Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан сексен шақырым жерде Апанқақ елдімекенінде шипалы су бар. Ыстық шипалы су сегіз жүз метр тереңдіктен шығып жатыр. Құрамында сынап пен йод бар, жер астынан тоқтаусыз шығып жатқан ыстық су тері ауруларына бірден-бір ем. Су құрамын Алматыдан медициналық зертхана қызметкерлері жылына бір рет келіп, тексеріп тұрады екен. Осының бәрі деніне дәру іздеушілердің көңілін өзіне тартқанымен, ауылға апаратын жолдың нашарлығы қынжылтып тұр.
"Жол салынып, тынығып, емделетін арнайы үйлер тұрғызылса, халыққа қайырлы іс болар еді", – дейді алыстан ат арытып келушілер.
Өзін Жарқын Досымбеков деп таныстырған егде кісі осы ауылдың ақсақалы екен. Біз сөзге тартқанымызда ол ем алушыларға қолынан келгенше көмектесіп жүргенін тілге тиек етті.
"Осында тұрамын. Емдік судан дауа іздегендер қысы-жазы үзілмейді. Атырау, Алматы, Ақтау, Петропавл, жалпы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. Негізінен, қышыма, қотыр, теміретке секілді тері ауруларына таптырмайды. Асқазан, қуық безінің асқынуы, гемморой ауруларына да көмектеседі. Асқазанды түрлі шлактардан тазалайды. Суықтан болған аяқтың сырқырауына да ем. Құрамында қырық пайызға дейін сынап бар екен. Жергілікті тұрғындар ауыз су ретінде ішіп отыр"
Сунақата ауылынан ем алуға келген кәсіпкер Әшенов Қуаныш:
"Үстіме қышыма пайда болып, "соған дәрігерлер ем" деген соң осы Апанқаққа келіп отырмын. Биылдыққа үшінші келуім. Көмектеседі. Менің ойымша, осы ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға болады. Бірақ оған көп қаржы керек. Алдымен Түгіскенмен аралықтағы жиырма шақырым далалық жолды жөндемесе болмайды. Сонау Қызылорда, Қармақшыдан өз көлігімен келіп жатқандар көп",-дейді.
Біз барған күні ем алу үшін кезегін күтіп отырғандардың қарасы біршама болды. Оларға жақындап әңгімеге тартып көрдік.
"Мен Шиеліден келіп жатырмын. Аты-жөнім – Амантай Ақтанов. Құмкөл кенішінде мұнайшы болып еңбек етемін. Осы жердегі шипалы су жайлы бұрындары да еститінбіз. Апа-жеңгелеріміз жылда келіп түсіп, ауруынан жазылатын. Ол кезде біз жаспыз. Жасымыз қырыққа келген соң қышыма, бөрткен, сыздауық секілді тері аурулары шыға берген соң, осында келіп емделіп жатырмыз. Менің ойымша, мұнда қалталы кәсіпкерлер келіп, шипажай салса, қарапайым халықтың қолы жете бермейтін қымбатшылық орын алады. Елге қолжетімді болмай, жылма-жыл қымбаттай түседі. Мәселен, "Жаңақорған" шипажайының он күндік емі былтыр 85 мың теңге еді, биылдан бастап оның құны 95 мың теңгеге өсті. Емі сол баяғы күйінше. Бұл да соның күйін кешуі мүмкін. Осылай табиғи күйінде қалғаны жөн".
Оның сөзін жалғастырып әкеткен Күлай апай бір қызықты аңызға бергісіз оқиғаны ортаға жайып салды.
"Кеңес одағы тарағаннан кейін, осында бір пысықай кәсіпкер келіп, шипажай салу мақсатында құрылыс жүргізе бастады. Сол кезде шипалы су мүлдем ақпай қалды. Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Сейілбек Шауқамановтың араласуымен басына құрбандық шалынып, дұға оқылған соң ғана су қалпына қайта келіпті".
Жергілікті тұрғын Гүлбадам Беркімбаева осында дауа іздеп келушілерді жыл бойына үйіне қонғызып, төрт мезгіл тамағын беріп отырады екен. Үлкен кісілер келсе, батасын беріп, қолда бар ақшасын аямайды. Қолында оншақты ірі қара мен ұсақ малдары бар Гүлбадамның осында келін болып түскеніне де біраз болыпты.
"Қазір әбден үйреніп кеттім. Ешқайда шыққым келмейді. Тыныштық. Бәрінен бұрын мұнда қиындық келтіретіні – жол мәселесі. Екіншіден Апанқақ ауылы әкімшілік тұрғысында жүздеген шақырым жердегі Бесарық ауылдық округіне қараса, дәрігерлік бекеті жиырма шақырымдағы Аққорған ауылдық округіне қарайды. Арақашықтық жиырма шақырым болғанымен, жол талғамайтын көліктердің өзімен сағаттап жетеді. Мұнда мектеп, балабақша, әлеуметтік құрылымдар атымен жоқ. Дені егде тартқан қарияларды құрайтын ауыл тұрғындары "Апанқақтың" шипалы суына береке берсін" деп құдайдан тілеулі.
Алты үйлі Апанқаққа әкім-қаралар жылдап ат ізін салмайды. Себебі жол алыс, күріштіктің ортасымен өту, жаңбыр жауса, аса қиын. Қыс мезгілінде қатынас айлап үзіледі. Мұнда ұялы телефон байланысы жоқ. Емделуге келген қонақтар қырға шығып, туған-туыстарымен хабарласып келеді. Бір жағынан, Апанқаққа келушілер басқа бір уақыт өлшеміне кіріп кеткендей, құлаққа ұрған танадай тыныштықта отбасының, өндірісті қаланың у-шуынан рахаттана демалып, дертіне ем алып қайтып жүр.
Ескендір Ертай, Қызылорда облысы