Өзгенікі күркедей, өзіміздікі сіркедей

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
3314

Шетелдің шиті отандық шиттен 6 есе қымбат.

Өзгенікі күркедей, өзіміздікі сіркедей

Биыл Мақтааралдық мақташылар шиттен тапшылық көрмейді. Өйткені ауданда бүгінге дейін 2502 тонна шит дайындалған. Оның 100 тоннасы Қытай мен Түркиядан әкелінген.  

Қазір шетелдік шиттің келісі 1350-1400, ал отандық шиттің келісі 230 теңгеден сатылып жатыр.

"Отандық шит пен шетелдік шиттің айырмашылығы сапасында. Былтыр мақта ұрығының түркиялық сұрпын еккен диқандар гектарына 30-35 центнерден өнім жинады. Алайда шетелдік өнімнің бағасы қымбат. Сондықтан мырзашөлдік мақташылар отандық шитті пайдаланғанды дұрыс көреді. Биылғы көктемде біздің мекемеміз 150 тоннадай шит әзірледі", – деді "Бақытжан" өндірістік кооперативінің цех меңгерушісі Жандарбек Әбенов.

Өткен жылы шиттің келісі 160 теңгеден босатылыпты. Бағаның бір жылда 100 теңгеге шарықтап кетуінің себебін Жандарбек Әбенов ұрықтық шит дайындауға кететін жарық, су және  минералды қоспалардың қымбаттауымен түсіндіреді.

"Бағаның 100 теңгеге өсуі  шығындардың көбеюіне байланысты болып отыр. Қазіргі таңда сапалы шит дайындау оңай емес. Дегенмен диқандар бағаның құбылуына түсіністікпен қарап отыр. Біз көктемгі егіс жұмыстары қызған шақта бағаның тұрақты болуына ықпал етеміз деп отырмыз. Ең бастысы биыл Мақтаарал шит тапшылығын сезінбейді", – деді Жандарбек Әбенов.

Естеріңізде болса, былтырғы көктемде мақтааралдық мақташылар шитке зәру болған.  Салдарынан көктемгі мақта егу ісі кеш басталған.  Өткен жылы тапшылыққа тап болған "Көпжасар ата" шаруа қожалығының басшысы Миралы Қолдабаев 4 гектар мақта алқабына қажетті 100 келі шитті қолма-қол ақшасына сатып алды.

"Өзімізге шиттің "Мақтарал" сұрпы өте қолайлы. Ол күннің ыстығы мен ағын судың тапшылығына төзімді. Сондықтан "Бақытжан" өндірістік кооперативінен шит сатып алдым. Биыл шаруа қожалығыма қарасты 8 гектар егістікке мақта егуді ойластырып отырмын", – дейді Миралы Қолдабаев.

Биыл мырзашөлдік мақташылар 80 мың гектар жерге шитті мақта егуді жоспарлап отыр.  Қазір соның 2500 гектарына шит себіліпті. Шаруалар алдағы 10 күнде мақта егу ісін толық аяқтамақшы.

Өткен жылы ауданда егілетін мақта дақылының көлемі 83 мың гектарды құрапты. Оның ішінде 20 мың гектар жерге инновациялық технологияларды кеңінен қолдана отырып, мақта өндіруге кететін шығындарды барынша азайтыпты. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақшы екен.

"Ауданымызда 136 мың гектар суармалы егістік жер бар.  Бұл жерлер 20 мыңға жуық шаруа қожалықтарына тиесілі.  Жергілікті халық өте еңбекқор. Қазірдің өзінде ауданда 17 мың гектар жерге түрлі дақыл  егілді.  Оның ішінде 136 гектар бидай, 2500 гектар мақта, 44 гектар күнбағыс, 29,5 гектар сүрлемдік жүгері, 553 гектар дәндік жүгері, 19 гектар картоп, 1025 гектар жоңышқа, 11714 гектар қауын-қарбыз, 62 гектар бау-бақ және жүзім бар. Әлі алда 13 884 гектарға бұршақты дақылдар, 80 мыңнан астам гектарға техникалық дақылдар, 34 мың  гектарға көкөнiс пен бақша дақылдарын егудi жоспарлап отырмыз",  –деді Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов.

Ендігі мәселе – жергілікті диқандарды ағын судан тарықтырмау. Бұл мақсатта ауданда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу  басқармасы жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын 51 коллекторды тазалау жұмыстарын бастады. Бұл іс алдағы  бір аптада аяқталуы тиіс.

Жалпы Мақтаарал ауданында колекторлық жүйелердің ұзындығы 700 шақырымды құрайды. Соның 400 шақырымы 15-20 жылдан бері тазаланбай, қамыс басып кеткен. Ағын су жіберу қабілеттелігінен айырылған коллекторлар  толығымен тазаланса, өңірде ағын су тапшылығы едәуір азаяды деп отыр диқандар.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу