ПИК-тердің жұмысын жетілдіру керек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2644

"Астана-Жылутранзит" кәсіпорны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалаудан оң нәтиже күтеді.

ПИК-тердің жұмысын жетілдіру керек

"Астана-Жылутранзит" АҚ өкілдері еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіне арналған реформадан оң нәтиже күтіп отыр. Өйткені көпқабатты тұрғын үй қорындағы негізгі проблеманың бірі – пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жұмысының сапасыздығы. Осының салдарынан елорданы жылумен қамтып отырған "Астана-Жылутранзиттің" атына кейде тұрғындар тарапынан теріс пікір айтылып жатады.

"Кейбір ПИК-терді кәсіби емес мамандар басқарып отыр. Олардың бойында басқарушылық қасиет жоқ. Келісімшарт жасау, актілерге қол қою секілді жұмыстардың өзіне атүсті қарайды. ПИК-терді басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін қызмет. Сондықтан бұл істі нағыз кәсіби мамандар атқаруы керек. Оны басқару демалыстағы мұғалім мен әскери адамның қолынан келмейді", – дейді "Астана-Жылутранзит" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Сергей Голев.

Сондықтан компания өкілдері ПИК жұмысының сапасын арттыру керек деп есептейді.

"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жүргізіліп жатқан реформалар ПИК жұмысының сапасын жаңа деңгейге көтеруі керек деп ойлаймын. Заңға да тиісті өзгерістер енгізілуде. Осының бәрі ПИК жауапкершілігін арттыра түседі деген сенімдемін. Кооперативтер кәсіби мамандармен қамтылуы керек. Сонымен қатар қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша ПИК мамандандырылған ұйымдармен келісімшартқа отыруы қажет", – деді Сергей Голев.

Оның айтуынша, "Астана-Жылутранзит" пен ПИК арасындағы жұмыста тығыз байланыс болуы керек. Алайда қазір байланыс ойдағыдай емес.

"Тараптар арасындағы байланысты жақсарту керек. Олардың соңынан қалмай, жылу таратылатын ішкі желілердің дұрыс орнатылуын бір жолға түсіру қажет. Өйткені кейбір нысандарда проблемалар бар. Атап айтқанда, нысандардың кейбірінде жылу жақсы таратылғанмен, қабырғалар қажетті деңгейге қымталмаған. Сондықтан жылу дұрыс сақталмайды. Тұрғындар тарапынан осындай жағдайларға байланысты шағым келіп түседі. Біз оларды сараптап, ПИК пен әкімдікке жібереміз", – дейді "Астана-Жылутранзит" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы.

18 қазандағы дерекке сүйенсек, Астана бойынша 5700 нысан жылумен жабдықтау желісіне қосылған. Бұл – елордадағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың 95%-ы. Нысандардың 5%-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне әлі қосылмаған. Олар – технологиялық жылумен қамтылған жеке үйлер мен кәсіпорындар.

Сонымен қатар, "Жағалау-4" және "Шығыс" (Е10 блок) тұрғын үй кешендері де орталықтандырылған жылуға қосылмаған. Аталған кешендердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенімен, үйді басқаратын компаниялар жылуға қосылу бойынша қажетті іс-шараларды жүргізіп үлгермеген.

"Біз бұл мәселеден хабардармыз. "Жағалау-4" тұрғын үй кешеніне 280 отбасы қоныстанып үлгерді. Өкінішке қарай күн күрт суытты. Біз жылу желілерін мұқият қарап, тиісті жұмыстарды атқардық. Бұйыртса, жақын күндері ол үйлер де жылуға қосылады. Жоқ дегенде 22 қазан дейін жылу беріп үлгеруіміз керек", – дейді Сергей Голев.

Оның сөзінше, кейбір тұрғындар қатар тұрған екі үйдегі жылу екі түрлі екенін айтып, жиі шағымданады екен. Яғни бірінші үйдің пәтерлері ыстық болса, екінші үйдің пәтерлері қоңыр салқын.

"Астана-Жылутранзит" кәсіпорнының міндеті – жылуды нысанға дейін жеткізу. Ал оны ары қарай бөлу ПИК жұмысы", – дейді Сергей Голев.

"Астана-Жылутранзит" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы атап өткендей, жылу тарифінің есептелуі ең алдымен күн райына байланысты.

"Күн қаншалықты салқын болса, нысан соғұрлым жылу энергиясын көп тұтынады. Біз қаңтар айында шамамен 1 шаршы метр үшін 60 теңге, ал  қазан айында 10 немесе 20 теңге аламыз. Тариф күн райына тікелей байланысты", – дейді ол.

Сергей Голевтің сөзінше, "Астана-Жылутранзит" тұтынушылармен электронды байланыс орнатуға көшуді жоспарлап отыр.

"Бизнес-процестерді цифрландыру, тұтынушылармен электронды байланыс орнату – өзекті мәселе. Бұл ретте біз жол картасын әзірледік. Тұтынушылармен электронды байланыс орнату жүйесіне көшіп жатырмыз. Біздің компанияның қызметіне қатысты өтінішті электронды түрде берген тұтынушылар жыл соңына қарай немесе 2019 жылдан бастап электронды жүйе бойынша жауап алады. Кәсіпорын жұмысын цифрландыру, автоматтандыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде техникалық бақылау, диспетчерлік қызметті басқару жұмыстары автоматтандырылды. Бүгінде 14 насос станциясының үшеуі қашықтықтан автоматты режимде басқарылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", – деді Сергей Голев.

Еске сала кетейік, "Астана-Жылутранзит" қызмет көрсететін жылу желілерінің жалпы ұзындығы 760 шақырымды құрайды. Былтыр желілердің ұзындығы 63 шақырымға артқан.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу