Өркениет айналып өткен өңірлердің аты аталды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2872

Қазақстандағы елдімекендерді, әсіресе, ауылдарды таза ауыз сумен қамту жағдайы онсыз да көңіл көншітпейтін.

Өркениет айналып өткен өңірлердің аты аталды

Парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстандағы ауылдық елді мекендердің жартысынан көбі 2020 жылға қарай жерасты су қорларымен қамтамасыз етілетіндігіне уәде берді.

Оның айтуынша, 2012 жылдан 2016 жылға дейін 1 781 ауылда жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, тәулігіне 698,1 мың текше метрді құрайтын жерасты суы мемлекеттік балансқа қойылды.

"2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, Қазақстан республикасының аумағында тәулігіне есептегенде 42,9 млн текше метр пайдалану су қоры бар мемлекеттік баланстағы 3273 кен орны бекітілген. Бұл қорлар жер үсті су көздерімен орталықтандырылған сумен жабдықтау қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді", – деді министр.

2011-2016 жылдар аралығында сумен жабдықтау жүйелерін дамыту мақсатында 1520 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 438,1 млрд теңге бөлінген. 18 мың шақырымнан астам желі салынды және қайта жаңартылды. 2011 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта еліміз бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік елдімекендерде 42,5%-дан 55,6%-ға дейін және қалаларда 82%-дан 92,9%-ға дейін артты.

"6601 ауылдың 3 671-і немесе 55,6%-ы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш бойынша рейтингі ең төмен өңірлерге Павлодар (20,5%), Қостанай (30,5%), Батыс Қазақстан (37,4%), Шығыс Қазақстан (44,2%) облыстары жатады. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарының 80%-дан астамы немесе ауылдағы 7,7 миллион адамның 6,2 миллионы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Бұл бірінші кезекте халық саны көп ірі елді мекендердің қамтамасыз етілгенін көрсетеді", – деді Жеңіс Қасымбек.

"Нұрлы жол" бағдарламасы қосымша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу көрсеткіштерінің өсуіне ықпал еткен екен. 78,1 млрд теңге көлемінде мол бюджеттік несие бағытталыпты. Оған 2 мың 83,3 шақырым сумен жабдықтау, су тарту желілері салынды және реконструкцияланды.

Ел азаматтарын ауыз сумен қамтамасыз бойынша мемлекеттің мақсатты саясаты елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, шешімін күткен бірқатар мәселелер де бар.

"Суға деген әлеуметтік қатынас тұтынушылық пен ауыз судың экономикалық құны арасындағы сәйкессіздікке әкелді. Қазақстанда құбырдағы су төмен бағада сатылады. Бұл қоғамдық санада да су құнының түсіп кетуіне себеп болды. Тарифтерді әлеуметтік тұрғыдан қалыптастыру су арналарын қаржыландырудың жетіспеушілігіне, жүйелердің жылдам тозуына, апатты жағдайлардың көбеюіне, судың азайып, сапасының нашарлауына алып келді. Сумен жабдықтау секторының одан әрі дамуы негізінен нарықтық қатынастарға толықтай қол жеткізумен байланысты. Дамыған елдерде су шаруашылығын басқару жүйесі "пайдалан және төле" қағидаты бойынша қалыптасқан", – дейді инвестициялар және даму министрі. Бірақ ол дамыған елдердегі азаматтардың табысын қазақстандықтармен салыстыруға болмайтынын еске алған жоқ.

Жалпы, елімізде таза жерасты суларының негізгі ресурстары, яғни 59%-ы оңтүстік өңірлерде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланыпты. Ал Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарындағы таза жерасты су ресурстары шектеулі екені мәлімделді.

Өз кезегінде денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой сонау орта ғасырлардағыдай тұрғындары бұлақтар мен шағын өзендерден су ішуге мәжбүр болып отырған өңірлерді атады. Оның дерегінше, Қазақстанда жетпіске жуық елді мекеннің халі осындай екен. Ұлт денсаулығына жауапты орган осы ахуалды адамдар денсаулығына кері әсер етіп отырған басты бір проблема ретінде атады. Айтқандай, өркениеттің бұл бағыты айналып өткен өңірлер де негізінен, әлгі "суы ең мол" деген облыстар болып шықты.

"Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында 68 елдімекен тұрғындары бұлақтар мен шағын өзендерден тазартылмаған суды тұтынуға мәжбүр. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарының жекелеген елдімекендерінде су даярлау құрылғыларына 20 жылдан астам уақыт бойы не күрделі жөндеу, не қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Салдарынан, суды тазарту тиімділігі төмен, ауыз судың талап етілетін сапасына қол жеткізілмейді. Ал лас суды тұтыну өткір инфекциялық аурулардың себебіне айналу мүмкін", – деді денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

Парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген вице-премьер, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қазақстанда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әзір шешілмейтінін мәлімдеді және оның шешімін тағы он жылға әрі жылжытты.

"Қазіргі кезде елімізде 6601 елді мекеннің тек 4034-і ғана орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтылған. Оларда 2,7 миллион адам тұрып жатыр. Қалған елді мекендердің 1462-сінде жаңа құрылыс, ал 1104-інде – қалпына келтіру талап етіледі. Себебі, бұларда су тәулігіне тек 12 сағатқа ғана беріледі. Сонымен бірге, 1452 елді мекенде 200 адамнан көп емес адам ғана тұрып жатыр. Тағы 16-сының тұрғындарының саны 500 адамнан аспайды, яғни бұлар – даму әлеуеті төмен ауылдар. Оларға орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін тарту экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтамайды. Осылайша, тіпті егер қаржыландыру көлемі сақталғанның өзінде, 2,7 миллион адамды ауыз сумен толық қамтамасыз ету мәселесін тек 2027 жылға қара шешуге болады", – деді Асқар Мырзахметов.

Оның айтуынша, егер қаржыландыру көлемі жыл сайын 100 миллиард теңгеге дейін өсіп отырса, проблема 2025 жылға қарай шешімін табады, ал бұған жалпы алғанда 717 миллиард теңге шығындалады.

"Ауыз су мәселесін шешуге мемлекеттен жыл сайын керек қаржы бөлініп отыр. Ендігі мәселе оны тиімді пайдалану. Ал, ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай жер асты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын қолға алу керек. Осының барлығы ауызсу мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді", – деді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Оның пікірінше, халық арасында суды үнемдеп пайдалану туралы ақпарат жұмыстарын жүргізудің де маңыздылығы зор. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде олқылықтар орын алып отыр. Кемшіліктер қатарына ол "су құрылғылары нысандарын орнатуда бірізділіктің жоқтығын", сонымен бірге, "елді мекендерде су инфрақұрылымдарын тартуда бірыңғай оператордың болмай тұрғанын" жатқызды.

"Су бар жерде береке де бар" дейді халық даналығы. Қазақстанда осы салада "Таза ауыз су", "Ақ бұлақ" сияқты бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта "Өңірлерді дамытудың 2020-шы жылға дейінгі бағдарламасы" және "Нұрлы жол" арқылы жалғасын тауып отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу