Ресей интернетті бақылау шараларын күшейтіп жатыр

5130

Мемлекеттік дума мақұлдаған "дербес интернет" туралы заң жобасы қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып отыр.

Ресей интернетті бақылау шараларын күшейтіп жатыр

Дума жаңа заңды бейсенбі күні екінші оқылымнан соң мақұлдады. Оған 450-орындық парламенттегі 322 депутат "иә", 15-і "жоқ" деп дауыс берген. Бұл оқылымның маңызы зор. Өйткені ол жобаға толықтыру енгізу процедурасының аяқталғанын білдіреді. Енді даулы құжат үшінші оқылымнан және Сенаттан өткеннен кейін президент Владимир Путинге қол қоюға жіберіліп, биыл қарашаның 1-де өз күшіне енуі керек.

"Дербес интернет" туралы заң ресейліктердің шетелге жіберетін мәліметтерін мейлінше азайтуды көздейді. Сонымен қатар, бұл ережеге сәйкес, егер біреулер сырттан Ресейді интернеттен ажыратып тастауға әрекет жасайтын болса, интернет-трафиктің маршруты өзгереді. Яғни, Ресейде ғаламтордың үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз ететін жаңа автономиялық инфрақұрылым жасақталады, ұлттық домейн енгізіледі. Бұған қоса, Ресей мен ғаламдық интернет арасында нүкте алмасу реестрі құрылады. Ал, сол реестрге ену үшін Федералдық қауіпсіздік қызметі жасақтаған талаптарды орындау қажет болады. Тыйым салынған интернет-ресурстарды бұғаттау тәртібі де өзгереді. "Роскомнадзор" байланыс операторларына бюджет қаржысына сатып алынған арнайы техникалық құрылғы таратады. Соны провайдерлер өз сайттарына орнатуға тиіс. Бұл құрылғы сайт арқылы өткен барлық трафикті сараптауға, таразылауға қабілетті. Тағы бір айта кететін жайт, осы құрылғыны пайдалану ережелерін Ресей Федерациясының үкіметі анықтайды.

Заң авторларының сөзінше, бұл шаралар былтыр Америка Құрама Штаттары жаңа әрі "агрессивтік" киберқауіпсіздік ережесін қабылдағаннан кейін мемлекетті қорғау үшін қажет болып отыр. Вашингтон болса, Ресейді 2016 жылы Америкада өткен президенттік сайлауға араласты деп айыптағаны белгілі. Мұны Мәскеу мойындаған емес. Ал, депутаттардың бірі - Николай Земцов "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында мәлімдегендей, Ресей Батыстан келген сыни ақпараттарды шектейтін "рунетте" экс-советтік елдермен де ынтымақтаса алады.

"Шектеулі әрі дербес интернетте біз тек мықты боламыз", – дейді мемлекеттік дума мүшесі.

Ресейде былтыр Telegram мессенджерінің қызметіне тосқауыл қойылды. Алайда, ол әрекет сәтсіздікке ұшырап, Telegram қосымшасын Федерация аумағында миллиондаған адам әлі күнге дейін қолданып келеді.

Мұның бәрі Ресей қоғамын алаңдатып отыр. Өткен айда Мәскеуде сан мың адам шеруге шығып, интернетке еркіндік беруді талап етті. Осы акцияны ұйымдастыруға жәрдемдескен қоғам белсендісі Сергей Бойконың сөзінше, жаңа заңның мақсаты – "ақпаратқа монополия" орнату.

"Агора" адам құқығын қорғау тобының ескертуінше, "дербес интернет" туралы заң – "ғаламтор бостандығына үлкен қауіп". Ал, "Роскомсвобода" ұйымының белсендісі Станислав Шакиров бұл құжатты – "Араб көктемі" мен Украина революциясынан кейін интернетті бақылауға бағытталған айтарлықтай қадам деп атады.

"Кеңес одағында бұқаралық ақпарат құралдары, телеграф мейлінше бақылауда болды. Ол заман өтті. Бірақ, сол шектеу қазір интернетке оралып жатыр", – дейді Бойко.

Оның болжамынша, бұл заңның талабы бойынша, сайттарға ақпаратты сүзгіден өткізетін құрылғы орнатылатын болса, Ресей интернеті жылдамдығын жоғалтып, қарқынды дамып келе жатқан технологиялық сектордың жолы бөгеледі.

Осыған дейін Ресей өз азаматтары туралы кейбір мәліметтердің ел аумағындағы серверлерлерде сақталуын талап етті. Оғаен құлақ аспаған LinkedIn әлеуметтік желісіне 2016 жылы тыйым салынды.

Интернетке бақылауды күшейте отырып, Мәскеу Қытайдан үлгі алып отырғандай. Қытайда 700 миллиондай интернет қолданушы жіті мониторинг пен қатаң бақылауда. Сол үшін Бейжің "Ұлы Брангдмауэр" деген автоматтық фильтрлеу жүйесін қолданып отыр. Бұл жүйе негізінен саяси контент пен құмар ойындарына, порнографияға тосқауыл қояды. Сонымен қатар, қытайлықтарға Facebook, Google, Twitter тәрізді батыстық интернет сайттарды қолдануға жол жоқ. Есесіне, жергілікті Tencent алыбына нарық әрдайым ашық.

Қытайлық реттеушілер Weibo сияқты микроблогтарды жіті қадағалап, оларға жалған ақпаратты жоятын механизм жасауға бұйрық берді. Сондай-ақ билік интернет-фильтрлерді айналып өтетін компьютерлік бағдарламалармен де күрес жүргізіп жатыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу