Президенттің қырыққа жуық өкілдігін үкімет пен парламентке беру ұсынылды

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
9396

Өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсіндірді.

Президенттің қырыққа жуық өкілдігін үкімет пен парламентке беру ұсынылды

Президенттің қырыққа жуық өкілдігін үкімет пен мәжіліске тапсыру ұсынылады. Бұл туралы abctv.kz-ке жұмыс тобының мүшесі, "Қазақстан заңгерлер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахмет Мұқашев айтты.

"Жұмыс тобының алдына шешу үшін көптеген мәселе берілді. Біріншіден, егер бұрын мемлекеттік бағдарламаларды президент бекіткен болса, ендігі кезекте бұл жауапкершілікті үкіметтің мойнына жүктеу ұсынылады. Елдің белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуын бұған дейін президент бекітіп келсе, енді үкімет бекітсін деген ұсыныс бар. Үкімет енді елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей жауапты болмақ. Әлеуметтік экономикалық даму жоспары қабылданады, содан кейін парламент мәжілісінің позициясы келісіледі. Бұл өте ауқымды жұмыс және бұл үкіметке де, парламент мәжілісіне де ортақ жауапкершілік", – дейді Рахмет Мұқашев.

Сондай-ақ есеп беру міндеттілігін өзгерту ұсынылды. Заңгерлер одағы басшысының айтуынша, үкімет мүшелерін тағайындау және қызметтен босатылуы мәжіліс келіскеннен кейін ғана бекітіледі, тек екі министрліктің басшылары ғана бұл тәртіпке бағынбайды. Олар – сыртқы істер және қорғаныс министрліктерінің басшылары, оларды тікелей мемлекет басшысы тағайындайды. Сондай-ақ үкімет жаңадан сайланған мәжілістің алдында өз өкілеттігінен босайды.

Жұмыс тобының мүшесі, мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева әзірленіп жатқан ұсыныстар жайлы пікірін білдіру барысында "үкімет не үкімет өкілі кәсіби деңгейде орындай алатын қызметтерді" президенттен үкіметке тапсыру ұсынылатынын нақтылап айтты.

"Президенттің еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін құру өкілеттігі де болатын. Бұл – бастапқыда еңбекақы төлеу жүйесін құру жөніндегі тәсілдерді бір ізге салу мақсатында көзделген міндеттердің бірі болатын. Бүгінгі күні бұл жүйе тұрақталды, артта үлкен тәжірибеміз бар, қазір бұл міндетті үкімет те ойдағыдай орындай алады", – дейді Гүлмира Исимбаева.

Парламет өкілеттіктеріне келер болсақ, депутат 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерде парламентке бірқатар қосымша бақылау функциясы тапсырылғанын, соның ішінде үкімет мүшелерінің есебін тыңдау да болғанын еске салды.

"Бұл бап жұмыс істемеді, бірақ ендігі кезекте бұл бап ширатылып, парламент шынымен де үкімет мүшелерінің есебін тыңдап, ол жөнінде нақты ұсыныс енгізе алады. Бұл жерде іске асыру механизмі көзделмеген еді. Яғни Конституция жөніндегі норманы парламент, үкімет туралы конституциялық заңдарда кеңейту керек және оған механизм жасауды ойластыру керек, бұл жұмыс тобының аясында осы іс орындалады деп ойлаймыз", – дейді ол.

Сейсенбіде жұмыс тобының отырысында Нұрсұлтан Назарбаев сөз еткен реформалар үкіметке экономикалық атқару міндеттерін көбірек жүктеуді көздейтінін, ал президентке мемлекетті басқару, Конституцияның тұрақтылығы мен қорғалуын, билік салалары арасында үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету, қорғаныс қабілеті, ішкі саясат секілді негізгі мәселелерді қалдыру көзделетінін баса айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу