе еді. Алайда ол қылмыстық-құқықтық тәртіппен қаралып жатыр", - деді Виктор Долгалевтің адвокаты Абзал Құспан.

Ол бұл істі 21 тамызда алғанын, оның анық-қанығын енді біліп жатқанын жеткізді.

Виктор Долгалевтың айтуынша, бүгінде кен орны электр жарығынан ажыратылған, ал компанияның қарызы өсіп жатыр. Мемлекеттік органдар бұл жағдайды біледі, бірақ құрылтайшылардың әрекетіне кедергі жасамай отыр. Бұған қарсы шыққан кен орнының төрт қызметкері аштық жариялаған.

Баспасөз мәслихатына Долголевтің қарсыластарына да келді. "Тиолайнның" тағы бір құрылтайшысы Хамзат Бисұлтанов (компания акциясының 11% тиесілі) журналистерге ресейліктер өз акциясын сатса да, одан ештеңе өзгермейтінін айтты.

Ресейдің "Башқұрт сода" компаниясына "Тиолайнның" активтерін сату туралы мәселе болған және ол Үкімет деңгейінде қаралған.

"Осындай шулы даудан кейін башқұрт компаниясы активтерді сатып ала ма? Ол жағын білмеймін", - деді Хамзат Бисұлтанов.

Оның айтуынша, Долгалев "Обухов" кен орнында жұмыс істеуге басқа да компанияларды тартқан. Онда оның әйелі мен балалары да болған.

"Қазір біз соттасып жатырмыз. Салық төленбеді деген дәлелдер бар", - деді құрылтайшы.

Хамзат Бисұлтанов мемлекеттік органдар көмек сұрайтынын жеткізді.

"Біз "Тиолайн" компаниясының атынан шағымданып отырмыз. "Мемлекетке бізді тонап жатыр, тиісті шараларды қабылдаңыздар" деп жатырмыз. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ... Барлық 6 құрылтайшы оның (Виктор Долгалев – автор) кен орнында болуына қарсымыз. Алтаумыз ол заңсыз жұмыс істеп жүр деген пікірдеміз", - деді құрылтайшы.

Алайда Виктор Долгалев бұл пікірмен келіспейтінін атап өтті.

Құрылтайшылар арасындағы дау немен бітері белгісіз, істің ақ-қарасын сот анықтайды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу