Ортақ ақша болса да, ортақ бюджет әлі жоқ

6867

Еуро 20-ға толса да, Еуропа одағының ортақ монетарлық саясатында шешімін таппаған түйіткілдер әлі де жеткілікті.

Ортақ ақша болса да, ортақ бюджет әлі жоқ

Еуро 20-жылдығын мерекелеуге әзірленіп жатыр. Бірақ, оны қолданатын елдер  ортақ валюта қалай жұмыс істеуі керек  және бұл ақша қарыз дағдарысына нендей күшпен қарсы тұруы керек деген мәселе төңірегіндегі дауларды әлі тоқтатқан жоқ.

Еуро 1999 жылы қаңтардың 1-інде өмірге келді. Сол кезде аймақтың 10 мемлекеті еуроға қатысты өздерінің пайыздық үстемелері мен айырбас бағамын бекітіп, оларды енді ғана құрылған Еуропа орталық банкіне тапсырды. Үш жылдан кейін айналымға жаңа банкноттар мен монеталар енді. 

Ортақ ақша Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін еуропалық саясаткерлер арасында басталған валюта бағамы жайлы бітпейтін дауға нүкте қояды деп қарастырылды. Сонымен қатар, еуро Еуропа одағының тарифсіз еркін сауда аймағын құру процесінің жалғасы саналады. Бүгінде осынау бірыңғай төлем құралын интеграциялық блоктағы 28 елдің 19-ы қолданып отыр. Одан бас тартқан мемлекеттердің бірі – Ұлыбритания. Біріккен Корольдіктің қазір одақтың өзінен де кетіп жатқаны белгілі.

Одақтың кейбір елдері рецессияға ұшыраса, олар төлемдерді уақтылы жүзеге асыру үшін не істеуі қажет? ЕО мемлекеттері бұл проблеманы шешу үшін ортақ бюжет  жүйесін қалыптастыру жолдарын қарастырып жатыр. Ал, 2015 жылы еуропалық лидерлер қандайда бір ақша орталығын ашуды ұсынды. Ол мәселе бойынша да жұмыс әлі жалғасып жатыр.

Тағы бір түйіткіл – стресс кезінде одақтық масштабта салымдарды сақтандыру және  банкроттыққа жол бермеу. Бұл проблема да әзірге шешімін тапқан жоқ. 

2010-2012  жылдардағы дағдарыс еуроны күйрете жаздады. Сондай дағдарыс қаупі әзірге айқын көрінбей тұр. Бірақ, Италияның популистік үкіметі Брюссельдің талабы бойынша шығындарды қысқартуға құлшыныс танытпай, әлеуметтік қамтамасыз етуге көбірек қаражат жұмсағысы келеді. Сол үшін Рим Еуропа одағымен де, Еуропа комиссиясымен де дауласып отыр. Ал, Италияның қарызы жалпы ішкі өнімнің 132 пайызына жеткен. Сонымен қатар, бұл елде бизнесті дамытуға бағытталған реформалар жүргізіліп жатқан жоқ, экономикалық өсім болса, еуроаймақ мемлекеттерімен салыстырғанда төмен. Сарапшылардың болжамынша, мұндай жағдай келесі рецессия кезінде Италияны үлкен дағдарысқа ұшыратуы мүмкін.

Еуроны енгізудің әу бастағы схемасына сәйкес, одақ елдерінің экономикалық саясаты мен шығындары өз құзырында қалуға тиіс. Сонымен қатар, ЕО мемлекеттеріне бір-бірін құтқаруға тыйым салынды. Дегенмен, 2010 жылы бұл шектеулерді айналып өтуге тура келді: сол кезде қаржылық жағдайы біршама тұрақты елдер Германияның бастамасымен қарызы "басынан асқан" одақтастарын құтқару үшін оларға несие беріп, қаржыны қатаң үнемдеу туралы шарт қойды.

Сол дағдарыстан кейін аймақта банк қаржысын қадағалайтын одақтық орган пайда болды. Бұған қоса, дағдарыстан құтқару қоры – Еуропа тұрақтылық механизмі құрылды. Бүгінде ЕО өз құрамындағы мемлекеттердің бюджетін олардың парламенттері қарамас бұрын, өзі мұқият тексеруден өткізеді. Ал, 2012 жылы Еуропа орталық банкі қарыз қайтарамын деп қатты шығындалған елдердің облигацияларын сатып алуға уәде беріп, әлемнің қаржы нарықтарындағы "дауылды" айтарлықтай әлсіреткені еді.

Германия мен Солтүстік Еуропаның Нидерланд тәрізді елдерінің үкіметтері қаржылық қауіптер мен шығындарды ортақ проблемаға айналдыруға қарсы. Өйткені, олар нашар басқарылатын экономикалардың құйтырқұлықтары  үшін шығындалуды қаламайды. Осындай наразылыққа қарамастан, Франция президенті Эммануэль Макрон ЕО үшін ортақ бюджет жасақтауға үндеп келеді.

"Біз жаңа құрылымға айналдық. Бірақ, сол құрылымның шын мәнінде не екенін түсіндіретін саяси көзқарас жоқ", – деді Берлиндегі Жак Делор институты директорының орынбасары Лукас Гуттенберг "Ассошиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Сонау 1977 жылы Еуропа комиссиясы сарапшылық баяндамасын жариялап, онда ортақ валюталық бюджетке ұлттық экономиканың 5-7 пайызын жұмсау қажет деген ұйғарымға келді. Себебі, мұндай қаражат бөлінбесе, монетарлық одақ өміршең болмайды екен. 

Саясаткерлер мен экономистер осылай ой таластырып жатқанда, қарапайым адамдар еуроның өсуі мен құлдырауын талқылауға мәжбүр.

"Еуро көптеген грек үшін ел жетістігінің символы еді. Біз өз мемлекетіміздің  мейлінше "еуропалық", бақуатты, ұйымшыл болғанын қаладық.  Бірақ, дағдарыстан кейін ортақ валюта идеясы мен еуроның екі басқа дүние екені айқындалды. Еуропалық валютаға ұмтылып, немістің еуросын алдық. 20 жыл бұрын біз мұндай жағдайды күтпеп едік", – дейді грекиялық дәрігер Йота Лурида.  

Айта кетсек, Грекия дағдарыстан шығу үшін сырттан үш рет қаржылай көмек алып, соның есесіне бюджетін қатаң үнемдеуге мәжбүр болды. Мемлекеттік шығындар мен зейнетақы қысқарды. Ел экономикасы болса, көлемінің  төрттен бірін жоғалтып, отбасылық кіріс 42 пайызға төмендеді. Сондықтан, елде баяғы ұлттық валютаны аңсайтындар көбейді.

Дегенмен, гректер еуроны сақтау үшін үлкен ауыртпашылықты бастан кешсе де, Еуропа одағының ортақ валютасы бұл мемлекетте әлі де биік беделге ие. Соңғы сауалнама қорытындыларына қарағанда, Грекия тұрғындарының 60 пайызы еуроны ел үшін, 71 пайызы ЕО үшін жақсы ақша деп атаған. Ал, Еуропа одағының өзге елдерінде халықтың 64-74 пайызы дәл осындай пікірде.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу