Пәтерін жалға берушілер салықтан жалтарып жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11126

20 мыңнан астам қазақстандықтың меншігінде бірнеше пәтер бар.

Пәтерін жалға берушілер салықтан жалтарып жүр

Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың  мәлімдеуінше, биыл мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері пәтерлерін жалға беретін 1700 азаматтың салық төлеуден жалтарып жүргенін әшкерелеген.

"Заң бойынша пәтерді жалға беруге шектеу жоқ. Дегенмен осы іспен айналысатын азаматтар салық органдарына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс. Мемлекеттік кірістер комитеті мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері пәтерлерді аралап, жалға алушылар арқылы салық төлемей жүрген үй иелерін тапты. Оларға ескерту жасалды", – деді вице-министр.

Оның сөзінше, 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген жаңа салық кодексі бойынша пәтерді заңды түрде жалға берген тиімді.

"Біріншіден, уәкілетті орган өкілдері үйін жалға берушінің мазасын алмайды, тексермейді, ескерту жасап, айыппұл салмайды. Екіншіден, пәтер иесі жеке салық төлеуші ретінде қазына қаржысын еселейді. Яғни көлеңкелі экономикадан бас тартады", – деді Берік Шолпанқұлов.

Қаржы министрінің бірінші орынбасары пәтерін жалға берушілер салықты бұрынғыдан аз төлейтініне тоқталды.  

"Бұған дейін пәтерін жалға берушілер тапқан табыстарының 2%-ын салық органдарына аударатын. Жаңа салық кодексі бойынша мөлшерлеме екі есе азайды", – деді вице-министр.

Белгілі болғандай, пәтерін жалға заңсыз өткізетін азаматтар 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша,

2019 жылдың 5 айында 7 403 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Осылайша пәтерлерін жалға өткізетін жеке кәсіпкерлердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1320 адамға көбейген. Олар бюджетке 7 млрд 252 млн теңге аударған.

Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әкімшілендіру департаменті камералдық мониторинг басқармасы басшысының орынбасары Ербол Әмірхановтың айтуынша, салықты ай сайын немесе алты айда бір рет

оңайлатылған режимде төлеуге болады.

"Салық төлеуші салықты ай сайын төлесе, табысының 1%-ын аударады. Жарты жылда бір рет төлесе, тапқан табысының 3%-ын бюджетке береді", – деді басқарма басшысының орынбасары.

Заңгер Сергей Уткин пәтерін немесе жалға алған баспанасын басқа біреуге  жалға берумен айналысатын адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс емес деп санайды. Оның пікірінше, мүліктік кіріс табыс салығына жатпайды.

"Пәтерді жалға беру жеке кәсіп емес, қосымша пайда көзі", – дейді заңгер.

Естеріңізде болса, бұдан біраз бұрын Нұр-Сұлтан қаласында бір адамның 65 пәтері бар екені анықталды. Сол кезде мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Әнуар Сүлейменов: "Мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде пәтерді заңсыз жалға берушілерді анықтау жұмысын үздіксіз жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда меншігінде 3 және одан да көп пәтері бар 20 мыңнан астам азамат бар. Олардың арасында 150 адам оннан астам пәтердің меншік иесі болып отыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы бір тұрғын үй кешенінде 65 пәтері бар адам анықталды", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу