Павлодар пәтер бағасы бойынша тағы да рекорд орнатты

8659

Бір жылда тұрғын үй бағасы 37%-ға қымбаттады.  

Павлодар пәтер бағасы бойынша тағы да рекорд орнатты

Жылжымайтын мүлік бойынша хабарландырулар орналастырылатын Krisha.kz сайты жариялаған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Павлодардағы тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің бағасы 5,2%-ға өсіп, 255 650 теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бойынша солтүстіктегі шаһар елімізде көш бастап тұр.

Өткен жылдың соңында да Павлодар пәтер бағасы бойынша рекорд орнатып еді. Ол кезде баспана бағасы күрт қымбаттап, бір шаршы метрдің құны орта есеппен 233 250 теңгені құрады. Жалпы, бір жыл аралығында облыс орталығындағы үйлердің бағасы 37%-ға өсті. Соның салдарынан тұрғындар қолжетімді бағаға үй таба алмай, сандалып жүр.

Павлодар қаласының тұрғыны Дариға Рахымованың айтуынша, қазіргі күні 13 млн теңгеге екі бөлмелі пәтер алудың өзі қиын.

"Өткен жылдың соңында екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 10-11 млн теңге төңірегінде болатын. Қазір мұндай сома сұраған пәтер иелерін таппайсыз. Кейбір сатушылар бағаны айлап, апталап емес, күн сайын өсіріп жатыр. Мәселен, кеше ғана хабарландыруда 14 млн теңге деп көрсетілген пәтердің бүгінгі бағасы – 15 млн теңге. Үш бөлмелі пәтерлердің бағасы тіпті шарықтап тұр. Ең арзаны – 17-18 млн теңге. Қысқасы, сатушылар ойға келген бағасын сұрайды. Ал ипотекалық несие ресімдеу үшін пәтер бағасы 15 млн теңгеден аспауға тиіс. Сонда бұл сомадан қымбатқа бағаланып отырған үйлерді қалай аламыз? Мемлекет шұғыл түрде тұрғын үй нарығын реттеу бойынша шараларды қолға алып, шекті баға белгілеуі керек деп ойлаймын. Бұл – күн сайын өсетін баспана бағасын тежеудің жалғыз жолы", - дейді ол.

Тұрғынның сөзін жылжымайтын мүлік агенттіктері де растап отыр. Осындай агенттік қызметкерлерінің бірі  - Нұрболат Темірболатовтың айтуына қарағанда, Павлодардағы пәтер бағалары Нұр-Сұлтан қаласындағы кейбір тұрғын үйлердің бағасымен тең түседі.

"Тұрғын үй нарығын шолып шықсақ, үш бөлмелі пәтерді 25-30 млн теңгеге Павлодар қаласынан да, Нұр-Сұлтаннан да алуға болады. Пәтер бағасын белгілеу – үй иелерінің өз еркі. Біз баға саясатына араласпаймыз, тек сату-сатып алуға көмектесеміз. Соңғы бір ай дересіндегі жағдайды қарасақ, пәтер сатушылардың саны көбейгенін, бірақ сатып алушылардың саны азайғанын байқауға болады. Бұл тұрғындардың қалтасы қазіргі үйлердің бағасын көтере алмайтынын көрсетеді", - дейді Нұрболат Темірболатов.

Сарапшылардың пайымынша, тұрғын үй нарығындағы мұндай өзгеріс "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы" қаржының бір бөлігін баспана мәселесін шешуге жұмсаумен байланысты болып отыр. Алайда шоттағы артық сомасы көп тұрғындары бар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау облыстарында пәтер бағаларының айтарлықтай өсімі байқалмапты.  

Ал Павлодар облысындағы салымшылардың тек 30 мыңға жуығы жинақ қаржысының бір бөлігін өз игілігіне пайдалана алады. Олардың шотында 70 млрд теңгеден астам артық ақша бар. Яғни, әр адам орта есеппен 1,9 млрд теңгені қажетіне жұмсауға құқылы.  

Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баға өсімін ұстап тұруға бағытталған нақты шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтқан болатын. Десе де, пәтер бағасы аспандап тұрған Павлодар облысында бұл бағытта әзірше тиісті шаралар қолға алынған жоқ. Сондықтан тұрғындарға қымбат баспаналарды сатып алудан басқа амал қалмай тұр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу