Оралда Тимур Құлыбаев экспорттық өнім шығаратын кәсіпорындарды аралады

Виктория Вольская Виктория Вольская
2091

"Атамекен" КҰП төралқасының төрағасына сыртқы нарыққа шығарылатын өнім мен ішкі нарықтағы кедергілер туралы айтылды.

Оралда Тимур Құлыбаев экспорттық өнім шығаратын кәсіпорындарды аралады

Тимур Құлыбаевтың екі күнге созылған жұмыс сапары өнеркәсіптік нысандарды аралаудан басталды. Ол алғашқы кезекте "Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы" ЖШС-на (ОСӨК) ат ізін салды. Кәсіпорын өткен жылдан бастап өнімін Ресейге шығарып жатыр, келешекте Қырғызстанға да тауар экспорттау көзделуде. Бірақ ОСӨК өнімін өткізетін негізгі нарық Қазақстан болып қала беруде, негізгі назарды КҰП басшылары осыған аударды.

"Негізгі қиындық тапсырыс берушілердің уақытылы төлем жүргізбеуінде. Біз орнымызды сақтай отырып, бәсекелестікті еңсеру үшін тауарымыздың бір бөлігін төлемсіз береміз, яғни бұны тауарлық несие деп атауға болады. Төлем жасалмай тұрып құбырларымызды бере бастаймыз, тапсырыс беруші кәсіпорын табыс тапқанын күтіп, содан кейін ғана төлемді аламыз. Яғни алдымен тауарды беріп, ақшасын кейін аламыз. Қаражат бізге бірден жетпей жататын кездер де болады. Бұл біздің басымыздағы ғана қиындық емес, жалпы осы саладағы қазақстандық кәсіпорындарға ортақ мәселе, – деді сауда-өнеркәсіптік компанияның басшысы Валерий Крылов. – Екінші мәселе – ұлттық компаниялармен жұмыс. Біз Астраханнан (РФ) Ақтауға тұщы су жеткізу бойынша "Астрахан-Маңғышлақ" жобасының іске қосылуын күтіп отырмыз (су тарту құрылысымен "ҚазТрансОйл" АҚ айналысады – автордың ескерт.). Біздің оларға ұсынарымыз бар: 1600 мм құбыр шығару желісі бар. Үшінші кедергі – несие мәселесі. Біздің зауыттың қуаттылығы жылына 30 мың тонна құбыр шығаруға жетеді, бұл полиэтилен құбырларын шығаратын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын. Біз айналымға салу үшін көбірек несие алғымыз келеді, бірақ кепілге қоятын мүлкіміз жетпей жатады. Ісін енді бастап келе жатқан кәсіпорынның қай-қайсы болсын осы мәселемен бетпе-бет келіп жүр".

Сондай-ақ Валерий Крылов кәсіпорынды субсидиялау мәселесін қарастыруды сұрады, полиэтилен құбырларының тозбау мерзімі 400 жылға дейін сақталса да, металл бұйымдарының бәсекелестігі жоғары.

Ұлттық палатаның басшысы көршілердің нарығына өткізу жайын сұрады.

"Ресей жылына өнімнің шамамен 15%-ын алады, бірақ біз олармен тек былтырғы жылдан бастап қана жұмыс істей бастадық. Біздің тауарға Қырғызстан да қызығып отыр", – деді кәсіпкер.

Осыдан соң Орал трансформатор зауытына жол түсті. Бұл кәсіпорының өнімі Ресей мен Украинаға жеткізіледі. Өткен жылы осы кәсіпорынның жанынан тағы бір экспортқа бағытталған Қазақстан мен Түркияға ортақ Ural Electric инженерлік-өнеркәсіптік компаниясы ашылды. Мұнда энергетика мен өнеркәсіпке арналған цифрлық технологиялар енгізілуде. Төмен қысымды шкафтар, бетон трансформаторлық шағын станциялар және басқа өнімдер 60%-ға дейін Ресейге сатылады.

"Кәсіпорын тауарын Иранға экспортау бағытында жұмыс істеліп жатыр. Бұл бағыт қызығушылық тудырды және өңірлік ұлттық палата осы мәселені зерттеп, одан әрі дамытады", – деді БҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрлан Қайыршин.

Бүгін Тимур Құлыбаев жергілікті бизнес-қоғамдастықпен кездеседі.

Бұған дейін Тимур Құлыбаев Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралаған болатын. Бүгін ол жұмыс сапарымен Атырау облысына барады.

Әйгерім Сүлейменова, Виктория Вольская

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу