Өзбекстандағы кері транзит: Мирзиёев 2040 жылға дейін ел басқара алады

4047

Өзбек елі ТМД-дағы билік ауысуының қайталанбас, бірегей үлгісін танытуды жалғастырды. 

Өзбекстандағы кері транзит: Мирзиёев 2040 жылға дейін ел басқара алады Фото: lentka.com

Халықаралық сарапшылар Өзбекстан көшбасшысы Шавкат Мирзиёевтің бір мезгілде В.Путиннен, Н.Назарбаевтан және Қ.Тоқаевтан үлгі-ұлағат алып, солардың жолына түскенін жазып жатыр. Ол Қазақстан Президенті мен Мәскеудің қазіргі қожайыны сияқты өзінің бұрынғы президенттік мерзімдерін "нөлге" теңестіріп, бәрін қайта бастады. Яғни, Қазақстандағы және Ресейдегі сияқты жаңа шектеулер іс басындағы Президентке таралмайды.

Бұған қоса, Қазақстандағы сияқты Өзбекстанда да енді Мемлекет басшысы 5 емес, тұтас 7 жыл ел билей алады. Бір айырмашылығы, бір тұлға екі рет сайлануға құқылы.

Inbusiness.kz  Өзбекстанда 30 сәуір күні өткен жалпыхалықтық референдумның алдын ала қорытындысын хабарлады. Енді ол өзгерістердің мән-маңызына, саяси астарына тоқталсақ.

Референдум нәтижесінде Өзбекстан Конституциясы 65%-ға жаңарды. Мысалы, енді өзбектер балаларын мақта жинауға, мал бағуға және басқа да жұмыстарға жеккені үшін қылмыстық қудалануы мүмкін. Балаларды ауыр жұмысқа жегуді доғаруды мемлекеттен БҰҰ және батыстық құқық қорғаушы ұйымдар талап еткен болатын. Бірақ ол үшін Қылмыстық кодекске тиісті бап енгізсе де жеткілікті еді. Ташкент жас ұрпақты шынашақтай кезінен жұмысқа баулуды қарастыратын ежелгі дәстүрге Ата заңда тыйым салуға ұйғарыпты.

Қазақстандағы тәрізді өзбек саясаттанушылары да билікке Сенатты таратып, бір палаталы Парламент құруды ұсынып жүр. Себебі, біріншіден, көрші елде де Парламенттің жоғарғы палатасы өңірлердің атынан сөйлеп, аймақтардың мүддесін ілгерілетуге тиіс еді. Алайда сенаторлар ол міндетін лайықты атқармайтын көрінеді. Екіншіден, қос палаталы Парламент АҚШ, Ресей, Мексика, Бразилия, Аргентина, Ұлыбритания, Испания, басқа да негізінен федеративті немесе квази-федеративті мемлекеттерге тән. Ал Өзбекстан да, Қазақстан да біртұтас, унитарлық мемлекет.

Бірақ Қазақстандағы сияқты Өзбекстан басшылығы да мұндай батыл реформаға бармады, кілең ығай мен сығай, бұрынғы әкімқаралар, немесе билікке жаққан тұлғалар отыратын жоғарғы палатаны сақтап қалды, тек сенаторлар санын 100-ден 65-ке дейін қысқартты.

Дегенмен, сарапшылар Конституциялық реформаның басты нысаны – Президентке қатысты десті. Басты түзетуге сәйкес, Өзбекстан Президентінің өкілеттік мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Novaya Gazeta Europe осы өзгеріс арқасында Президент Ш.Мирзиёев ел тізгінін енді 2040 жылға дейін ұстай алатынын хабарлады. Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы өзінің 1 мамырдағы қаулысымен, Конституцияға өзгерістер күшіне енгенін мәлімдеді.

"Елдің Ортсайлаукомының мәліметінше, Президент Шавкат Мирзиёев бастамашы болған реформаны дауыс бергендердің 90,21% қолдады, небары 9,35% ғана қарсы болыпты. Референдумға қатысу көрсеткіші 84% болды. Конституцияның жаңа редакциясы бойынша президенттік мерзім бестен жеті жылға дейін ұзартылды. Бір тұлға қатарынан екі мерзімнен артық Президент бола алмайды. Осы нормаға сай, Өзбекстанның 2016 жылдан бергі іс басындағы Президенті Шавкат Мирзиёев бұған дейінгі мерзімдерін нөлге теңестірді және енді 2040 жылға дейін Мемлекет басшысы болып қала береді. Ол кезде Мирзиёев 83 жасқа толады", – деп жазады NGE.

Шетелдік басылымдар ТМД-дағы билік транзитінің бір үлгісі кезінде дәл осы Өзбекстанда жүзеге асқанына назар аудартады: Өзбекстан тұңғыш Президенті, марқұм Ислам Кәрімов өмірінің соңына дейін отырды. Ал Қазақстан басқа үлгіні көрсетті: қанды қаңтар оқиғаларына дейін биліктің бір бөлігін өз уысында сақтап қалғанымен, Н.Назарбаев көзінің тірісінде президенттік орынтағын тапсырып кетті.

Саясаттанушылардың болжамынша, егер Ш.Мирзиёев 83 жастан ұзақ өмір сүрсе және В.Путин сияқты мәңгілік басқару үшін Конституцияны тағы өзгертпесе, онда Қазақстанның бірінші Президенті сияқты ел басшылығын келесі тұлғаға табыстай алуы мүмкін.

Соңғы жылдары Ресейдің, Қазақстанның, енді міне, Өзбекстанның іс басындағы президенттері өз елінің Конституциясын өзгертуге бастамашы болды. Карнегидің Ресейді және Еуразияны зерттеу жөніндегі Берлин орталығының ғылыми қызметкері, саясаттанушы Темур Умаровтың айтуынша, өткен референдум мен Конституцияға түзетулердің 2 мақсаты бар: біріншісі – ресми мәлімделгені және жарияланғаны, екіншісі – шын мәніндегісі.

"Ресми мақсат — реформаларды жалғастыру. Жаңарған Конституция өзбек реформаторлығын ары қарай дамытуға ықпал ететін құжат ретінде насихатталды. Билік халықты: "елде болып жатқан жаңғырулар мен өзгерістерді тұғырландыру үшін бізге Конституцияны қайта жазу керек" деп үгіттеді. Бірақ шын мәніндегі мақсат — Өзбекстандағы қазіргі Президенттің билігін ұзарту. Өйткені Мирзиёевтің екінші мерзімі де аяқталуға таяды. Бұл жерде Өзбекстанда бірнеше рет тексерілген және өзін ақтаған жалғыз схема бар: Конституцияны қайта қарау. Осы арқылы бұрынғы президенттік мерзімді нөлге теңестірумен ғана шектелген жоқ, оны бестен жеті жылға ұзартып алды. Нәтижесінде іс басындағы билеуші алда қайта сайлауға түсе алады. Сондықтан алдағы 10–14 жылда Өзбекстанда көшбасшы ауысады деуге болмайды", – деді Т.Умаров.

Deutsche Welle Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) байқаушылар миссиясының басшысы Альберт Йонссонның сөзіне сілтеме жасап, қызықты жайтқа, саяси технологияларға назар аудартты. Егер халыққа: "Сіз іс басындағы Президенттің мерзімін ұзартуға келісесіз бе" деген жалғыз сұрақ қойылғанда, халықтың пікірі өзгеше болуы да мүмкін еді.

Оның орнына Өзбекстан Қазақстан сияқты қулыққа басыпты.

"Елдің Ата заңының үштен екі бөлігін жаңартқан түзетулер біртұтас пакетпен енгізілді. Салдарынан билік сайлаушыларға әрбір жеке мәселе бойынша бөлек пікір білдіріп, таңдауын жасауға мүмкіндік бермеді", – деді Альберт Йонссон.

Нәтижесінде, Өзбекстан Президентінің өкілеттік мерзімін 5 жылдан 7 жылға ұзарту сыртында, ол пакетте Өзбекстанды "әлеуметтік мемлекет" деп жариялау, өлім жазасын жою, мәжбүрлі балалар еңбегіне тыйым салу, қылмыс жасаған Өзбекстан азаматын өзге елдерде бермеу, БАҚ қызметіне қол сұғу, араласу үшін жаза белгілеу, әйелдер мен ерлерді тең құқылы ету сияқты қаптаған өзгерістер мен толықтырулар болды.

Яғни, соның бірін қатты қалаған адамға амалсыз басқасының бәрін жақтауға тура келді.

Шавкат Мирзиёев ел басшылығына келгенде өзін демократ, реформатор ретінде көрсетті, бұрынғы биліктің біраз ауыр мұрасынан арылуға күш салды. Онда неге қайтадан ескі сүрлеуге түсіп отыр?

"Жүйе Мемлекет басшысына және оның жанындағы тұлғаларға кепілдіктер беретін тетіктерді ойлап табуға тырысты. Әлемдегі көптеген авторитарлық режимдердегі сияқты Өзбекстанда да билікті ұстаған адамның өз еркімен, бейбіт түрде кетуінің, билікті абыройлы тапсыруының озық тәжірибесі жоқ. Бұл процесс тәуекелге толы. Мысалы, Қырғызстанда билікті тапсыру рәсімі алапат тауқыметке соқтырып тұрады. Бірінші Президенті Асқар Ақаев Ресейге қашты және күні кешеге дейін елге оралуына тосқауыл қойылды. Екінші Президент Құрманбек Бәкиев жатжұрттан сол бойы қайта алмады: оның үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Алмазбек Атамбаев түрмеден таяуда ғана шыға алды. Қазақстанда одан сорақысына куә болдық: қаралы қаңтар оқиғаларынан кейін ғана Нұрсұлтан Назарбаев биліктен толық аласталды", – деді Темур Умаров.

Түрікменстанда Құрбанқұлы Бердімұхамедов былтыр өз орнын өз ұлы Сердарға босатып бергенімен, оның қудалауынан қорқып, бүгінде билікті қайтадан өз қолында шоғырландыруға мәжбүр. 

Саясаттанушы өзбек лидерін және оның айналасындағы командасын басқа автократтардың тағдыры қорқытса керек деп топшылады. Әйтпесе, Еуропа сынаған мұндай қадамға бармас па еді. Сондықтан өзбек елінің тізгінін одан әрі қолда ұстауға бел буды. 

Әйткенмен, өзбектердің үлкен бөлігі Шавкат Мирзиёевті қолдайтынын әділдік үшін айта кеткен жөн. Оның билікке келуімен біраз ізгі өзгеріс өмірге жолдама алды. Ол валюталық реформа жүргізіп, доллар мен еуроны елге қолжетімді ете түсті. Бірақ Өзбекстанның коммерциялық банктерінде еркін айналымдағы шетелдік валютаны табу оңай шаруа емес.

Құзырлы органдар дәл бұрынғыдай бизнеске қуғын-сүргін ұйымдастырып, қыспаққа алмайды. Осының арқасында кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Ұлы Жібек жолы заманынан бері сауданың сүйегін шағып, майын іше білетін өзбек ағайындар бүгінде өзбекстандық қалаларды дәстүрлі және еуропалық үлгідегі базарларға толтырды. Өзбек бизнесмендері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Шағын Одесса аталған Брайтон-Бич ауданында сонау кеңес заманынан орныққан ресейлік, украиналық бизнесмендерді ығыстырып шығарып жатыр.

Халық үніне құлақ асқан өзбек басшылығы Қазақстан барудан бас тартып келе жатқан бастаманы жүзеге асырды: бұқараға шетелден арзан көлік тасуына жол ашуда. Әйтпесе, бір жылдай бұрын ғана шетелдік нөмірі бар "Мерседестерді" көрген жан таң қалатын. Себебі, бұрынғы билік "отандық автоөнеркәсіпті қорғау" дегенді сылтауратып, өзге елдерден автомобиль әкелуге зілбатпан ауыр баж салығын енгізіп, тоспа құрды. Бұл қысым шамалы болса да жұмсартылды. Соның арқасында өзбек қалаларының көшелерінен тіпті "тәжік" көліктерін де кездестіруге болады. Әрине, ол ұсталған көліктер өзге шет елдерде құрастырылған, бірақ Тәжікстан арқылы әкелінеді.

Шавкат Мирзиёев түркітілдес елдермен ынтымақтастықты өрістетуде. Мысалы, Қазақстанмен әскери одақ құруға ден қойды. Екі елдің арасында ортақ жаңа қала тұрғызылатын болады: биыл қос мемлекеттің үкіметтері тиісті құжатқа қол қойды.

Ол сондай-ақ орталықазиялық елдердің кәсіпкерлеріне өзбек нарығын кең аша бастады. Осының нәтижесіндей, бүгінде Өзбекстанның басты базары "Чорсуда" сауда жасап тұрған қазақстандық және қырғызстандық саудагерлерді табуға болады. Әсіресе, біздің оңтүстік өңірлердің пысық бизнесмендері өзбек нарығын игеруге білек сыбана кіріскен.

Егер реформатор Шавкат Миромонұлы Мирзиёев түбі бір түркі елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен ынтымақтастығын өрістетсе, өз еліне игілік әкелетін реформаларын жалғастырса, қайырымды билеуші болса, онда оның билік басында ұзақ отыруын өзбек түгіл, қазақ та тілейтін болар. Ал Өзбекстанға қандай демократияның қажет екені жаттың емес, тек Өзбекстан халқының таңдауындағы дүние.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу