Жаһандық ұйымның өзінің басты міндеттерінде принципшілдік, табандылық, батылдық танытпайтынын, қайта бейжайлыққа, екіжүзділікке салынғанын халықаралық сарапшылар бұрыннан айтып келеді. Мысалы, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға жауапты БҰҰ бас органы – Қауіпсіздік кеңесінде соғыс бастап, көрші елде қантөгіс жасап жатқан ел мүше болып отыр. Бұл ретте сарапшылар Ресейдің БҰҰ-ға мүше еместігіне, тиісінше, онда заңсыз отырғанына назар аудартып келеді. Кеңес одағының мүшелігін Ресейге табыстай салған және ол тиісті рәсімдерден өтпеген.
БҰҰ-ға қатысты тағы бір деректі ресейлік "Важные истории" басылымы жариялады. Оның зерттеуінде айтылғандай, ресейлік "Ланцет" дрон-камикадзелерін жасаушы Александр Захаровтың отбасы Ресейде емес, Лондонда тұрады. Биг-Бен мен Ұлыбритания патшасының Букингем сарайынан бір шақырым ғана жерде, Вестминстер ауданында қымбат пәтерге иелік етеді. Ал өлім себетін қару конструкторының ұлы БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелерін зерттеу институтында жұмыс істеп, табыс табады.
Жылжымайтын мүлік реестріндегі дерек бойынша, камикадзе дрондарының конструкторының әйелі Светлана және кенже ұлы Лаврентий Захаровтар 2018 жылдан бері, яғни Путин "орыс әлемін" қару күшімен құруға кіріскелі Лондонда өмір сүреді. Осы мақсатта олар Ұлыбритания патшалығының астанасында 1,5 миллион фунтқа салтанатты пәтер сатып алған.
Фото: focus.ua
LinkedIn әлеуметтік желісіндегі ақпаратқа сәйкес, Лаврентий Захаров 2016 жылдан бері, яғни 15 жастан шетелде тұрады.
Ол мектепті туған Отанында емес, ресейлік пропаганда бұрыннан "бір соққымен ядролық күлге айналдыруды" қалайтын Ұлыбританияда бітірген. Сонда жоғарғы білім алыпты. Алдымен Лондон Университеттік колледжінде саясат, әлеуметтану және Шығыс Еуропаны зерттеу бакалавры дәрежесін иеленді. Содан кейін Лондон экономика мектебінде Конфликтология магистрі дәрежесіне қол жеткізген.
Әкесінің беделінің және қаржысының арқасында 2021 жылғы шілдеден бері бірден Біріккен Ұлттар ұйымына жұмысқа тұрады. Жаһандық ұйымның Нью-Йорктегі және Римдегі агенттіктерінде түрлі лауазымдар атқарған. Ал 2023 жылғы мамырдан бері БҰҰ қарусыздану мәселелерін зерттеу институтында (UNIDIR) қызмет етеді. Бұл институт швейцариялық Женевада орналасқан.
Институттың дерегінше, Лаврентий Захаровтың зерттеу нысанасына әлем бойынша қаруды және оқ-дәрілерді басқару, минасыздандыру және гуманитарлық көмекті жеткізу кіреді. Мұның астарында Ресейге тыйым салынған әскери және қосарлама мақсаттағы техника мен технологияларды айналма жолдармен жеткізу жатпағанына кепілдік жоқ.
Фото: storage.googleapis.com
Дәл осы кезде оның әкесі Александр Захаров қантөгістен қаржы табуын қарқынды жүзеге асыруда. Ол 15 жылдан астам уақыттан бері ресейлік аса тиімді, снарядтарды нысанаға дәл жеткізетін "Ланцет" камикадзе дрондарының түрлі модификацияларын әзірлеумен, өндірумен, жетілдірумен айналысып келеді.
"ЦСТ" компаниясы "Калашников" концернінің құрамына кіреді, бірақ оның акцияларының бақылаушы пакеті А.Захаровтың меншігінде. Бұл компания шығарған әскери дрондар Сирия халқын да қынадай қырғанын шетелдік басылымдар жазды.
Ресейлік басылымның атап өтуінше, Захаровтың компаниясы Украинадағы соғыс басталған 1,5 жыл ішінде РФ Қорғаныс министрлігіне беспилотниктер сатудан кем дегенде, 5,3 миллиард рубль табыс тапқан.
Өз кезегінде Ұлыбритания ЦСТ компаниясына қатысты санкциялар енгізді. Бірақ қалай екені белгісіз, оның негізін қалаушы және басқарушы Захаров та, оның отбасы да санкцияға ілікпеді.
Ал бұл қанқұйлы өндіріс – Захаровтардың отбасылық бизнесі көрінеді. Осы орайда ресейлік басылым конструктордың әйелі Светлана да, сонымен қатар оның екі үлкен баласы, яғни ұлы Никита және қызы Мария да әкесінің бизнесіне қатысатынын еске салды. Нақтылағанда, Никита және Мария ЦСТ-ның басты жеткізушілері болып табылатын компанияларға иелік етеді.
"Важные истории" Батыстағы биік лауазымдар тізгінін ұстаған кенжесі Лаврентийдің әкесінің бизнесінде қандай рөл ойнайтынын анықтай алмапты. Дегенмен, оның БҰҰ құрылымдарындағы табысы Лондондағы аса қымбат баспананы сатып алуға жетпейтініне назар аудартады.
Журналистер түсініктеме сұрап, Светланаға да, кішісі Лаврентийге де жүгініпті. Олар елемеген, жауап қатпаған екен. Соған қарағанда ары жанын азапқа салмайтын болса керек.
"Важные истории" тағы бір жайттың бетін ашты. Украинаға Батыс елдері, одақтастары берген танктерге, бронды техникаға, гаубицаларға, ПВО, артиллерия, радар және басқасына майдан даласында қырғидай тиіп, түгін қоймай жойып жатқан "Ланцеттерге" бөлшектер негізінен Қытайдан, ішінара Еуропадан жеткізіледі.
Зерттеуде айтылғандай, дрондардың бөлшектері өзге елдердің атын жамылған делдал компаниялардың көмегімен Қытай, Германия, Франция, Үндістан нарықтарынан тасылады. Зерттеушілер мысалы, дрондардың қозғалтқыштары, болт, гайка сияқты ұсақ бөлшектері тікелей Қытайдан әкелінеді деп отыр.
Украиналық әскерилер ресейлік қару ішіндегі ең бір тиімдісі "Ланцет" екенін мойындап, оған жиі шағымданады. Украиналық сарапшы Александр Коваленко бұл дрондарды "әскери қимылдар аймағының қасіреті" деп атады.
Ресейдің Украинадағы соғысы ұзаған сайын Захаровтар да байи түспек. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, өткен жексенбіде Ресейде "Ланцет" дрондарының жаңа нұсқасы таныстырылды. Ол "Убийца ПВО" деген бейресми атау алып отыр.
Ресейлік конструкторлардың сендіруінше, ұшыру жүйесінің жетілдірілуі нәтижесінде енді РФ армиясы Украина қалалары мен әскерін "Ланцет" дрондарының тұтас үйірімен шабуылдай алады. Ресейлік дрондар да ирандық "Шахедтер" сияқты ұшыру қондырғысынан автоматты түрде, бірінен соң бірі ұшырылатын болады. Тиісті видеоролик ғаламторда жария етілді.
РФ конструкторларының сендіруінше, ZALA Aero компаниясы жасап шыққан ұшыру қондырғысының арқасында "Ланцет" камикадзе дрондары үйірімен қатар ұшып, кез келген әуе қорғанысы жүйесін бұзып өте алады.
Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, дрон-камикадзенің жаңа моделі қанаттармен және "құйрықпен" жасақталды. Олар автоматты түрде ашылады немесе жиналады. Осы арқылы қарсыластың алыс тылына жете алады.
Бұған қоса, оларды ұшыру үшін конструкторлар контейнерлік ұшыру қондырғысын ойлап тапты. Ол операторға бір мезгілде бірнеше "Ланцет" беспилотниктерін ұшыруға мүмкіндік береді.
Ресейлік әскери сарапшы Денис Федутиновтың айтуынша, осы арқылы Украинадағы батыстық танктер мен басқа да озық әскери техникаға, тіпті тылда тығылғандарына бірнеше дрон қатар шабуылдай алады. Яғни, құтылуына мүмкіндік қалдырмайды. Себебі, конструкторлық өзгерістер нәтижесінде ресейлік дрондардың ұрыс қабілеті, маневрлігі айтарлықтай арттырылып отыр.
Болашақта Захаровтармен сыбайлас ZALA Aero конструкторлары жетілдірілген "Ланцеттер" үйірін "ортақ мимен" – нейрожелімен жабдықтауға ниетті. Бұл жағдайда егер әуеде қалықтап жүрген беспилотниктің біреуі маңызды нысананы байқаса және соны шабуылдауға бағытталса, онда басқалары оның координаттарын тез біліп, соңынан еретін болады. Бұдан бөлек, ресейлік конструкторлар камикадзе дрондарды бастапқы жүктелген маршрутпен шектелмей, нысананы саналы түрде таңдауға үйретпек. Сол арқылы "олар бірнеше нысананың ішінен қайсы объектіні жою қарсыласқа көбірек залал келтіретінін өзі таңдайды".
В.Путин дрондар өндірісін Ресейдің барлық өңірінде, барлық әлеуетті алаңдарда жолға қоюды жүктеді. Қазірдің өзінде Ресей беспилотниктер өндірісі жөнінен Украинадан көп алға озып кетті және алда бұл қарқынын тек өрістете бермек.