Ресей мен Украина шиеленісінің Қазақстан экономикасына әсері қандай?

3283

Кеше Ресей Президенті Владимир Путин Украинаның Донецк және Луганск облыстарын тәуелсіз ел ретінде мойындап, олармен достық, ынтымақтастық және көмек көрсету туралы келісімдерге қол қойды. 

Ресей мен Украина шиеленісінің Қазақстан экономикасына әсері қандай?

Іnbusiness.kz тілшісі "РФ мен Украина арасындағы шиеліністің ушығуы Қазақстан экономикасына әсерін тигізе ме" деген сауалды сарапшыларға қойып көрді.

Экономист Мақсат Халық Владимир Путин мәлімдеме жасап,Украина мен Батыс елдеріне қыр көрсетіп отыр деген пікірде.

"Осыған дейін де Украинаның Луганск пен Донбасс облыстары Киевке бағынбаған. Сондықтан мен Қазақстан экономикасына әсер ететіндей қатты өзгерісті көріп тұрған жоқпын", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, Ресей президентінің шешімі рубль бағамына әсерін тигізген.

"Бұл жағдай Ресейдің қор нарығына кері әсерін тигізді, 15-20%-ға дейін құлдырау байқалып жатыр, әрі 1 доллар шамамен 80 рубль (430 теңге) болды. Алдағы уақытта АҚШ пен Еуропа елдері Ресейге қайта санкция салуы мүмкін. РФ-ны SWIFT-тен (банк карточкасы арқылы жүзеге асырылатын ақша аударымдар жүйесі) айырамыз деген мәселе көтерілді. Егер Ресей аталған аударым жүйесінен шығарылса, онда бұл елдің қаржы жүйесінде хаос болады. Менің ойымша, бұл Батыс елдері қабылдайтын соңғы шешім шығар", – деді Мақсат Халық.

 

Ол Ресейге жаңа санкциялар салынса, рубль құнсызданатыны анық деген пікірде.

"Бұл жағдай теңгеге әсерін тигізеді, қысым болатыны анық. ҚР Ұлттық банкінің теңге бағамын ұзақ мерзімде ұстап тұруға резервтердің жеткіліксіздігін мойындау керек. Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық банк интервенция жасап, теңге бағамын тұрақты ұстағаны белгілі.  Бірақ мұның ұзаққа созылмайтыны түсінікті. Сондықтан теңгеге қысым болады", – деді сарапшы.

Экономикалық шолушы Юрий Масанов Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің ұшығуына қарамастан, Қазақстанның қор нарығында (KASE) айтарлықтай өзгеріс жоғын атап өтті.

"Қор нарығы демалыстан кейін жұмысын енді бастап жатыр. Алайда бүгін сағат 11.00-де ұлттық валюта долларға шаққанда шамамен 431 теңге болды, өсім жалғасуы мүмкін", – деді сарапшы.

Оның пікірінше, барлығы Қазақстанның қандай шешім қабылдап, қандай позиция ұстанатынына байланысты.

"Бүгін таңертең Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның ресми ұстанымы талқыланып жатқанын, алдағы уақытта Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтетінін мәлімдеді. Ол Қазақстанның күн тәртібінде Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындау мәселесі тұрмағанын атап өтті. Мұндай ұстаным Қазақстанға Ресейдің іс-әрекетінен келетін залал мөлшері азайтуға септігін тигізеді, бірақ оның салдары болатыны анық. Себебі Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып саналады, әрі бұл елдің мәселелері елімізге әсерін тигізеді", – деді Юрий Масанов.

Экономист Сапарбай Жұбаев Ресейдің Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындауы Батыс елдерімен байланысты қиындататынын жеткізді.

"Дамыған Батыс мемлекеттері санкцияны ұлғайтады. Салдарынан РФ экономикасының кейбір салалары қиындыққа ұшырауы мүмкін. Себебі Ресей қор нарығында кейбір индекстердің бағасы төмендеп жатыр. Менің ойымша, басқа да индекстер түсуі ықтимал. Бұл теңгенің сәл құнсыздануына алып келуі мүмкін", – деді сарапшы.

Ол рубль мен теңге мұнай бағасына тәуелді екенін атап өтті.

"Саяси шиелініс кезінде мұнайдың қымбаттауы, яғни тауарлық биржаның өсуі байқалып отыр. Мысалы, Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 97 доллар (41 мың 624 теңге, 1 доллар – 429 доллар) болды... Бұл Ресейдің валюталық қорын көбейтеді, әрі санкциялардан келген шығынның орнын толтыруға мүмкіндік береді", – деді Сапарбай Жұбаев.

 

Ол РФ-ға жаңа санкциялар салынған күннің өзінде бұл оның экономикасына айтарлықтай әсерін тигізбеуі мүмкін деген пікір білдірді.

"Соңғы 8 жылдан бері Батыс елдері Ресейге көптеген санкция салды.... Жаңа санкциялар салынған күннің өзінде бұл РФ экономикасына айтарлықтай әсерін тигізеді деп ойламаймын. Себебі Ресей КСРО-ның мұрагері, ол жабық экономикада өмір сүріп үйренген. Әрине, бұл экономикалық жағынан қиын", – деді сарапшы.

Экономист 2014 жылдан бері Ресей бюджетін профицит жағдайында ұстап, табысын көбейтіп, шығынын азайтқанын айтты.

"Осылайша, РФ бүгінде 550-600 млрд доллар көлемінде қор жинап алды деп ойлаймын. Бүгінде РФ экономикасын шығыс елдеріне бұрды... Қытай, Үндістан сынды ірі мемлекеттермен сауда-саттық жасауда, әрі ол Қазақстан және Орта Азия мемлекеттерімен ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа тауарлар бойынша сауда-саттықты арттыруы мүмкін", – деп түйіндеді сөзін Сапарбай Жұбаев.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу