Өзбекстанның тумасы Украинаға Қырымды қайтарып бермек

3319

Кремльге "нақты сигнал" берілді: келіссөздер үстелінде Қырым саудаға салынбайды, ол оккупациядан толық босатылуға тиіс. 

Өзбекстанның тумасы Украинаға Қырымды қайтарып бермек Фото: uk.tgstat.com

Кейінгі кезде Украинаның Қырымға шабуылы күрт үдеді: ол оккупанттың түбектегі әскери базаларын зымырандармен де, теңіз камикадзе катерлерімен де, әуе беспилотниктерімен де үстемелете соққылауда.

Таяуда, тамыз соңында украиналық арнайы операциялар күштерінің жасағы аз ғана мерзімге болса да Қырымның батыс жағалауына жетіп, Украинаның мемлекеттік туын көтерді. Жақын жердегі ресейлік әскери нысанға шабуылдап, тез шегініп кетті. Жуырда арнайы жасақтардың Севастопольдегі кеме жөндеу портына шабуыл жасап, ресейлік алып кеме мен сүңгуір қайығын жойып жіберуі де әскери сарапшыларды дүрліктірді.

Осы орайда Украинаның Қорғаныс министрлігіндегі ауыс-түйістер назар аудартады. Кеше Украина Үкіметі Қорғаныс министрінің барлық дерлік орынбасарларын отставкаға жіберді: жеті орынбасардың алтауы жұмысынан қуылды. Олардың арасында медиа тұлғаға айналған, майдан даласындағы ахуалды уақытылы хабарлап, жедел түсініктеме беруімен халықаралық ақпарат айдынында танымал болған Анна Маляр, сондай-ақ Владимир Гаврилов, Виталий Дейнега, Ростислав Теодозиевич, Денис Шарапов және Андрей Шевченко лауазымдарынан айрылды. Бұған қоса, министрліктің мемлекеттік хатшысы Константин Ващенко да креслосын босатты.

"Суспліне" басылымының нақтылауынша, орнында тек Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Александр Павлюк қалған.

Осылайша, жаңа министр бұрынғы жолашарынан қалған командадан арылып жатқанға ұқсайды. Бірқатар жергілікті сарапшылар мен блогерлер бұрынғы Қорғаныс министрі Алексей Резниковты "жауға қызмет етеді" деп сынайтын. Оның тұсында қорғаныс саласында жемқорлық өршіді. Мысалы, министрлік басқасын айтпағанда, жұмыртқаның 1 данасын 17 гривнаға (шамамен 220 теңгеден) сатып алған. Бұл ретте Киевтің дүкендерінің өзінде 10 жұмыртқа 70 гривна тұрады екен. Халық қасық қаны қалғанша Отан үшін жанқиярлықпен шайқасып жатқанда шенділердің қара басының қамын ойлауы жұртшылықтың жанын түршіктірді.

Содан 3 қыркүйекте Украина Президенті Владимир Зеленский ел Парламентіне, жоғарғы Радаға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы ретінде Рустем Умеровтың кандидатурасын қарауды ұсынды.

Ал Резников 4 қыркүйекте ғана отставкаға кетті. Украина лидерінің айтуынша, ол өз лауазымын 550 күннен артық атқарды, сондықтан Қорғаныс министрлігі "әскерилермен ынтымақтастықта да, қоғаммен ықпалдастықта да жаңа тәсілдерді, басқа форматтарды қажетсінеді".

7 қыркүйекте жоғарғы Раданың 360 депутатының 338-і Умеровтың министр лауазымына тағайындалуын қолдап, дауыс берді. Бұл хабар өзбек ағайындарда резонанс туғызды. Өзбекстандық сарапшылар 41 жасар Рустем Умеровтың Өзбекстанның тумасы болып табылатынына, Самарқан облысының Бұлыңғыр (Булунгур) қаласында, депортацияланған Қырым татарларының отбасында дүниеге келгеніне назар аудартты.

Ол 2019 жылы жоғарғы Раданың депутаты болып сайланған. Соғыстың басында, 2022 жылы Ресеймен арадағы келіссөз тобына кірген. Сол жылы Мемлекеттік мүлік қорына басшы болды.

Артынша ресейлік пропаганда "Украина жоғарғы антикоррупциялық соты Ұлттық антикоррупциялық бюроны Рустем Умеровтың үстінен қылмыстық іс қозғауға міндеттегені" туралы жаңалықты жарыса таратты. Сот материалында айтылғандай, Рустем Умеров Мемлекеттік мүлік қорының басшысы болғанда "Центрэнерго" компаниясымен байланысты фирмаларға электр қуатын нарықтағыдан арзан бағаға сату фактісін жасырып қалған-мыс.

Бірақ жаңа Қорғаныс министрінің үстінен қылмыстық іс қозғалмады. Өйткені Украинаның Қауіпсіздік қызметі сот судьяларының Ресейге жұмыс істеп, пара алып келгенін әшкерелеп жатыр. 

Украиналық белгілі журналист Ольга Мусафированың айтуынша, Украинаның жаңа Қорғаныс министрі ретінде Рустем Умеровтың тағайындалуы "Қырымға қатысты енді саудаласу болмайтыны, оның қарулы жолмен болса да азат етілетіні жөнінде Кремлге жолданған нақты сигнал, месседж саналады". Себебі, Умеров біріншіден, этникалық Қырым татары. Екіншіден, ол осы түбекті деоккупациялау жөніндегі Украинаның мемлекеттік стратегиясының тең авторы болып табылады.

Өз кезегінде The Wall Street Journal Украинаның қазіргі билігіндегі көптеген биік лауазымды тұлғалардың және әскери командирлердің көбі Қырымның тумасы екенін еске салды: олар Отанына оралуды аңсайды. Мысалы, Бас барлау басқармасының бастығы генерал-майор Кирилл Буданов Севастополде өскен, өзін әрдайым қырымдық санайды. Ресей аннексиялаған соң тарихи мекенінен қуылған Қырым татарлары да жаңа қорғаныс басшысы Умеровқа оны қайтару жөнінде сенім мен аманат жүктеп отыр.

"Қырым – біздің территориямыздың бір бөлігі, сондықтан оны міндетті түрде азат етуге тиіспіз. Біз оны барынша тез азат етеміз. Мұны қарудың күшімен жүзеге асыруға тура келетінге ұқсайды. Қырымды келіссөз үстеліне тастасақ, ағымдағы ахуал сақталады да, осы соғысты ұрпақтарымызға ауыр мұраға қалдыруымыз мүмкін", – деді Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Алексей Данилов.

Forbes жазуынша, Рустем Умеров принципшілдігімен белгілі. Мысалы, ол басқарған Меммүлік қоры 2023 жылы ресейлік олигархтардан тәркіленген мүлікті жекешелендіруге кірісті. Prozorro тұғырнамасындағы алғашқы саудалардың өзі бюджетке рекордтық 2,1 млрд гривна (28 млрд теңгедей) кіріс әкелген. Салыстырсақ, Умеровқа дейін Украинада жүргізілген жекешелендіруде 400 млн гривна ғана кіріс түсіпті.

"Агрессор барлық бағытта жазалануға тиіс. Бұрынғы ресейлік активтер енді Украинаны қалпына келтіруге, экономиканы көтеруге жұмыс істейді", – деп түсініктеме берген еді ол. Биыл Зеленский оны осы табысы үшін мақтаған болатын. Яғни, мықты менеджер екенін көрсете алды.

Дегенмен, сарапшылар Умеровтың тағайындалуынан саяси астарды байқап отыр.

"Өзбекстанның Самарқанында, қырымдық Алушта қаласынан депортацияланған отбасыда өмір есігін ашқан Рустем Әнуароғлы Умеров (Өміров) – этникалық Қырым татары және мұсылман. Үш баланың әкесі. 1944 жылдың мамырында бүкіл Қырым татарлары халқымен бірге оның әулетін қайғы жайлады: Сталин оларды Қырымнан күштеп көшірді. Умеровтар тарихи атажұртына тек жарты ғасырдан соң орала алды. Мәскеудің осы әділетсіз, қанқұйлы саясатына наразы болып өскен Рустем жас кезінен түрлі студенттік және азаматтық қарсылық акцияларына қатысқан. Ақыры 2007 жылы "Землячество крымских татар" қоғамдық ұйымының негізін қалаушылардың біріне айналды", – деп жазады  Novaya Gazeta Europe.

Сонымен қатар ол жақтастарымен бірге Bizim Qirim халықаралық бірлестігін құрды. Ондағы мақсаты – Қырым татарларының саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, тіл және діни құқықтарын қалпына келтіру, осы мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын аударту болған.

Р.Умеров Қырым татарлары халқының құрылтайына екі рет – 2007 және 2012 жылдары делегат болып сайланды. Қырым татарлары халқының көшбасшысы Мустафа Джемилевтің кеңесшісі болды. Төл тілінің өркен жаюына ықпал етті.

Умеровтар әулеті өз қаражатына ХVI—ХVII ғасырларға жататын сәулет ескерткіші, Орта-Джами мешітін реставрациядан өткізді. Өз ұлтына жасаған басқа да еңбектері жетерлік.

Бірақ 2014 жылы Қырымды аннексиялаған Ресей осы көп жылғы еңбекті заяға кетірді. Қырым татарларын жаппай қуғын-сүргінге салды, лидерлерін түрмеге қамады, Украинаға, Батысқа эмиграцияға кетуге мәжбүрледі. Қырымдағы мектептерде қырымтатар тілінде оқытуға тыйым салды. Қаладағы барлық жазу тек орыс тіліне көшірілді.

РФ басшысы Владимир Путин 2014 жылғы сәуірде сталиндік репрессиялардан зардап шеккен Қырым татарларын реабилитациялау туралы жарлыққа қол қойды. Бірақ ол қу қағаз болып қалды, нақты шараларға ұласпады. Оның орнына Ресей осы халыққа қарсы жаңа репрессияны өрістетуде. Ұлыстың мәдени мол мұрасы да аяққа тапталуда.

Ендеше Украинаның Қорғаныс министрі Р.Умеров және басқа да қырымтатарлық көшбасшылардың Мәскеуге кек сақтауының жөні бар.

Рустем Умеров жоғарғы Рада депутаты болғанда, парламентаралық байланыстар тобының тең төрағасы ретінде Түркиямен ынтымақтастықты дамытты. Демек, оның Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалуы Украинаның Түркиямен қорғаныс саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтып, жаңа деңгейге шығаруы мүмкін. Түркия осы елде әскери дрондар, соғыс техникасын шығарып, жөндейтін өндірістер ашуға белсене кірісіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу