Полиэтилен пакет тегін берілмейтін болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3427

Қазақстан қалдықсыз қоғамға бет бұрды.   

Полиэтилен пакет тегін берілмейтін болды

Желтоқсан айының алғашқы күнінен бастап елордадағы ірі сауда орталықтарының бірінде азық-түлік пен тұрмыстық зат салу үшін осыған дейін тегін берілген полиэтилен пакет үшін ақы алынады. Алдын ала жарияланғандай, бір полиэтилен пакеттің құны – 5 теңге.

Бұл бастама 2025 жылға дейін полиэтилен пакеттен біржола құтылу үшін қолға алынып отыр. Қалдықсыз қоғам құруды көздейтін жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тілшілерге берген сұхбатында айтты.

"Төлем енгізу полиэтилен пакеттердің айналымын 30%-ға төмендетеді. Осылайша қоқысқа лақтырылатын пакет саны қысқарады. Бүгінгі таңда әлем бойынша жыл сайын 500 млрд, Қазақстан бойынша 5 миллионға жуық тұрмыстық қатты қалдық қоқысқа тасталады. Біздің елде шамамен 481 мың тоннадан астам қоқыс пластик пен полиэтиленнен құралады. Өздеріңіз білетіндей, полиэтилен пакет жылдар бойы шірімей, экологияны ластап жатады. Біз 2025 жылға дейін елімізде қалдықсыз қоғам қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Мақсатқа жету үшін полиэтилен пакеттен біржола бас тартамыз. Оны қолданыстан шығару үшін қағаз қаптамаларға ауысамыз", – деді.

Оның сөзінше, өткен жылы 127 ел пластиктен жасалған бір реттік өнімді пайдалануға тыйым салған. 30 ел полиэтилен пакет үшін төлем енгізген. Ал 27 мемлекет қоршаған ортаға зиян келтіретін пластик заттардың қолданылуына шектеу қойған.

Дания 1994 жылдан бері полиэтилен пакетті тегін тарататын дүкендерге салық салады. Ирландияда биопакет қана қолданылады. Фин­лян­дияда пластик пакет қабылдайтын автоматтар орнатылған. Ал Францияда 2016 жылдан бастап заң бойынша полиэтилен пакет пен пластик ыдыс қолдануға болмайды. Өзбекстан биылдан бастап полиэтилен пакет пайдалануға шектеу қойды. Ал солтүстіктегі көршіміздің 62 гипермаркеті полиэтилен пакет сатпайды. 2015 жылы Лондонда полиэтилен пакет 5 центтен сатыла бастады.

Нәтижесінде полиэтилен пакет тұтыну көлемі бір жылда 83%-ға қысқарған.

"Қоршаған ортаны қалдықпен ластамас үшін оны екінші рет шикізат ретінде қолдану керек", – деді министр.

Айта кетейік, ел аумағында күн сайын шамамен 15 млн пластик пакет қолданылады. Ал қағаз қаптамаларға, яғни биопакеттерге сұраныс жоқ.

Себебі ол ұсынылмайды.

Біле жүріңіз, полиэтилен пакет ең алғаш рет 1957 жылы АҚШ-та шыққан. Бағасы арзан және зат тасуға ыңғайлы болғандықтан ол дүниежүзіне тарап кеткен.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу