Оқшау өмірдегі Рамазан

5621

Коронавирус пандемиясы 1,8 млрд мұсылман үшін Қасиетті Ораза айының ғасырлар бойғы тәртібін өзгертіп, ислам әлемінің ең ірі мешіттерін жабуға мәжбүр етіп отыр. 

Оқшау өмірдегі Рамазан

Бүгін бүкіл мұсылман әлемінде Рамазан айы басталып жатыр. Ислам дүниесінің жадында дәл биылғыдай Ораза сақталмаған шығар. Коронавирус панденмиясы қасиетті отыз күннің ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін 2020 жылы мейлінше өзгертті.

Мысырдың діни басшылығы жылдағыдай көшелер мен мешіттерде кедейлер үшін қайырымдылық дастарқанын жайып, ауызашар беруге тыйым салып отыр. Сонымен қатар, мұнда Рамазанның соңғы 10 күнін мешіттерде өткізіп, мінәжат етуге арналған Итикаф дәстүрі де алдағы айда орындалмайтын болды және өткен айдың соңында Мысырда вирустың тарауын тоқтату мақсатында мешіттер жабылды.

Сауд Арабиясының  бас мүфтиі болса, Рамазан айындағы намазды, әсіресе, жамиғатты кешкісін мешіттерге жинайтын тарауық-намаз бен Оразаның соңында тойланатын Айт мерекесін биыл қоғамдық жерлерде емес, әркім өз үйлерінде өткізуі керек деп шешім шығарды.

Бұған қоса, Саудия үкіметі Мекке мен Мәдинаға виза беруді доғарып, екі қаладағы қасиетті мешіттердің Рамазан айында жабық тұратынын және оларда жылдағы дәстүр бойынша кедейлерге ифтар берілмейтінін мәлімдеді.

"Қасиетті Рамазан айын Алланың үйінде Тарауық, Қиям намаздарын оқи алмай қарсы алып отырғанымыз жаныма батып отыр. Бірақ барлық сақтық шарасы адамдардың өмірі мен игілігін COVID-19 пандемиясы әлемге қауіп төндіріп тұрған шақта қорғау мақсатында қабылданды", – дейді король Салман. Монархтың бұл мәлімдемесін SPA ақпарат агенттігі таратты.

Иран президенті Хасан Рухани да халықтан кешірім сұрай отырып, ирандықтарды Рамазан кезінде қасиетті кесенелерге бармауға және ифтарды бір жерде емес, жеке-жеке өткізуге үндеді.

"Биылғы қасиетті айда жиналып ифтар тәрізді үйреншікті салтты орындауға жол берілмейді. Ал, мешіттер мен қасиетті орындар екі аптаға жабылады", –дейді Ислам Республикасының басшысы.

Пәкістан үкіметі таяуда тек бес адамға дейін жиналып, намаз оқылсын деген ереже шығарған еді. Алайда жамағат бұл заңды бұзып, мешіттерге көптеп барып, соңғы кездері мұсылмандар мен полицейлер арасында бірнеше рет қақтығыс болды. Осы оқиғалардан кейін, елдің діни элитасы шектеулерді жеңілдетуді талап етіп, үкіметке ескерту жасады.

Сенбі күні билік дінбасылардың талабына құлақ асып, мешіттерге шектеусіз кіруге рұқсат берді. "Адамдар өздерінің саяси және діни лидерлерінің тайталаспай бірлікте болғанын қалайды. Кез-келген жанжал жақсылыққа апармайды", – дейді президент Ариф Алви 18 сәуірде жергілікті журналистер алдында жасаған бір мәлімдемесінде.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан болса, онсызда әлсіреген экономикаға зиян тигізіп алудан қауіптеніп, бизнесті түгелдей жабуға аса ниет танытып отырған жоқ. Дегенмен, аймақтардағы басшылық өзіндік шектеулер енгізіп, кәсіпорындардың көбінің жұмысын тоқтатып, халыққа үйлерінде отыруға бұйрық берді.

Елдің әйгілі Dawn газеті редакциялық мақаласында үкіметтің шектеулерін қолдап, "Бұл шаралар дінді масқаралау деп қарастырылмауы керек; шектеулер ең алдымен қоғамның денсаулығын қорғауға бағытталған" деп жазды.

Алайда діндарлар биліктің әлеуметтік алшақтану және оқшаулану шараларын сынға алып, олардың кедейлер мен құдайшыл адамдарға залал тигізетінін ескертті. Сондай-ақ көптеген діндар пәкістандықтар жамағат болып намаз оқу елдің коронавирусты жеңуіне қажет деп есептейді.

"Біз Аллаға оралып, одан коронавирусты тоқтатуды өтініп, құлшылық етуге тиіспіз", – дейді жергілікті діни семинария басшысының орынбасары Маулана Хамид әл-Хақ.

Осылайша, Пәкістанда пандемия кезінде мектептер мен кәсіпорындардың көбі жабылып, қоғамдық көлік тоқтағанымен,  Рамазан айында мешіттер ашық болады.

Ауғанстандағы гуманитарлық және діни ұйымдардың мәлімдеуінше, вирустық эпидемия мен карантиндік шаралар салдарынан Рамазан қарсаңында азық-түлік сұраған кедейлер күрт көбейген.

"Джамият Эслах" діни тобының мүшесі Фатах Джавад "Вашингтон пост" газетіне берген сұхбатында айтқандай, ол жұмыс істейтін ұйым жыл сайын Рамазан қарсаңында 75 мың долларға қайырымдылық көмек көрсетсе, биыл кедейлерге 100 мың доллардың тағамын тегін таратқан.

Ливан, Ирак, Сирия, Мысырда коменданттық сағат күн батқаннан кейін, жарты сағаттан 90 минутқа дейін біршама жеңілдетіледі. Бірақ осы уақыт аралығында тұрғындар ифтар үшін тым ұзаққа ел аралап кете алмайды.

Индонезия – әлемнің ең ірі мұсылман мемлекеті. Мұнда үкімет миллиондаған мемлекеттік қызметкерге, жауынгерлерге, полицейлерге  Рамазан аяқталғанда өтетін Ид әл-Фитр мерекесі үшін үйлеріне баруға тыйым салды.

"Коронавирустан қорқыныш Айт мерекесін ата-анамызбен тойлауға мұрша бермей отыр", – дейді Джакарта тұрғыны Рахмат Мардианся "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.  

Иерусалимдегі әлемде көлемі жағынан үшінші орында тұрған әйгілі "әл-Ақса" мешіті де мұсылмандар үшін Ораза айында жабық тұрады. Мұны осы мекемені басқаратын "Ислам вакфы" ұйымы мәлімдеп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу