Орысша фамилиясы өзіне сор болып жабысты

9339

Дамыған елдердің санкциялық қара тізіміне кірген ресейліктер өзге елдердегі аттастарына кесірін тигізіп жатыр.

Орысша фамилиясы өзіне сор болып жабысты Фото: VestiYamal

Таяуда Inbusiness.kz Жамбыл өңірінде небары үш айда 13 азамат өз ұлтын ауыстыруға өтініш бергенін жазған болатын. Тағы 501 азамат тегін ауыстыруға ынтық.

Жалпы, жалғыз Жамбыл облысында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде орысша -ов, -ова, -ин, -ина жалғауларынан қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері, тіпті орыстар да арылуға өтініш беріп жатқаны белгілі. Себебі, өтініш иелерінің дәйектеуінше, адамның тегіндегі бұл орысша жалғауларға қарап, Еуропада, басқа елдерде Ресей азаматы екен деп күдіктене, жақтырмай қарайды екен.

Алда мұндай үрдіс бүкіл әлемге кең тарауы мүмкін. Өйткені халықаралық сарапшылар санкцияға іліккен ресейліктер өзге елдердегі аттастарына проблема тауып бергенін анықтады.

"Санкциялық тізімде кең жайылған орысша фамилиялар жетерлік. Салдарынан, тегі сондай адамдардың өмірі де қиындады. Мысалы, Сергей Козлов Литваның Каунас қаласында орыс тілінен сабақ береді. Ол Украинаның шығысындағы заңсыз аннексияланған өңірінің (халықаралық мойындалмаған Луганск халық республикасы (ЛХР) премьері Сергей Козловпен аттас. Өткен жыл бойы банктер бірнеше рет литвалық мұғалімді халықаралық лаңкес ретінде белгілеп, шоттарын бұғаттап тастаған. Алғаш рет ол осы туралы жалақысының кешіктіріліп жатуының себебін анықтағанда біліпті. Екінші жолы ол өзінің неміс догын сәнді етіп қырқығаны үшін грумерге (үй жануарларының күтімімен айналысатын маман) ақы төлей алмай қалады. Ал өткен айда әріптесіне ақша аудармасы өтпеген екен", – деп жазады The New York Times.

Бастапқыда ол неліктен банктердің бұғат салғанын түсінбей дал болады. Мұғалім Козлов 40 жаста, орыс тілінің маманы. Мектебіне барып келгеннен басқада қақ-соғы жоқ. Ешқандай террористік топтармен байланысы да болмаған. Оның әкесі орыс, анасы литвалық. Өзі Каунаста туған, Литва азаматтығына ие. Бұған дейін орыс фамилиясы қандай да бір кедергі туғызбаған екен. Еш қысым көрмеген соң, жүре берген.

Банк мамандары бұғаттаудың себебі деп, оның аты-жөні лаңкестікке қатысы болуы мүмкін тұлғалардың қара тізімінде тұрғанын алға тартқан. Одан басқа егжей-тегжейін айта алмаған, құзырлы органдарға жүгініп, анық-қанығын содан білуді ұсынады.

Бұл жерде бір шикілік барын түсініп, өз бетінше зерттеу жүргізген каунастық педагог айыптардың бәрі 59 жасар ресейлік коллаборант Сергей Козловқа қатысты екенін әшкерелепті. Украинаның шығыс облысын сепаратистердің басып алып, жалған республика құруына үлес қосқан сол Козловқа қарсы Еуропалық Одақ, Австралия, Ұлыбритания, Канада және Украина санкция енгізді.

"Бір аты-жөнді пайдалануымыз зиянды болып шықты. Бұл бір жағынан, күлкілі жайт, екінші жағынан, тауқымет әкелді", – дейді литвалық педагог.

Жалпы, орыс тілді ортада Козлов тегі көп таралған. Тағы бір Сергей Козлов Литва астанасы Вильнюсте шеф-аспаз болып істейді. Оның әкесі Литвада, Қызыл армия қатарында әскери борышын өтеп, қалып қойыпты. Сергей де Литва азаматтығына ие, сонда өмірге келген.

Ол да қарау істері үшін санкциялық қара тізімге кірген Козлов еместігін дәлелдеуге мәжбүр. Салдарынан, жалақысы кешіктіріледі. Банктік аудармалары адресатына уақытылы жетпейді. Өткен айда коммуналдық төлем төлемек болғанда, есепшоты бұғатталғанын білген. Мұғалім сияқты, аспаз Сергей Козлов та өз жинағын, қаражаттарын басқара алмайды, оған кредит берілмейді.

Ресей Украинаға кең ауқымды шапқыншылық жасағалы Еуропалық Одақ соғысты бастауға дем берген, Украинаның тәуелсіздігіне, егемендігіне және территориялық тұтастығына қатер төндіруге немесе бұзуға қатысы бар шамамен 1 500 адамды және 205 компанияны қара тізімге қосып, түрлі санкция салды. Бұл тізім ары қарай кеңеюде.

Ендеше ондағылармен аттас болып, сорға жолыққандар саны тек арта беруі ықтимал. Олардың да банктердегі есепшоттары бұғатталады, жылжымайтын, жылжитын мүлкі тұтқындалады, оларын еркін пайдалана алмайды. Дамыған елдерге виза алу күрделенеді, тіпті шекараны кесіп өту кезінде тұтқынға алынуы мүмкін.

Яғни, ресейлік агрессорлармен тек аты-жөнді ғана емес, жазаны, санкциялық ауыртпалықты да бөліседі.

Бұл ретте аса сақтық танытқан еуропалық мамандар фамилиялардың жазылуында шамалы өзгешеліктер барына да қарамайтын көрінеді. Өйткені Батыстың санкциялық қыспағына қалған ресейліктер тегін шамалы өзгертіп, жаңа паспорт алуы мүмкін. Мысалы, рунетте осындай қызметті сатып алуға болады. Құжаттама бөліміндегілер пара ұсынса, "шамалы қателескен" сыңай танытып, бір-екі әріпті түзеп, жаңа паспорт бере салатыны тіпті ресейлік фильмдерде бейнеленген.

Салдарынан Финляндия тұрғыны, музыкалық факультеттің 20 жасар студенті Андрей Макарофф та ащы күлкі туғызатын казусқа тап болды. Биылғы ақпанда Макароффты Хельсинкидегі баспана қожайыны пәтерден қуып шығыпты. Себебі, оның енгізген депозиті бұғатталып тасталған. Банктен мән-жайын анықтаған екен, ондағылар Андрейдің "халықаралық санкциядағы тұлғалардың бірі болып табылатынына" қатысты күдік барын жеткізген. Тиісінше, бұдан былай оның транзакциялары өткізілмейді. Ал егер шынымен жай аттас адам болса, онысын құжат арқылы дәлелдеуі шарт.

Макарофф басқа баспана тауып, соған көшеді. Бірақ хикая қайталанған. Оның ұялы телефонындағы банктік қосымшасы арқылы да аударма жасау мүмкін болмай қалады. Андрей ашынған жағдайға жеткенін айтады: өзінің ресейлік қылмыскер еместігін дәлелдеп, үнемі қосымша ақпарат, анықтамалар ұсынуға мәжбүр.

А.Макароффтың арғы атасы Ресейден Финляндияға қоныс аударған екен. Сонда жаңа өмір бастаған. Ал Андрейдің атасы өз тегін бергенімен, немересіне тіпті орыс тілін де үйретпепті.

"Менің фамилиям орысша болғанымен, өзімді орыс сезінбеймін. Финмін. Фин армиясында Отан алдындағы борышымды өтедім. Бүкіл ғұмырым тек Финляндияда өтуде. Ресейді қолдаған емеспін. Былтыр Ресей Украинаға басып кірген күні студияға арнайы барып, соғысқа қарсы ән жаздым. Анам маған Украинаны қолдауға бағытталған шеруді ұйымдастыруға көмектесті. Оған мыңдаған адам қатысты. Мен тіпті орысша да білмеймін", – дейді Андрей.

Онда неге Еуропа оны Украинаға қарсы адам ретінде санкциямен жазалап отыр? Интернеттегі іздеу жүйесі арқылы шағын зерттеу жүргізе келе, соның барлығы үшін "Единая Россияның" МемДумадағы депутаты, қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған федералдық бюджет шығыстары жөніндегі парламенттік комиссияның теңтөрағасы, 68 жасар Андрей Макаров айыпты екенін анықтады. Ол Еуропалық Одақтың санкциясына іліккен.

Сарапшылар ресейлік агрессорлар кесірінен тағдыры тәлкекке ұшыраған өзге аттастардың саны қанша екенін білмейді. Көптеген еуропалық елдерде, АҚШ-та, сондай-ақ батыстық санкцияларды сақтайтын Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттерде орыстар, фамилиясы орысша азаматтар көп тұрады.

Мамандар санкцияға іліккендермен аттастарға фамилияларын ауыстыруға кеңес береді. Өйткені Батыс санкциялары ағымдағы онжылдықта алып тасталмауы мүмкін.

Адам тұлғасын қате идентификациялауға қатысты проблема бұрыннан бар және оның шешімі күрделі. Америка Құрама Штаттарында санкциядан негізсіз зардап шеккендер хабарласып, көмек ала алатын қауырт желі бар. Ал ЕуроОдақта мұндай қолдау қарастырылмаған.

Себебі, Еуропалық комиссия санкцияларды жүзеге асырумен одаққа мүше 27 мемлекеттің әрқайсысы жеке айналысатынын, бұл солардың құзыреті екенін мәлімдеді. Салдарынан, бүкіл Еуропадағы козловтар, макаровтар және басқа да мың жарымнан астам фамилияның иелері өз проблемасымен жалғыз қалды.

Олардың тұйықтан шығуының бір жолы – тегін ауыстыру болса керек. Өйткені егер Ресейде режим ауыспаса, Мәскеу қантөгіске, аннексияға кінәлі қылмыскерлерді ұстап бермесе, бұл фамилиялар қара тізімде ұзақ жылдарға қалуы да ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу