Ортақ іске орталық қана емес, облыстар да үлес қосуы керек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3946

2018 жылдың алғашқы тоқсанында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1%-ды құрады.

Ортақ іске орталық қана емес, облыстар да үлес қосуы керек

Үкімет отырысында баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанда ел экономикасындағы оң үрдістер сақталған. Есептік кезеңде жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1%-ды құрады. Ал бір жыл бұрынғы көрсеткіш 3,6% болған еді.

"Оң серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюына инвестициялардың өсімі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрліктің мәліметіне ден қойсақ, қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіптің өсім 5,3% құраған. Ал осыдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,8% еді. Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібі жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс 5,1%-ға өскен. Табиғи газ өндірісі 6,2%-ды, мұнай өндіру 6,1%-ды, темір кенін өндіру 3,7%-ды құрады.

"Алғашқы тоқсанда өңдеу өнеркәсібі 6,2% өсімді көрсетті. Қағаз өнімдерін өндіруде (14,9%), химия өнеркәсібінде (14,3%), фармацевтикада (10,2%) ондық өсім байқалып отыр. Басқа да өңдеу өнеркәсіптері жылдам өсуде. Атап айтқанда, машина жасау – 9%-ды, жиһаз өндірісі – 8,5%-ды, сусын өндірісі – 8,1%-ды, азық-түлік өнімдерінің өндірісі – 6,5%-ды, металлургия 5,6%-ды құрады", – деп баяндады Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында да оң динамика байқалып отыр. Бұл саланың өсімі 3,6%-ға тең болды. Өсім мал шаруашылығы өнімдерінің 3,8%-ға артуымен қамтамасыз етілген.

І тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі екі ай бойғы құлдыраудан кейін өсу траекториясына қайта шықты. Бұл саладағы өсім – 5,9%.

"Негізгі капиталға салынған инвестициялар 39,5%-ға ұлғайды. Инвестициялық салымдар көлік саласында (58,5%-ға), құрылыста (57,2%-ға), өнеркәсіпте (51,6%-ға) және саудада (47,3%-ға) артып отыр. "Еңбек нарығындағы жағдай орнықты. Наурыз айында жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды. Еңбекақының өсуі байқалып отыр. Қаңтар-наурызда орташа айлық еңбекақы 2,4%-ға өсіп, 153,2 мың теңгеге дейін жетті", – деп Тимур Сүлейменов.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, жыл басынан бері инфляция 1,8%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5%-ға төмен. Жылдық есеп бойынша инфляция 6,6%-ды құрады.

"2018 жылдың ақпан айының соңында кредиттер көлемі 12,5 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері кредиттер көлемінің 1,2%-ға төмендеуі банктердің кредиттік портфельді қалыпқа келтіруге әрекеттенгенін көрсетіп отыр. Қаңтар-ақпан айларында жаңадан кредит беру 33,3%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 424 млрд теңгеге ұлғайып отыр", – деді Данияр Ақышев үкімет отырысында.

Төрағаның айтуынша, бүгінде банк секторында 32 банк жұмыс істейді. Ақпан айының соңында банктердің жиынтық активтері 23,6 трлн теңгені құраған. Ал сақтандыру секторында жұмыс істейтін ұйымдардың саны – 32. 1 наурыздағы дерекке сүйенсек, сақтандыру ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 935,8 млрд теңге болған.

"Алдын ала деректерге сүйенсек, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері наурыз айының соңында 31,1 млрд АҚШ долларын құрады. Жыл басынан бері 1,1%-ға өсіп отыр. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері наурыз айының соңында 59,3 млрд АҚШ долларына бағаланды. Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 1,5%-ға немесе 1,3 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 90,4 млрд АҚШ долларына тең болды", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышев осы жылдың алғашқы екі айында ақша массасы 3,9%-ға қысқарғанын мәлімдеді. Оның құрылымындағы депозиттер көлемі 16,9 трлн теңгеге дейін немесе 3,5%-ға азайған. Шетел валютасындағы салымдар 8,6%-ға қысқарып, теңгедегі салымдар 1,1%-ға өскен. Нәтижесінде шетел валютасындағы салымдардың үлесі 45,2%-ға дейін төмендеген.

Сонымен қатар, банк төрағасы қазіргі уақытта банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасының үшінші бағыты – қадағалау өкілеттіктерін күшейту және тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл ретте, заңнамаға енгізілген тиісті түзетулер үкімет пен парламентке жолданған.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік бюджеттің кірістері алғашқы тоқсанда 107,8%-ға орындалғанын жеткізді. Бұл ретте, республикалық бюджет – 101,9%-ға, жергілікті бюджеттер 124,6%-ға асыра орындалған. Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,7%-ды құраған. Республикалық бюджет – 96%-ға, жергілікті бюджеттер 97,7%-ға атқарылған.

"Өткен есептік кезеңнің басты ерекшелігі – жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті жұмысының басталуы. I тоқсанда олардың шоттарына 28 млрд теңге түсім жиналды. 22 млрд теңге шығыстарға жұмсалды. Қазынашылық органдары 4-інші деңгейлі бюджеттің 1 078 мемлекеттік мекемесіне қызмет көрсетуде", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қаржы министрінің дерегінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша 235,2 млрд теңгеге 182 келісімшарт жасалған. Ал "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасына бағытталған қаражат 99,9%-ға игерілген. Яғни, қаржының 37,3 млрд теңгесі кәдеге жараған.

"Алда тұрған міндеттердің негізгілерін атап өткім келеді. Біріншіден, республикалық бюджет кірістерінің көлемі 189 млрд теңгеге көбейді. Сол себепті, кірістердің өсу қарқынын төмендетпей, нақтыланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету керек. Екіншіден, импорттау кезінде уақытты қысқартуға мүмкіндік беретін "Астана-1" ақпараттық жүйесінде қалған 15 кедендік рәсімді іске қосу көзделген. Бұл бюджетке қосымша 12 млрд теңгеге жуық кіріс түсіруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, президенттің бес әлеуметтік бастамасын және елбасы жолдауларының міндеттерін іске асыру үшін нақтыланған бюджет жобасында қарастырылған шаралардың уақытында орындалуын қадағалау қажет", – деді Бақыт Сұлтанов.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, 2018 жылдың І тоқсанында 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жалпы республика бойынша 25 301 баспана өз иесін тапқан. Оның ішінде 9 200 жеке үй бар.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысының үкіметке экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша аса жоғары нәтижелерге қол жеткізуді тапсырғанын атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету – ортақ іс. Ал ортақ іске орталық қана емес, облыстар да барынша үлес қосуы керек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу