Ресей Ауғанстанмен қоштаспады ма

3623

Ауған жерінде Вашингтон мен Мәскеу тайталасқа қайта көшті.

Ресей Ауғанстанмен қоштаспады ма

Тот басқан танкілер, әр жерде шашылып жатқан тікұшақ бөлшектері, еліне оралмаған боздақтар... 29 жыл бұрын Кеңес одағы Ауғанстаннан кетіп бара жатып, артында осындай "мұра" қалдырды.

1989 жылы ақпанның 15-де КСРО-ның осы елдегі қолбасшысы әрі генерал Борис Громов Ауғанстаннан шығып бара жатқан кеңестік танкілердің ең соңында жалғыз тұрып, "артымда бірде-бір кеңестік жауынгер қалған жоқ" деген екен.

Бірақ, Ресейдің Кабулдағы мәдени орталығы "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген мәліметке жүгінсек, Ауғанстанда кеңестік 226 солдат қалып қойған. Олар әлі күнге дейін түрмеде отыр немесе абақтыдан қашқандар санатында.

Кеңес әскері 1979-1989 жылдары ауған соғысында сан мың сарбаз жоғалтты. Ол құрбандардың 900-ден астамы қазақстандықтар еді. Бірақ, сол соғыс Кеңес одағы үшін абыройсыз аяқталса да, Мәскеу 40 жылдан бері қаруын тастамаған мазасыз елмен біржолата қоштаспаған тәрізді.

Генерал Николсон: Мәскеу тәліптерді қаруландырып жатыр
Наурыздың 23-інде Британияның "Би-би-си" телерадиокорпорациясына АҚШ-тың Ауғанстандағы күштерінің қолбасшысы Джон Николсон сұхбат берді. Америкалық генералдың сөзінше, Ресей қазір "Талибан" қозғалысын қолдап, тіпті оны қаруландырып отыр. Яғни, Кремль – бұл жолы үкіметтің емес, оның қарсыластарының жағында. Ал, 1980 жылдары бәрі керісінше еді: АҚШ – моджахедтерді, Кеңес одағы үкіметті қолдады.

Николсон мәлімдегендей, Ресей қаруы тәліптердің қолына Тәжікстан арқылы жеткізіліп жатыр.

"Көріп отырмыз, Ауғанстанда "Даиш" содырлары санының күрт өскені туралы әңгіме жиілей түсті. Мұндай әңгімелерді өршіте отырып, Ресей тәліптерге көмектескенін ақтап алғысы келеді. Тәліптер болса, баяғы жауларынан қаржылай жәрдем алғанын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап тұрады. Ауған лидерлері де "Талибаннан" тәркіленген қарудың Ресейден келгенін айтты", – дейді Николсон.

Оның ойынша, Ресейдің "Талибанмен" шатысуы салыстырмалы түрде таңсық оқиға. Сонымен қатар, америкалық генералдың сөзінше, Ресей тәжік-ауған шекарасында терроризмге қарсы бірнеше рет әскери жаттығу өткізіп, баяғы әдетіне басып, қаруының бір бөлігін сол маңда қалдырып кетіп отырады. Ал, Ауғанстан армиясы мен полициясының мәліметінше, Ресей тәліптерді түнде көруге арналған көзілдіріктермен, орташа және ауыр зеңбіректермен, шағын қару түрлерімен қамтамасыз етіп отыр. Олардың сөзінше, тәліптер сол арсеналды ауған үкіметі мен НАТО кеңесшілеріне қарсы шабуылдарда пайдаланып жүр.

2015-2016 жылдары "Талибан" Құндыз провинциясының Дешті-Арчи округін екі рет басып алып, жергілікті үкімет пен Вашингтонды абдыратып тастаған еді. Сол кезде осы аймаққа билік еткен тәліптердің "көлеңкелі үкіметінің" губернаторы Молда Әбдул Саламды былтыр америкалық дрон әуеден дәлдеп атты. Дешті-Арчидің қазіргі басшысы Нассрудин Саадидің айтуынша, сол шабуылдан кейін өлім аузында жатқан Саламға Ресей дәрігерлері медициналық көмек көрсетті. Бірақ, ажалдан арашалап қала алмаған.

Олар одақтас емес еді
Айта кету керек, Ресей "Талибанның" айқын одақтасы емес еді. Кеңес одағы 1979 жылы Ауғанстанға басып кіргеннен кейін АҚШ-қа арқа сүйеген моджахедтермен қырғын соғыс жүргізді. 1989 жылы Кеңес әскері шығарылған соң, сол моджахедтердің көбі тәліптер қатарына қосылды.

Ауғанстан сарапшылары қауымдастығының өкілі Кейт Клэрктің айтуынша, "Талибанның" Ресейге дұшпандығы осы күнге дейін сақталып келді. Бұған қоса, тәліптер бір кездері Солтүстік Альянс содырларын Ресеймен одақтас болды деп талай жазалады. Дегенмен, қазір Мәскеу мен радикалдық қозғалыстың мүдделері бір-біріне сәйкес келе бастағандай.

Оған бір себеп: кейінгі кездері Трамп әкімшілігі Пәкістанға "Талибанмен" байланысты үз деп қысым жасап отыр. Биыл қаңтарда АҚШ президенті Пәкістанды "террористерді" паналатты, қорғады деп айыптап, Исламабадқа жүздеген миллион доллардың қауіпсіздік көмегін беруді доғарды. Сондықтан, қазір тәліптер сырттан жаңа қолдаушы мен қор іздеуге мәжбүр болып отырса керек.

"Қисынсыз өсек"
Бірақ, "Мәскеу "Талибан" қозғалысын қаржыландырды, қаруландырды деген" сарындағы ақпарларды Кремль үнемі жоққа шығарып келеді. Ресейдің Кабулдағы елшілігі таратқан мәлімдемеге жүгінсек, генерал Джон Николсонның сөзі "қисынсыз өсек". Дегенмен, Ресей "Даишқа" Ауғанстанның солтүстік-шығысында база құруға жол бермеу үшін тәліптермен "шектеулі" келіссөздер жүргізіп жатқанын мойындап отыр. Мұндай диалогтардың тағы бір мақсаты – тәліптерді үкіметпен бейбіт келіссөздерге көндіру екен. Ал, "Талибанның" бір өкілі "Рейтерге" берген сұхбатында Мәскеумен 2007 жылдан бері келіссөз жүргізіп жатқандарын және сол әңгімелердің тек "моральдық һәм саяси қолдау шеңберінен аспағанын" айтқан.

Ресей АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстанда жүргізіп жатқан соғысын талай сынаса да, ауған армиясына тікұшақтар беріп, өз жері арқылы коалиция құрал-жабдықтарының Кабулға жетуіне мүмкіндік жасады. Бірақ, сол ынтымақтастық Мәскеудің Украина мен Сириядағы әрекеттеріне қарсы Батыстың наразылығы күшейгеннен кейін төмендеп кетті.

Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, РФ тәліптерді қолдай отырып, Ауғанстанда өзінің қандайда бір геосаяси мүддесі бар екенін аңғартып отыр.

"Би-би-си-дің" тілшісі Николсонға "Ауғанстанда АҚШ пен Ресей біреудің қолымен соғысып (proxy war) жатқан жоқ па деген сұрақты да қойды. Алайда, америкалық генерал бұл сауалға тікелей жауап берместен, "мұндай белсенділіктің соңғы 18-24 айда күшейгенін" ғана атап өткен.

"Талибанның" ықпалы күшейіп келеді
2001 жылдан бері Құрама Штаттар тәліптерді талқандауға миллиардтаған доллар жұмсады. Бірақ, "Би-би-си" бірнеше ай бойы жүргізген зерттеу қорытындысына қарағанда, қазір тәліптер Ауғанстан аумағының 66 пайызында немесе 263 округінде ашық әрекет етіп жүр. Және де олар 14 округті (ел аумағының 4%-ы) толығымен бақылауға алған. "Талибан" ашық әрекетке көшкен немесе басып алған провинцияларда халықтың тең жартысы - шамамен 15 миллиондай адам тұрады.

Жергілікті үкімет болса, бұл баяндаманы жоққа шығара отырып, елдің басым бөлігіне билік етіп отырғанын мәлімдеп келеді. НАТО болса, ауған армиясының қарамағында ел аумағының 56 пайызы қалғанын алға тартады. Алайда, биыл қаңтардың соңғы күнінде жариялаған зерттеуге қарағанда, тәліптердің ашық әрекеті 122 округте немесе 30 пайыз жерінде ғана байқалмаған.

Британдық журналистер қаңтардың соңында жариялаған өзге бір дерекке жүгінсек, Ауғанстанда "Даиштың" да белсенділігі бұрынғыдан арта түскен. Сонымен қатар, АҚШ пен НАТО-ны елден шығарып, олардың одақтасы – ауған үкіметін құлату жолында соғыс жүргізіп жатқан тәліптер бұрын елдің оңтүстігінде күшті болса, қазір олардың ықпалы Ауғанстанның шығысы мен батысына және солтүстігіне де тарай бастаған.

Тәліптер күшейген сайын, бейбіт халық арасында өлім-жітім көбейіп барады. Мәселен, былтырдың өзінде Ауғанстанда атыс-жарылыстардан, коалиция мен армияның әуе шабуылдарынан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан немесе жараланған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу