Пандемия және қылмыс: дауыл алдындағы тыныштық па?

2316

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Пандемия және қылмыс: дауыл алдындағы тыныштық па?

time.kz: Коронавирус Қазақстанның денсаулық сақтау саласында бар проблемаларды көрсетіп берді. Карантин аяқталғаннан кейін не істеуге болады? Бұл сұрақты басылым тілшілері отандық дәрігерлер мен сарапшыларға қойған. Медицина саласы мамандарының басым бөлігі коронавирус жұқтырғаны елді шошытты. Дүйсенбі күні Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Людмила Бюрабекава 211 дәрігер мен медбике вирус жұқтырып алғанын хабарлады. Сарапшылардың бірі осы салада бар мәселені дәрігерлердің өздері айту керек десе, екіншілері бар салмақты Денсаулық сақтау министрлігіне артып қоюға болмайды деген ойда.

"Қазақстанда осындай жағдайда қажеттілікті анықтап отыратын ғылыми орталық болғанда, жағдай былай өршімейтін еді. Енді ондай орталық жоқ болғандықтан, біз бар мәселені қолдан келгенше шешіп жатырмыз. Қазір өкпені жасанды желдету аппараты жетпей деп бәрі айтып жатыр. Қанша аппарат керегін біз қайдан білеміз? Қанша бетперде, дезинфекциялық заттар керек болатын қайдан білеміз? Осы мәселенің барлығы стандартты түрде шешіліп қойса, мәселе былай қиын болмайтын еді", – дейді медицина профессоры Төлебай Рахыпбеков.

Профессордың пікірінше, эпидемия болған жағдайда не істеу керектігін ешкім алдын ала болжай алмады. Яғни қанша дәрі керек болатынын, қанша құрал-жабдық, қорғау жабдықтары мен қанша адам жататын төсек керектігін білмеді.

camonitor.kz : "Пандемия және қылмыс: дауыл алдындағы тыныштық па?" деп жазады басылым. Ресми билік өкілдері Қазақстанда қылмыс көрсеткіші төмендегенін айтып отыр, облыстарда бұл көрсеткіш 40 %-ға дейін азайған. Алайда кейбір сарапшы жағдай карантин аяқталғаннан кейін, күрт өзгеруі мүмкін дейді. Экономика нашар болған сайын, криминогендік көрсеткіш ұлғаятын заңдылық бар. Әрине, жаһандық дағдарыс кезінде бұл құбылыс күшейе түседі. Қазіргі кезде әлемдік экономика тоқтап тұрғанын ескерсек және болашақта жағдай 2008-2009 жылдарға қарағанда әлдеқайда нашар болатынын ойласақ, қылмыс көрсеткішінің болжамы да жақсы болмайды.

"Сарапшылардың пікірінше, қылмыс көрсеткішін азайту үшін мемлекет қазынасынан ақша бөліп, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күш салу керек. Мамандардың есебі бойынша, осы мақсатқа бөлінген бюджеттің 1%-ы қылмыс деңгейін 1,5% пайызға, ал аса ауыр қылмыс көрсеткішін 0,8%-ға азайтады екен", – деп жазады басылым.

sputniknews.kz: Ақтау жағалауынан өліп қалған итбалықтардың денесі табылды, деп жазады интернет-басылым. Болжам бойынша, бұл итбалықтар өткен жылдың күзінде қырылып қалған. Не себептен өліп қалғаны белгісіз, себебі мамандар итбалық денелері іріп кеткендіктен, сынамаға қажетті үлгілерді ала-алмаған.

16 сәуір күні Ақтау тұрғындары үш итбалықтың өлі денесін тапқан. Олар  шамамен өткен жылдың күзінде өліп қалған. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлаған.

"Өлген итбалықтарды тексеру барысында олардың шамамен өткен жылдың күзінде өлгені белгілі болды. Себебі денелері іріп кеткендіктен, сынамаға керек үлгілерді ала алмадық", – деп жазған орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет әлеуметтік желіде.

caravan.kz: Кенесары ханның басын әлі де болса іздеу керек пе? Еуразия инновациялық университетінің профессоры Тәуке Алтынбеков нәтиже бермейтін әрекеттен бас тартқан дұрыс болар деп ойлайды. Бұл жайында профессор "Караван" газетінің тілшісіне берген сұхбатында айтқан.

Аталмыш газеттің жазғанына қарасақ, 173 жылдан бері қазақтар үш жүзге хан болған Кенесары ханың басы қайда екенін білмей дал болуда. Тарихи деректерге жүгінсек, оның басын 1847 жылы Кенесары хан қырғыздардың тұтқынында болғанда шауып тастаған. Одан кейін оның басы қайда кеткені жұмбақ. Бұл жұмбақты шешуге тырысқан адам аз емес, алайда ешкім табар емес. Алайда бұл қиындыққа көніп отырғандар да жоқ, себебі ханның басын тауып, елге әкелу біреулер үшін ұлттық идеяға айналды. Өйткені олар елге келетін жақсылықты Кенесары ханның басымен байланыстырады.

"Көптеген тылсым дүниелерді Кенесары ханың басымен байланыстырады. Бұл тылсым дүниелердің Қазақстанның болашағы мен қазіргі жағдайына да қатысы бар. Кейбір азаматтар Кенесары ханың басын тауып елге әкелсе, онда Қазақстан гүлдене түседі деп есептейді. Адам баласы әрдайым бір қаһарманға тәуелді болып жүреді ғой. Ханың басын тапқанның өзінде, оны елге әкеліп қойғаннан кейін, бұл әңгімелер басыла бастайтын шығар деп ойлаймын", – дейді Еуразия инновациялық университетінің профессорыТәуке Алтынбеков.

liter.kz:"Димаш коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге керемет ән арнады" деп жазады басылым. Ән "We Are One" ("Біз біргеміз") деп аталады. Басылымның хабарлауынша, ән ешкімді бей-жәй қалдырмайды.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген күллі әлем бойынша коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге арнап ән салды. Бұл туралы XinhuaNews хабарлаған.

Композиция мен бейнебаян көрерменді бей-жай қалдырмайды. Себебі онда пандемияға шалдыққан әлем мемлекеттері мен қалалары, дәрігерлердің ауыр еңбегі көрсетілген.

"Бүкіл әлем коронавируспен күресіп, басынан қиын күндерді өткізіп жатыр. Ауруға қарсы күш біріктіріп, бір-бірімізге қол ұшын созғанда ғана COVID-19-ды жеңе аламыз.Бұл ән алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен оқшауланып отырғандарға арналады" деп жазған агенттік.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу