Өндірістік өңірде үкімет басшысы неге алаңдады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3256

Бүгін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді.  

Өндірістік өңірде үкімет басшысы неге алаңдады

Министрлердің өздері жазғы демалысқа кетіп жатқанда, Бақытжан Сағынтаев жазғы аптап ыстық пен нөсер жаңбырда Қазақстанның өңірлерін аралауды жалғастыруда.

Себебі, бұл – мемлекет басшысының тапсырмасы, оны екі етуге премьердің де жүрегі дауаламаса керек. Үкімет жетекшісі елбасының биылғы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауы мен "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің облыстарда қалай іске асырылып жатқанын өз көзімен көруі, қадағалауға тиіс. Бұл жергілікті басшылардың жағаны жайлауға салып, жоғарғы жақтың тапсырмаларын ұмыт қалдырмауы үшін қажеттей.

Бүгін Қарағандыға атбасын тіреген үкімет басшысының діттегені де осы.

"Жан-жағынан темір арқандармен тартып тастаған түтінсіз темір труба биік деңнің бетінде тұр. Оны төңіректей, ертеде салынған бес-алты тас барак тым аласа, қайсыбірі жарылып құлауға бейімделген, сыртынан тіреп қойыпты. Барақ маңы жота-жота көмір күлдері, жел үп етсе қара боран тұрады", – деп суреттеген екен кеңес кезіндегі Қарағандыны белгілі жазушы Ғабиден Мұстафин өзінің "Қарағанды" атты романында.

Қазіргі көрініс әрине, басқаша. Индустриялық өндіріс орындарының кейпі өзгерген, технологиялары жаңалау. Бірақ ауасы Астанадан өзгешелеу: сол бұрынғыдай өкпені қабады, деміктіреді. Метал тозаңдары адам денсаулығына пайдалы еместігі мәлім.

Бірақ елордалық биік мәртебелі меймандар мұнда тек кешке дейін болады, әрі жұмыс кестелері де қауырт.   

Бұл өңірде Бақытжан Сағынтаевтың кортежі бірқатар өнеркәсіптік және өндірістік нысандарды аралады.

Анықтама үшін айта кетелік, Қарағанды облысы – өндіріске күні қараған өңір. Қарағандылықтардың көбі сол кәсіпорындарда және оларға қызмет ететін компанияларда нәпақасын айырып отыр. Облыстың ішкі өңірлік өнімі құрылымында өнеркәсіп үлесі - 53,2%-ды құрайды. Өңір үшін маңызды екінші сала – сауда секторы, облыстың барлық табысының 10,3%-ын сол қордалайды. Одан кейін 5,2% үлеспен көлік және теңбе-тең 1,6%-дық үлестермен ауыл шаруашылығы және құрылыс орналасқан.

Индустрияландыру картасы аясында 2017 жылы 376 жаңа жұмыс орнын құра отырып, құны 5,6 млрд теңге болатын 5 жобаны іске асыру жоспарланған екен. Әзірге, 1 шілдедегі жағдай бойынша 3,4 млрд теңге инвестиция құйылған 3 жобасы пайдалануға беріліпті.

Үкімет жетекшісі келе сала, бірден өңірдегі "иісі бөлек" нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауытқа тартты. "Сарыарқа Нан Қарағанды" ЖШС кәсіпорны биылғы 4 ақпанда іске қосылған. Үздіксіз өндірістік қарқынмен жұмыс істейтін нан шығаратын жаңа зауыт өндірістің заманауи энергия үнемдеуші еуропалық жабдығымен қамтамасыз етілген. Ашылғалы бері зауыт 1 800 тоннадан астам нан өнімін шығарып үлгеріпті.

Премьер осында нан-тоқаш өнімдері өндірісінің технологиялық ерекшеліктері мен инновациялық шешімдерімен танысты. Зауыттың бас директоры Айгүл Бүрленова өндірісте қолданылатын технологиялар мен кәсіпорынның келешектегі жоспарлары туралы айтып берді. Өндіріс орны ұнды ыдыссыз сақтау орны, су өңдейтін бөлмесі, кондитерлік цех пен қалыпты нан пісірілетін туннельдік пеші бар кешеннен тұрады.

Премьер-министр бастаған делегация осыдан кейін металлургиялық кремний шығаратын "Tau-Ken Temir" ЖШС зауытына бет қойды. Бұл кәсіпорын 2014 жылы пайдалануға берілген және электрлі пештер өндіретін көшбасшылардың бірінің бірегей еуропалық жабдығымен жұмыс жасайды. Зауыт сол пеште жылына 24 мың тонна металлургиялық кремний шығарады. Жобаның артықшылығы сол, ол өз өнімін толығымен экспортқа бағыттайды. Кәсіпорын өнімдері алыс және таяу шетелге, атап айтқанда АҚШ, еуропалық одақ елдеріне, Ресей және Беларусьқа экспортталады. Бұл өнімдегі қазақстандық қамту 80%-ды құрайды.

Бақытжан Сағынтаев мұнда технологиялық жаңғырту бойынша қолданылып жатқан шаралармен және кәсіпорынды дамыту перспективаларымен танысты. Бұл ретте премьер кремний балқытпасын шығару, тазарту және құю жүзеге асырылатын өндірістік цехтарды аралап шықты, сондай-ақ кремнийді аралық сақтау қоймасына бас сұқты.

"Tau-Ken Temir" ЖШС басқарма төрағасы Мұрат Жүкенов оған технологиялық үдерістердің ерекшеліктері туралы, сондай-ақ кәсіпорынды дамыту бойынша ағымдағы жетістіктер мен жоспарлар туралы баяндады.  2018-2019 жылдары 1,5 млрд теңге сомаға инвестициялық бағдарламаны іске асыру жоспарланған, ол шикіқұрамалық материалдар қоймасын салуды, паркті жаңартуды және технологиялық жабдықтарды жаңғыртуды көздейді.

Сапар бағдарына Қарағанды облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы "кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының" (КҚКО) жұмысымен танысу да кірген екен. Мұнда бизнесмендерге сервистік және консультациялық қызметтер көрсетіледі.

КҚКО-ның операциялық залында кәсіпкерлерге даму институттары, атап айтқанда, "Даму" қоры, халыққа қызмет көрсету орталығы, екінші деңгейдегі банк және инвесторларға қызмет көрсету орталығының өкілдері кеңес береді. Арнайы "Оқу сыныбында" Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында несиелеу шарттары мен қолдау шараларын түсіндіру бойынша семинарлар өткізіледі.

2016 жылы қарағандылық "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы" кәсіпкерлік қызметтің 3 433 субъектісіне 4 668 сервистік қызмет көрсетіпті. Мұның сыртында 2016 жылы "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламасы аясында мұнда 299 жұмыссыз кәсіпкерлік негіздерін оқыған. 138 адам жалпы 395 млн теңге сомаға қаржыландыруға ие болыпты

Үкімет басшысы облысқа сапары аясында Қазақстанның жүйе құрушы өнеркәсіптік кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Онда "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, "ERG" қадағалау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев, "АрселорМиттал ТМД" АҚ бас директоры Калон Парамжит, "Қазақмыс" корпорациясының басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев, "Қазмырыш" атқарушы директоры Нариман Қуанышев, "Қазфосфат" бас директоры Мұқаш Ескендіров және басқалары өз кәсіпорындарын жаңғырту туралы есеп берді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та өңірдің барлық кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту туралы баяндады.

Кеңеске мемлекеттік органдардың, Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарының әкімдерінің орынбасарлары шақырылыпты. Мәселелерді талқылау барысында компаниялардың өкілдерінің сұрақтарына инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, сондай-ақ білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев түсініктемелер беріп өтті.

Жергілікті бизнесмендерді негізінен экспорттау кезінде Ресейдің теңіз-көлік инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндігі, дуальды білім беру жүйесін жетілдіру, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін қалдықтарды кәдеге жарату мөлшерлемелерін өзгерту секілді тақырыптар қызықтыратыны анықталды.

Өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев кәсіпорындар өздеріндегі өнімділікті арттырулары, тауарлар сапасын жақсартулары керектігін нықтады. Сондай-ақ жұмысшыларды қысқарту үдерістері де оны алаңдатады екен. Осыған орай, премьер әкімдіктерге "мамандарды экономиканың өсуші секторларына келешекте бағыттау үшін алдын ала жұмыстар жүргізуді" тапсырды.

"Олардың қатарында сервистік қызметтер көрсету мен қарапайым заттар экономикасын дамыту бар. Бұдан өзге, адамдар жаңа технологиялар қолданылатын салаларға жұмысқа орналасқан кезде жаңа дағдыларды меңгеруі үшін қайта оқыту жұмыстарын жүргізу керек",-деді Бақытжан Сағынтаев. Кеңесте ол мемлекеттік органдарға аталған мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Бұдан бөлек, ол бизнесмендерді экспортқа қатысты бірқатар мәселелер алда өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы барысында талқыланатыны туралы құлағдар етті.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өңірде "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу де өткізді, онда өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды.

Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың басшылары, "Атамекен" КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қарағанды облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, "Жекешелендіру бюросы" директоры Александр Перов, "АСПАП" кәсіпорнының директоры Төлеген Әшімов, "Шығыс" шаруа қожалығының басшысы Шамиль Осин, "Kazcenterelectroprovod" бас директоры Сергей Ким, "Қарағанды облысы құрылыс салушылар қауымдастығы" директоры Найля Қайырбекова және басқалары шақырылыпты.

Кездесуде тұрмыстық қызметтерге сараланған тарифті жою, ескірген құрылыс нормалары мен ережелерінің орнына еурокод жүйелерін енгізу, агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық субсидияларын төлеу, отандық тауар өндірушілерге шикізатқа импорттық кеден бажы мен Қазақстан аумағы бойынша жүктерді тасымалдауға кететін шығындардың өтемақысын төмендету тұрғысынан қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, монополистердің тұтынушылармен өзара қарым-қатынасына және кәсіпкерлік қызметті дамытуға кедергі келтіретін факторларға байланысты мәселелер көтерілді.

Мұнда да кәсіпкерлер қозғаған мәселелерге ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева түсініктеме беріп өтті.

Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту міндетін, экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру аясында, елбасы өз жолдауында қойғанын атап өтті. Осыған орай, үкімет бизнеске қолдау көрсету мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде.

Премьер елімізде жүргізіліп жатқан технологиялық жаңғырту жұмыстары "отандық кәсіпкерлерге жаңа өндірістер мен өнімдер шығаруға тартуға үлкен мүмкіндіктер беретінін" айтты. Кәсіпкерлер сервистік қызметтер мен қарапайым заттар экономикасы секілді экономика секторларын одан әрі дамытуға белсенді түрде атсалыса алады. Бұл, өз кезегінде, өзге салалардан босатылуы ықтимал жұмысшыларға қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

"Үкімет бизнес қауымдастықты мазалаған мәселелерді талқылау үшін қашан да ашық!" деп мәлімдеген үкімет басшысы кәсіпкерлерді экономиканы жаңғырту аясындағы міндеттерді іске асыруға бірлесіп, белсендірек қатысуға шақырды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу