Доллар мен еуродағы депозиттер мөлшерлемесі 2%-ға көтеріледі

3570

​Қазақстанда биылғы 1 маусымнан бастап, доллар мен еуродағы депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі көтеріледі.

Доллар мен еуродағы депозиттер мөлшерлемесі 2%-ға көтеріледі

Ел Үкіметі долларсыздандыру, яғни теңге девальвацияларынан жалыққан бизнес пен халықты шетел валютасына құнығудан "құтқару" үшін АҚШ пен еуропалық одақ валюталарындағы депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін 1 пайызға дейін төмендеткен болатын.

Алайда Ұлттық банктің мәліметінше, осыдан кейін валюталардың шетелге кетуі күшейген.

Себебі, мол валютасы мен шетелге жиі шығуға мүмкіндігі бар бай қазақстандықтар және ірі бизнесмендер қаражаттарын Батыс елдерінің банктеріне сала бастапты.

Рас, көптеген еуропалық банктерде салымдар бойынша сыйақы 1-2% аралығында ғана болып келеді. Оның үстіне бірқатарында депозиттерге де салық салынады. Бірақ елдегі құбылмалы экономикалы ахуал, аумалы-төкпелі саяси жағдай, әрі сыйақы мөлшерлемесінің бірдейлігі көптеген қалталы адамдарға өз байлығын қандай да бір еуропалық банкте ұстауға ұмтылдырады.

Оның үстіне қазақстандықтар арасында "швейцариялық банкте ақшасын ұстайды" деген сөз сол бұрынғыдай құлаққа жағымды естіліп, бедел сыйлайды. 

Бұл ретте Швейцарияда АҚШ долларындағы фудициарлық депозиттер бойынша сыйақылар 1 айға – 2,12%-ды, 3 айға – 2,5%-ды, 6 айға – 2,65%-ды, 12 айға – 2,9%-ды құрайды. Яғни, сонша үлкен болмағанымен, қазіргі қазақстандық "сенімді" деген ірі банктердегіге қарағанда біршама жоғары.

Оның үстіне сенімділікке сонша мән бермейтіндер басқа елдерге назар аудара алады. Мәселен, Түркия банктерінде АҚШ долларындағы салымдар бойынша сыйақы жылдық 5 пайызға дейін баратын көрінеді.

Фудициарлық депозиттерден жинақтың көлеміне қарай 0,25-тен 0,5 пайызға дейін комиссия ұсталады.

Долларлық депозитке – өтеу мерзімі қысқа, әрі инвестициялық рейтингі бар облигациялар жақсы балама бола алады. Оның иесінің табысы доллар бойынша 5 пайызға дейін баруы мүмкін.

Қалай болғанда, егер осылай бара берсе, Қазақстанда қарапайым бұқараның жиған-тергенінен басқа шетелдік депозит қалмай, жат жұрттарға ағып кетуі ықтимал.

Сондықтан мемлекет елдің ақыл-есін долларға байланудан арылту саясатын қоя тұрып, шетелдік валютадағы отандық депозиттердің тартымдылығын көтеруге кірісуге мәжбүр.

Осы орайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 1 маусымнан бастап, доллар мен еуродағы депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін 2%-ға дейін көтереді. Бұл өсім жинақтаушы да, мерзімдік те салымдарды қамтымақ.

Нақтырақ айтсақ, депозиттер келесі айда үш түрге бөлінеді.

Қор ұсынған ақпаратқа жүгінсек, мөлшерлеменің көтерілуі 12 айлық және одан көп мерзімдегі депозиттерге қатысты болады. Ал мерзімінен бұрын алып қойылатын, сондай-ақ 12 айға жетпейтін салымдар бойынша сыйақы 1% деңгейінде қалады.

Тиісінше, биылғы 1 маусымнан бастап, шетелдік валюталардағы жинақтар да теңгедегі салымдар секілді "мерзімдік емес", "мерзімдік" және "жинақтаушы" болып топтастырылады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (KDIF) түсіндіруінше, бұл шешімге біріншіден, доллар мен еуродағы салымдардың тар аяда қатаң бекітілген емес, әлдеқайда кең өрісті нарықтық мөлшерлемелерін қалыптастыру қажеттілігінен туындапты.

"Қазіргі уақытта шетелдік валютадағы депозиттердің нарықтық мөлшерлемелері шетелдік нарықтарда және қаржылық институттарда KDIF-тің 1%-ға тең шекті мөлшерлемесінен жоғары болып отыр. Осыған байланысты валюталық депозиттер бойынша отандық банктердің ставкалары KDIF бекіткен шекті мәндер салдарынан, нарықтық шамадан әлдеқайда төмен болып қалуда", – деп мәлімдеді қор.

Екіншіден, дедолларизациялауда бұл тетік көп тиімділік әпермеген. Үшіншіден, халық пен бизнес өз қаржысын отандық банктерде қалдыруы үшін енді валюталық салымдар бойынша табысы олардың мерзіміне және тұрақтылығына қарай қалыптасады.

Төртіншіден, әрине, бұл отандық банктердің қамы үшін жасалуда.

"Ұзақ мерзімді, уақытынан бұрын алып қоюы шектелген валюталық депозиттер бойынша мөлшерлеменің көтерілуі реттеудің бірыңғай тәсілдемесін түзуге, теңгедегі ұқсас, валюталық салымның да түріне қарай дифференциалдық шекті ставкаларын орнатуға, сондай-ақ қазақстандық банктер үшін қорландырудың орнықты базасын құруға мүмкіндік береді", – деп түйді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу