Ресей бастамасына "жиендік" жасауды қою керек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1580

Ғылымды "шенеуніктендіру" идеясын ілгерілететін лоббистер ел басшылығына әр жақтан келіп, сөзін өткізудің қамын жасап жатыр.

Ресей бастамасына "жиендік" жасауды қою керек Фото: zakon.kz

22 ақпан күні мемлекет басшысына оларға дәйекті түрде тойтарыс беруіне тура келді.

Кеше президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының салтанатты сессиясы өтті. Жиында Молдова ғылым академиясының президенті Георгий Дука ғылым академиясының басшысы министр мәртебесіне ие болуға тиіс деген ойын ортаға салды.

"Бізде ғылым академиясының президентін ғылыми қоғамдастық сайлайды және ол автоматты түрде үкімет мүшесіне, ғылым министріне айналады. Осылайша біз ғалымдардың басын қосып, топтастыруға тырыстық. Біздің алдымызға өзге елдермен өзара ынтымақтастықты жолға қою үшін дұрыс міндет қойылды", – дейді ол.

Елбасы бұл ойға қатысты өз пікірін білдірді. Өйткені қонақ еліміздегі кей тұлғалар ілгерілетіп жүрген идеяны айтқан еді.

"Ғылым академиясының президентін министр ету деген ойды бізде де жақсы қабылдайды, әсіресе ғылым академиясының президенттері. Бірақ біз бұл жолдан өткенбіз! Ғылым басқарудың қатаң вертикалін қажет етпейді. Ғылым министрлігін құра салу қиын шаруа емес. Бірақ бізде "жақсы" тәжірибе бар: қандай да бір проблема туындай қалса, не үшін қажет екенін жете түсінбей, қандай да бір министрлік құруға ұмтыламыз. Бұл тағы бір бюрократиялық орган болады және оған ақша сұрау үшін ғалымдар ағылады!", – деп шарт түйді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның ғылымды басқарудың тиімділігін арттыру мәселесін басқа жолмен шешіп жатқанын жеткізді:

"Бізде бұған дейін ақша зерттеу жүргізетін ғалымға жеткенше 5 сатыдан өтетін. Алдымен салалық әлдебір орталыққа түседі, одан білім және ғылым министрлігіне, одан министрліктің комитетіне, әрі қарай ғалымдар кеңесіне, ақырында ғана ғылымға жететін. Біз осының біразын алып тастадық. Үшеуін ғана қалдырдық. Егер салмақты ғылыми кеңес ғылыми жаңалықты қажет деп тапса, жобада жаңашылдық, инновация бар деп тапса, бірден қаржыландыру басталады", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, "ғылым министрлігін" құру бастамасының ел басшылығы өкілдеріне бағытталғаны бір бұл емес. 20 ақпан күні парламентте өткен "үкімет сағатында" мәжіліс депутаты Галина Баймаханова білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті ғылымның "мектептер мен жоғарғы оқу орындарының тасасында қалғанын" мойындатуға тырысты. Депутаттың айтуынша, жаңа мекеме "қойшы көп болып, қуалап өлтіре" жаздаған "байғұс ғылымға" қажет.

"Сайлаушылармен және ғылыми қоғамдастықпен кездесуден кейін біздің байғұс ғылымды қойшы көп болып, қуалап өлтіргендей әсер қалады. Бәлкім, министрліктің атауынан "ғылым" деген сөзді алып тастап, сізге бар күш-жігеріңізді тек білім беруге ғана шоғырландырған дұрыс болар. Ал әртүрлі мекеменің арасында тарыдай шашылып қалған ғылым үшін жеке орган құрған жөн шығар. Сонда ол стратегиялық мәнге ие болып, материалдық және интеллектуалды барлық мүмкіндікті топтастыра алар ма еді?!", – деп ұсынды депутат ханым.

Бұл сұрақтың астарында не тұнып жатқанын түсіне қойған "үкімет сағатын" жүргізуші вице-спикер Гүлмира Исімбаева министрге бұл сұраққа жауап бермей-ақ қоюға болатынын білдірді. "Министрлікті қайта құру министрдің емес, үкіметтің құзырына кіреді!", – деп шорт кесті мәжіліс төрағасының орынбасары.

Жалпы сарапшылар мәжіліс депутаты Галина Баймаханованың жоғарғы заң шығарушы органның биік мінберін пайдаланып, ғылымға қатысты әртүрлі министрлік құру идеясын біраздан бері ілгерілетуге күш салып жүргенін айтады. 2016 жылдың сәуірінде Галина Баймаханова сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, одан геология мәселелерімен жеке айналысатын бөлек министрлік құруды сұрады. Ол Қазақстанның геология саласы заманауи халықаралық талаптарға жауап бермейтінін және мемлекеттің жіті көңіл аударуына мұқтаж екенін алға тартты. Депутат бұл салаға инвестиция және даму министрлігінде геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің жұмыс істеуі аздық ететінін де білдірген. Премьер атына түскен бұл ресми сауалда жаңадан құрылуға тиіс геология министрлігіне экологияны, қоршаған ортаны қорғауды, геодезия мен картографияны беру ұсынылды. Онда сондай-ақ қаржы мәселесі қаузалады: қазақ жерінің астындағы қазба байлықтарды алып жатқан жер қойнауын пайдаланушылар аударатын арнайы төлемдерді "нысаналы әрі бюджеттен тыс қорда" жинауға кеңес беріледі.

Бір қызығы, тарихшылар "Ғылым мен техникалық саясат министрлігі" деген жеке орган Ресей кеңестік федеративті социалистік республикасында болғанын еске салады. Бірақ оның "өмірі" небәрі екі аптаға ғана созылыпты! 1991 жылдың 11 қарашасында РКФСР президенті Борис Ельцин кеңестік "ғылым істері және техникалық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет" базасында жаңа министрлікті құру туралы №186 жарлығын шығарады. Оған мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты әзірлеу және жүргізу функциялары тапсырылған.

Алайда алпауыт кеңес империясы күйреп жатқан шақта бюджет қаражатын үнемдеу әрі бір-бірімен аралас білім және ғылым салалары өзара үйлесімділікте дамуы үшін сол жылдың 28 қарашасында бұл министрлік жойылып, орнына "РКФСР ғылым, жоғарғы мектеп және техникалық саясат министрлігі" құрылады. Кейіндері оның орнын қазіргі РФ білім және ғылым министрлігі жаңадан түңлігін түрді.

Содан бері Ресей академиктері бір министрлік шаңырағының астында бюджет қаржысы үшін мектеппен бақталасуды өздеріне қор санап, өздерінде бөлек министрліктің болуын талап етіп келеді.

Бұл бастаманың басты лоббисі – Ресей ғылым академиясының президенті Владимир Фортов. Оның дәйектемелері қазақ әріптестерінің ойына ұқсас: Ресейде ғылыммен 16 құрылым айналысса, елдегі ғылыми қызметке жұмсалатын қаржының небәрі 15-17%-ы Ресей ғылым академиясына (РҒА) бөлінеді.

"Ғылымды басқарумен жеке министрлік айналысқаны жөн. Себебі білім және ғылым министрлігі білім берудің орасан зор, аса қиын мәселелерін шешуге жұмылдырылған. Екі міндетті – ғылым мен білімді бір мекемеде біріктіру өте қиын. Ғылым өзіне факультативті қарауды көтермейді. Соңғы 25 жыл бойы ресейлік ғылымның жете қаржыландырылмауы созылмалы күйге көшті. Осы 25 жыл жас ұрпақты ғылымнан үркітті", – деп дабыл қағады Владимир Фортов.

Айтқандай, биыл наурыз айында РҒА президенті сайланады екен, Фортов та оған қатысуға ниетті. Ол бөлек министрлік құру ұсынысын президент Владимир Путинге жолдапты, қазір бұл идея талқыланып жатыр.

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов та білім министрлігі ғылымнан жеке болуын қолдайтынын айтады: өйткені қазір отандық білім беру жүйесі 12 жылдыққа көшіп, реформа жүріп жатыр. Олардың барлығы өзге салаларға алаңдамай, нысаналы жұмыс істеуді қажет ететін көрінеді.

"Мен жеке министрлік құруды ұсынғанмын. Ол тек жалпы орта білім беру мәселесімен ғана айналысуы керек. Осыны ұсынғаным үшін кезінде министрге де жақпай қалдым. Бірақ мен өз ұстанымыма адал болғым келеді. Және мектеппен жеке айналысатын уақыт туды деп ойлаймын. Бұл үшін жеке министрлік болуы қажет", – деген еді Асқарбек Құсайынов бұдан біраз бұрын журналистерге берген сұхбатында.

Қайран қалдыратыны сол, егер кеңес үкіметіне мүше болған елдердің әр өңірінен естілетін әртүрлі үнге құлақ қойсаңыз, академиктер жеке министрліксіз өмір сүре алмайтындай әсерде қаласыз. Мәселен Арменияда ғылымнан бөлек, тек мектептермен жұмыс істейтін жеке "Жалпы білім беру министрлігін" құру идеясы 2014 жылы жария етілген болатын. Молдова академиктерінің ұстанымы мақала басында айтылды.

Әрине, бұлардың ойының да, сөзінің де, ұмтылысының да бір жерден шыққанын түсінуге болады. Олар ғалымдарды лайықты әлеуметтік қамсыздандыруды, оларға жоғары жалақы кепілдендіруді, әлеуметтік және кәсіби қызметпен қамтамасыз етуді сұрайды. Әсіресе ресейлік әріптестерінің тәбеті зор болып тұр: Ресей ғылым академиясы, рұқсат болса, өз еліндегі еуразиялық одақ аясындағы кез келген салмақты ғылыми жобаға міндетті тәртіппен қорытынды беру құқығына қол жеткізгісі келеді. РҒА тіпті Ресейде заң жобасына бастамашы болу құқығын иелену үшін күресіп жатыр.

"Айталық, қазір біз ауыл шаруашылығының қандай да бір саласын дамыту қажет деп шешсек, тиісті заң жобасын тікелей үкіметке енгізе алмаймыз. Біз тіпті бұл бастамамен тура үкіметке бара да алмаймыз. Оның орнына алдымен салалық мекемелерге – ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктеріне жүгініп, талай кабинетті адақтауға мәжбүрміз. Бұл дұрыс емес", – дейді РҒА президенті Владимир Фортов.

Қазақстан ҰҒА өз сұранысында әзірге тым алыстап, осы "тыңға" түрен салған жоқ. Конституция бойынша республикамызда заң жобасына бастамашы болуға тек үкімет, парламенттің қос палатасы және президент құқылы. Осыдан жеке ведомствоға деген іңкәрліктің астарын түсінуге болады: егер жеке ғылым министрлігі құрылса, ол заң жазып, тікелей үкіметке енгізуге, парламентте тікелей қорғауға мүмкіндік алады.

Мәскеудегі жеке білім орталығының директоры, ресейлік профессор Ефим Рачевский abctv порталына берген түсініктемесінде бұл идеяның оң және теріс жағын талдап берді:

"Бір жағынан қарағанда, жеке-жеке министрліктерге бөліп жіберсе, білім беру министрлігі бар назарын мектепке, балабақшаға, сондай-ақ үлкен маңыз беріліп отырған кәсіптік-техникалық білім беру саласына аударып, осыларды көркейтуге күш салар еді. Екінші жағынан алғанда, шетелдік озық тәжірибелерге қарасақ, Кембридж, Стэнфорд, Гарвард, Оксфорд секілді ғылым мен білім ордалары өз елдерін ғылым саласының лидері етіп отырғанын байқаймыз. Ресейде МГУ, Физтех, "Бауманка", Қазақстанда "Назарбаев Университеті", ЕҰУ, ҚазҰУ бар, оның әрқайсысының жанында ғылыммен айналысуға арналған орталығы, инновациялық кешені бар. Демек ғылым мен білімнің ара-жігін ашып, бөліп тастау меніңше, бұлар үшін деструктивті факторға айналмақ", – дейді ол.

Сарапшылар КСРО ғылым академиясының өз заң жобаларымен тікелей жоғарғы кеңеске (парламентке) және компартияның орталық комитетіне шығуға мүмкіндігі болғанын еске салады. Біздің академиктер әлі сол кезді аңсай ма екен, кім білсін.

Қалай болғанда, қазір министрлікке қарсы немесе оны жақтап, "интрига өрнегін" өретін кез емес. Ғылым академиясының және жоғарғы оқу орындарындағы ғалымдар арасында ешқандай сына қағылмағаны, олар елбасы қойған мақсат-міндет жолында бірлесе тер төккені жөн.

ҰҒА мерейтойлық сессиясында Қазақстан президенті академияның әлеуетін басқаға емес, фундаменталды және гуманитарлы ғылыми жобалар сараптамасының сапасын жақсартуға пайдалану қажеттігін нұсқады.

Нұрсұлтан Назарбаев: "Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынамын. Ол Ғалым кодексін және Жарияланым әдебі жөніндегі кодексті әзірлеп шыға алар еді", – деп, өзгенің жобасы мен идеясына "жиендік" жасауды қою керектігін меңзеді. Бұл ресейлік "министрлікті бөлу" бастамасына да қатысты болса керек.

Қазір "сепаратизмге" емес, сабыр мен салиқалы жұмысқа көңіл бөлетін заман.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу