Республикалық бюджет қайта қаралады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5086

Мұнайдың әлемдік бағасының құбылуы үкіметті әбігерге салды.

Республикалық бюджет қайта қаралады

Үкімет биылғы бюджеттің параметрлеріне өзгеріс енгізіп, көлемін көбейтуді көздеп отыр. Бұған мұнайдың әлемдік бағасының құбылуы себеп болды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленовтың айтуынша,  2018 жылғы бюджетте мұнай бағасы барреліне 45 доллардан бекітілген. "Бүгінде мұнайдың 1 баррелі 60 доллардан асып тұр. Ал БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қорының ортақ болжамы 58 доллар төңірегінде. Қазір біз биылғы бюджетте қандай баға бекітетінімізді қарастырып жатырмыз", – деді Руслан Дәленов

Бірінші вице-министрдің мәлімдеуінше, алдағы уақытта экспорт көлемі ұлғайып, өнеркәсіп қарқыны артады. Яғни бұл бағыттарда да бюджетке түзету енгізіледі.

"Республикалық бюджет қай күні нақтыланатынын айта алмаймыз. Қазір қаржы министрлігі үкімет қабылдайтын шешім үшін ұсыныс әзірлеп жатыр", – деді ол.

Айта кетейік, дәл қазір  Лондон, Нью-Йорк биржаларындағы мұнайдың бағасы ауыспалы болып тұр.  Көбінесе баға төмен тартып жатыр.  

Соңғы сауда нәтижесінде ICE Futures Лондон биржасында сәуір айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері бір баррельге 0,2 долларға дейін арзандап, 62,59 долларды құрады. Ал Нью-Йорк тауар биржасында  WTI маркалы жеңіл мұнайдың наурыз айындағы фьючерсі бір баррель үшін 0,09 доллардан жоғалтып, ақшалай эквивалентте 59,29 долларға пара-пар болды.

Дүниежүзі мұнайдың бағасына көз тіккен тұста біздің ел төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі күн тәртібіне қойды. Президент пәрмен еткен соң энергетика министрі Қанат Бозымбаев қауырт қимылдай бастады. Осының айқын дәлелі болар, үкімет отырысында министр  төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы бойынша жаңа жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.

"Төртінші МӨЗ құрылысы бойынша халықаралық сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен бұрын құрылған жұмыс тобы МӨЗ-дердің жаңғыруынан кейінгі автобензин, дизельдік отын және әуе керосин өндірісі бойынша тұтыну болжамының толық талдауын жасады. Жұмыс қорытындысы бойынша МӨЗ-дердің жаңғыруынан кейінгі жанар-жағармай өндірісінің ұлғаюы, ішкі нарықты толығымен қамтуы орта мерзімге ғана жетілмек. Болжамды тұтынушылықты есепке алғанда автобензин тапшылығы 2021-2023 жылдары, дизельдік отын 2023 жылға қарай, әуе керосинінің тапшылығы 2026 жылға қарай пайда болуы мүмкін", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, төртінші МӨЗ болашақта болуы ықтимал тапшылық пен сұранысты қанағаттандыру үшін қажет.  

"МӨЗ-дің құрылысы мен қаржыландыру нұсқалары, мерзімдері, әлеуетті инвесторлармен келіссөз жүргізу үшін жаңа жұмыс тобы құрылып жатыр.  Алдағу уақытта жұмыс тобының жол картасы әзірленеді. Ол 15 ақпанда ведомствоаралық комиссияның отырысында бекітуге ұсынылады", – деді Қанат Бозымбаев.

Мұнай мәселесі сөз болғанда ОПЕК-ті айналып өту мүмкін емес. Осыған орай, халықаралық ұйымның қазіргі болжамына шолу жасағанды жөн көрдік.

Бүгінге дейін ОПЕК әлем бойынша 2018 жылы мұнайға деген сұраныс тәулігіне 1,53 млн баррель болады деген деректі алға тартып келді. Таяуда ұйым бұған дейінгі дерегіне өзгеріс енгізіп, болжалды сұраныс тәулігіне 1,59 млн баррель болуы мүмкін екенін жариялады. Бұған қоса ОПЕК өткен жылы мұнайға деген әлемдік сұраныс тәулігіне 1,57 млн баррель емес, 1,6 млн баррель болғанын мәлімдеді.

ОПЕК-тің болжамынша, 2018 жылы ұйымға мүше емес мемлекеттер мұнайға деген сұранысты тәулігіне 59,26 млн баррельге дейін арттырады. Нәтижесінде бұл көрсеткіш жыл соңында тәулігіне 1,4 млн баррельге жетеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу