Павлодарлық кәсіпкер қоспа мен жентті кәмпитке айналдырды

3651

Үш баланың анасы қоспа мен жентті шоколадпен қаптап, ұлттық өнімнің ерекше үлгідегі өндірісін қолға алды.

Павлодарлық кәсіпкер қоспа мен жентті кәмпитке айналдырды

Айнұр Теміроваға мұндай ойды отбасылық достары тастаған екен. Қонаққа келген әлгі азамат қазіргі кезде базарларда кәдімгі полиэтилен қаптамаларға салынып сатылатын қоспа, жент тұтынушыларды қызықтыра қоймайтынын тілге тиек еткен. Осылайша, ол эстетикалық тұрғыдан көңіл көншітпейтін, санитарлық жағдайы мен сапасы күмән келтіретін ұлттық тағамдарды заманауи үлгіде жасап көрсе қалай болар екен деген ой білдіріпті. Ал Айнұр Темірова мұны бизнес-идеясының бастамасы ретінде қабылдаған. Сөйтіп, "Etno Food" тауар белгісімен ұлттық үлгідегі кәмпит дайындауды бастапты.

"Бүгінде қоспа, жент, талқан, құрт секілді ұлттық дәм түрлері той-томалақтар мен ас-сулардың дастарқанында ғана кездеседі. Наурыз мерекесі жақындаған тұста жұртшылық жапа-тармағай іздеп, сатып алуға асығады. Ал өзге уақытта тасада қалып қояды. Есесіне, шетелдік кәсіпорындардың түрлі қоспасы бар, сапасы белгісіз өнімдерін алуға құмар келеді. Қонаққа бара қалса да, өзге елдің өнімдерін сыйлап жатады. Осы олқылықтың орнын толтыруға сәл де болса үлесімді қосайын деген ниетпен өткен жылдың қазан-қараша айында қоспа мен жентті шоколадқа қаптап, жаңғақ қосып, дайын өнімді сатылымға шығара бастадым. Алдағы уақытта қоспа мен жентті балқаймақпен араластырып, шоколодпен қаптауды ойластырып жүрмін", – дейді Айнұр Темірова.

Кондитер шикізатты, яғни қоспа мен үйдің сары майын ауылдан, талқанды семейлік "Адал ас" фирмасынан арнайы тапсырыспен алдыртады. Бұл ретте ұлттық тағамдарды қаптауға күнделікті қолданыстағы шоколодтың жарамсыз екенін атап өту керек. Айнұр Рысбекқызы "Шоколад-Е" деп аталатын өнімді пайдаланады. Кәсіпті бастамас бұрын бұл саланың қыр-сырын түсініп, технологиясымен танысу үшін ресейлік білікті мамандардың вебинарына қатысып, ауылдың үлкендерінің ақыл-кеңесін алып, ғаламтордағы ақпараттарды шолып шығыпты. Жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеліп де үлгерген. Енді сәуір айында өнімге сертификат алуды көздеп отыр. Осылайша, бизнесінің аясын кеңейтпек ниетте. Ал әзірше оның өндіріс алаңы – ас үйі.  

"Ұлттық үлгідегі кәмпиттерді әлеуметтік желіде жарнамалағаным сол еді, жарты жылда облыс пен өзге өңір халқы тарапынан көп сұраныс түсті. Астана, Қызылорда қалаларының тұрғындары тапсырыс берді. Өкінішке қарай, кей кезде олардан бас тартуға тура келеді. Себебі, өнімдерді басқа қалаларға жеткізу әзірше оң жолға қойылған жоқ және өнімдерді үй жағдайында жасайтындықтан көп тапсырысты бір мезетте орындауға үлгермеуім мүмкін. Атап өтерлігі, шоколодтағы қоспа мен жентті арнайы қорапшаларға салып, сатамын. Павлодар облысы түгілі елімізде кәмпиттерге арналған сапасы жақсы қорапты табу қиын. Сондықтан, оларды Ресейден аламын. Тапсырыс берушінің қалауына қарай бір қорапта қоспадан және талқаннан жасалған кәмпиттер болады. Кейбіреулері тек қоспасы бар шоколодтарды құп көреді. Өнімдерді бір күн дересінде әзірлеп беремін. Тапсырыс қабылдаған соң шоколадты ерітіп, қоспа, жентті әлгі шоколадпен қаптап, арнайы қалыпқа құйып, қатыру осынша уақытты алады", – дейді Айнұр Темірова.

Жас кәсіпкер осы жылдың сәуір айында "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының мемлекеттік грант беру конкурсына қатысып, бағын сынауға бел буып отыр. Жобасы қолдау тапса, қайтарымсыз берілетін 3 млн теңгеге құрал-жабдықтар алып, цех ашпақ ойы бар.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу